«Егер әкем тірі болса мен қандай болатын едім деп ойлаймын»: Әли Оқапов ата-анасы, бөлек тұруының себебі мен эстрада туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

Отандық әнші Әли Оқапов 9 қарашада Алматыда Республика сарайында жеке концертін беріп, шығармашылығындағы соңғы жаңалықтармен халықпен бөлісті. Stan.kz тілшісі өнерпазбен кездесіп, есептік кеші, аты аңызға айналған ата-анасы, қашан үйленетіні туралы сауал қойып, сұхбаттасып қайтты. 

Әли, күні кеше Республика сарайында жеке концертіңіз өтті, зал толды ма? Көңіліңізден шықты ма?
Әншінің басты парызы — сахнаға шығу және көңіл-күй сыйлау. Концертте халық жинау, әрине, оңай емес. Басқа әншілер секілді мен де қорықтым. Өйткені қаншама хит әндерді орындап жүрген әншілердің өзі кейде концертінде залды толтыра алмағанда өзім сол жерде отырғаныма ыңғайсызданғанмын. 
Концерт өз-өзін ақтай алды ма?
Ақталған жоқ, мұндай деңгейдегі концерт еш уақытта өз-өзін ақтай алмайды. Тіпті әлі күнге дейін қарыздарым бар. Бірақ концерт беру үшін қарызданғаным мен үшін маңызды емес. Ал сенің қалдыратын ізің — мәңгілік. Концерт өзін ақтауы үшін кем дегенде 40-50 мың теңгенің билеттерін сатуың керек. Біз ондай бағада концерт бере алмаймыз. Халық оған дайын емес. 

Қазір той әндерін айтып жүрген әншілер ауқатты, танымал болып келеді. Ал шын дауыс иелерін тыңдаушылар аз. Халықтың талғамын қалай өсіруге болады?
Бірінішден, барлығы үшін жауап беруге болмайды. Екіншіден, 60 пайызы қалада, 40 пайызы ауылда тұрады. Сіздер тек қана қазақтарды немесе ауыл тұрғындарын бүкіл халық деп есептейсіздер. Ол дұрыс емес. Тіпті эстраданың әншісін танымайтын адамдар да бар. Қазақ әншілерінің ішінде той әндерін айтатындар халыққа жақын. Әрине, олар танымал болып көрінеді. Меніңше, әр әнші халықтың мәдени деңгейін көтеру, музыка талғамын өсіруді мақсат ету керек. Бірақ көп әншілер ондай мақсат қоймайды. Жасыратын ештеңесі жоқ, кейбіреулер шығармашылыққа табыс көзі ретінде ғана қарайды. Егер табыс көзін ойласаң, онда неге басқа салаға кетпеске деп ойлаймын.
Сіздің негізгі табыс көзіңіз не?
Сахна, өнер. Басқа бірде-бір жеке кәсібім жоқ. Кейде концерттер жүргіземін, кейде актерлық жұмысымды атқарамын. Соның арқасында күн көріп жүрмін. Атымды да пайдаланып жатқан жоқпын. Ондай ұсыныстар келеді, бірақ бірден бас тартамын. Өзім білмеген нәрсені халыққа еш уақытта жарнамаламаймын. 

Әли, қазір анаңызбен бауырыңыздан бөлек тұрады екенсіз. Не себеп болды екен?

