«Егер айтсаң, бауыздаймын деп қорқытты»: Ақтөбеде қызын 1-сыныптан бастап зорлап келген әкенің оқиғасы — Қазақстан жаңалықтары

0

Ақтөбе облысында өгей әкесі үш жыл бойы өгей қызын қорлап келген. 10 жастағы қыз болса, еркектің «өлтірем, бауыздаймын» дегенінен қорқып, ешкімге тіс жармапты.

Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Сорақы жайт жабулы қазан күйінде қалар ма еді, кім білсін? Бүлдіршін денсаулығының болмай тұрғанын айтқанда барып, ұстаздары оны дәрігерге қаратыпты. Сынып жетекшісі бүлдіршіннің 1-сыныптан бастап жыныстық қатынасқа тартылғанын айтып отыр. Айуандыққа барған еркектің жазасы қандай болмақ? Күйеуінің қызын қорлап жүргенін анасы білді ме? 

Сорақы жағдай тұрғындары бірін-бірі танитын шағын ғана Қарлау ауылында болған. Бүлдіршіннің туған шешесі мен өгей әкесі елді мекен шетіндегі шаруа қожалығында мал баққан. Ал балалар ауыл мектебіне қатынап оқыған. Өз әкесі еместігі екенін білгеннен кейін сынып жетекшісі үнемі қыздан жағдайын сұрап тұратынмын деп отыр. Алайда, титтей бала сыр ашпапты. 

«Үнемі жаңағы сұраған кезде тиіспейді, тиіседі деп айтқан жоқ. Қазіргі кезде мені үнемі қорқытып қойды, апайларға айтсаң өлтірем, қылқындырам, бауыздаймын» деп қорқытып қойған. Сондықтан, айтпайды екен», — деді сынып жетекшісі Амансұлу Арғынбаева. 

Айуандығы жайлы айтып қояды деп қорыққан болуы керек, ойын баласын мектепке қатар барып жүрген сыныптастарына да қоспайтын болған. Кішкентай қыз орнынан қозғала алмай, жүрудің өзі мұң болған жерінен мұғалімі оны ауылдағы медбикеге тексерткен. Медбике баланы сырттай бақылағанымен, ауылдық округтегі амбулаторияға тексертуге кеңес береді. 

«Шабым ауырады деп келді, 13-і күні түнде шақыртты. Апайының шақыруы бойынша. Қарадым, ол кезде ол жатты. Апайы шабы қатты ауырды мына қыздың деді. Апайына айттым Бөгетсайдағы дәрігерге апарыңыз ертең дедім», — деді медбике Рысжан Алдасүгірова. 

«Қыздан сұраған кезде, сонда барып айтқан. «Иә, мені зорлады» деп. Қай кезде зорлады деген кезде ол қысқы каникулға барған кезде зорлады деген. Ал енді одан кейінгі тергеу барысында ол 1-кластағы каникул кезінен бастап мені зорлап келе жатыр деп жауап берді», — деді мұғалімі.

Өрімдей қыздың өміріне балта шапқан еркек 32 жастағы келіншектің азаматтық некедегі күйеуі екен. Ортақ бір балалары бар. Ал қалған үшеуі — бірінші некесінен дүниеге әкелген ұл-қыздары. Олардың әкесімен ажырасып кеткен. Зәбір көрген оқушыны бауырларымен бірге ауылдағы интернатқа орналастырған. Әбден қорқып қалған баламен психологтар жұмыс істеп жатыр. 

«Қазір баланың жағдайы жақсы, сабаққа қатысып жүр. Кластан тыс шараларға қатысады, болды!», — дейді педагог.

Осы жағдай себеп болды ма, жоқ па, ауылдық округтегі білім ордасының директоры ауысқан екен. Айта кетсек, оқушы сол мектепте бірінші сыныпты тәмамдаған. Ал директордың міндетін атқарып жүрген басшы қазір оқиғаға қатысты ештеңе айта алмаймын деді. 

«Айтып тұрмын ғой, болды, ешқандай ештеңе бере алмаймын мен. Мен әлі дұрыс сайланған да емеспін. Мен ештеңе білмеймін», — дейді жаңа басшысы.

32 жастағы келіншек қаладағы дағдарыс орталығында жатыр. Онымен де мамандар әңгімелесіп жатыр. Сынып жетекшісі болса анасынының бұл сұмдық жайттан хабарсыз болды дегеніне күмәнданатынын айтты.

41 жастағы ер адам қазір тергеу изоляторында қамауда отыр. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы бойынша іс қозғалған. Егер күдіктінің кінәсы дәлелденсе, 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

 

stan.kz