Бұл — анамның шешімі. 26 жасымнан бері бөлек тұрамын. «Балам сен ер жеттің, бүгін-ертең үйленіп жатсаң өз үйің болады» деп ұсыныс жасады. Мен де келістім. Бірақ кейін қайта бірге тұрамыз деп жатса да, қарсылық білдірмеймін. Бөлек тұрғанның бір пайдасы – анам, Мәди үшеуміз бір-біріміздің өмірімізге кедергі келтірмейміз. Өйткені кейде мен достарымды шақырғым келуі мүмкін. Немесе үйге қонақ келіп қалғанда мен демалып жатуым мүмкін деген сияқты. Ондай кезде қонақтан ыңғайсыз. Сол себептен де бөлек тұрған да дұрыс. Кейде бір үйде тұрсақ та біз бір-бірімізді апталап көрмейтінбіз.
Анаңыз үйленгеніңізді күтіп жүр ма?
Ол да мүмкін, жасым да келді. Біреудің жеке өміріме қызыққанын ұнатпаймын. Кейде «Жұлдызды бойдақтар» деп шығарып жатады ғой. Бірақ сол топқа кіру мақтанатын нәрсе емес. Ұят. Бұл сенің жүріп қалғаныңды көрсетеді. Әлі әке емессің. Не балаң, не жанұяң жоқ. Ата-анаңның алдында парызыңды өтеген жоқсың. Біреулер мені бойдақтықпен қоштасқысы келмей жүр деп ойлайтын шығар. Бірақ ондай емес. Үйлену оңай, үй болу қиын. Үйленген соң ертеңгі күні ажырасып кетпейтіндей болу керек. Сол жағынан дұрыс қыз табу керек.
Дұрыс қыз қандай сонда?
Тәрбиелі, мәдениетті болуы керек. Қарапайым жігіттер үшін барлық қыздар дұрыс. Бірақ біз әртіспіз. Дұрыс қыз кейде біздің өмірді түсіне де алмауы мүмкін. Ол сенің жұмысыңды, жүрген жүрісіңді, тапқан табысыңды, ай сайын жалақы болмайтынын, танымалдылығыңды түсіне білуі тиіс. Роза Рымбаевадай енесі бар. Оған лайықты болуы үшін де жәй ғана дұрыс қыз болуы жеткіліксіз. 
Болашақ жарыңызды шыққан тегіне мән беретін болып тұрсыз ғой…
Жоқ, шыққан тегіне, ұлтына байланысты емес. Оның адами қасиеттеріне мән беремін. Біз үшін дұрыс қыз жәй ғана кіріңді жуып, тамағыңды дайындап отыратын әйел емес. Егер сол үшін әйел керек десең, онда үйленбеуге де болады. Қызметкерлерді жалдап-ақ жұмысыңды істете бересің. Ертеңгі күні ажырасып жатсаң, халықтың алдында мәңгілікке әңгіме боласың. Біз — қасықтап абыройын жинаған жанұямыз. Оны бір секундта жоққа шығаруға болады. Сондықтан не нәрсе болса да, әкемнің аты үшін, анам, інімнің болашағы үшін қорқасың.
Осындай кезде әкенің ақылын аңсайсыз ба?
Әрине, қазір білмеймін, бірақ 16-17 жаста ұл балаға әкенің қолдауы қажет. Өйткені сол кезеңде көп сұрақтарға жауап ала алмайсың. Ешкім сені түсінбейді, тыңдамайтын сияқты болып көрінеді. Сен не бала, не еркек емессің. Ол кезде болашақта кім болатыныңды шешуің керек болады. Осы уақытта әкенің қолдауы қажет. Қазіргі кезде білмедім, өйткені бірдеңе қылып әкесіз өстік, мінез де қалыптасып қойды. Енді оны ешкім де өзгерте алмайды.
Әкесіз өскеніңізді өкінішпен айтуға келе ме?
Өкініш бар, әрине. Егер әкем тірі болса, мен қандай болатын едім деп ойлаймын. Бәлкім, бұдан да биік жетістіктерге жетер ме едім? Бірақ қанша өкінсем де, тағдырым осы болды. Сонымен өзім іштей келістім. Анама тірек, ініме аға және әке болатынымды қабылдадым. Кейде ғаламторда «анасының баласы, анасының арқасы» деген пікірлерді көремін. Осы жасқа жеткенде әкесі жоқтарға анасының баласы деп айту әлдеқайда оңай екенін түсіндім. Егер әкесі тірі болып тұрып, «мамасының баласы» десе ренжуге болады. Ал әкесі жоқтарға «мамасының баласы» деп айту орынсыз. Бәлкім, сіздің әкеңіз бар шығар. Бірақ сіздер біз сияқты әкесіз өскен жоқсыздар. Бізге біреу тиіссе, ешкімге айта алмадық. Өйткені қорғайтын әкеміз болмады. Біздің орнымызда сіз болмадыңыз, не сезіндік білмейсіз, оны бастан кешірмедіңіз. Сол себептен де жаңағыдай пікірлерге мән бергім келмейді.
Әкеңіз белгілі адам болды ғой. Нені жиі еске аласыз?
Әкем қайтыс болғанда сегіз жаста едім. Сол себептен көп дүниелер есімде қалмағаны анық. Бірақ әкемнің әріптестері, достары, туыстар ол кісі туралы естеліктерін әлі күнге дейін айтып отырады. Менің мінезім, түр-келбетім әкеме ұқсаған екен. Әкем өте сабырлы, көп сөйлемейтін адам болған. Өз ойын екі-үш сөзбен ғана жеткізетін. Кәсіби адам болыпты. 
Сіздің анаңыз кәсіби тұрғыда пікір айтып жатса, халық жабыла келіп сынайды. Сондайда ренжисіз бе?
Кейде айтылған пікірді толық бермей, бір сөзін ғана жұлып ала салады. Сондайда журналистерге, мәтіннен өздеріне хайп жинайтын пабликтерге ренжимін. Содан кейін көп оқырмандар сол пікірді айтып отырған кісі аңыз адам екенін ұмытып қалады. Егер Роза Рымбаева өз пікірін айта алмаса, онда басқа кім айтады? Біздің Конституция бойынша әр адам пікір айтуға құқылы. Басқалар келісе ме, жоқ па, ол маңызды емес. Әрине, айтылған әр сөзіңе жауап бересің. Сондықтан да байқап сөйлеген дұрыс. Сұхбат бергенде сөзіңді арасынан жұлып алуына мүмкіндік бермеуің керек. 
 

Сұхбаттасқан Анар Дәукен

stan.kz