ЕАЭО-ға мүше болу арқылы жағдайымызды қиындата түстік
Осы айда Санкт-Петербургте Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) жоғары кеңесінің отырысы өтіп, бірқатар мәселелер қаралған. Жиында сөз сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин одақ жұмысының «аса табысты» өрбіп жатқанын айтыпты. Алайда шын мәнінде дәл олай екеніне күмән баршылық. Мұндай көзқарастың бар екенін Беларусь президенті Александр Лукашенконың пікірінен байқадық. Ол ашық отырыс кезінде Владимир Путинмен біраз сөз таластырып, пікір қайшылығы бар екенін анық байқатты. Бұл ретте Лукашенко Ресей қойып отырған газ бағасының қымбат екеніне реніш білдірді.
«Газпром» Ямал-Ненецкий АҚ-дан Беларусь шекарасына дейін газ жеткізіп бергені үшін 100 шақырымға мың куб метр 3 доллардан саудалайды. Ал Ресей ішіндегі тариф – 1 доллар көлемінде ғана. Яғни, үш есе төмен. Баға мәселесіне келгенде Қазақстан да осы жағдайды бастан кешіріп отыр. Осыны есепке алатын болсақ, Смоленск облысымен шекараласатын біздің елде газ бағасы мың кубқа 130 доллардан сатылады. Ал сол Смоленск облысындағы тұтынушылар үшін көтерме баға – 70 доллар. Екі есе төмен. Мұндай жағдайда қалай бәсекелесуге болады?» деген болатын Лукашенко.
Осыдан соң елімізге белгілі қаржыгер маман Расул Рысмамбетовке хабарласып, ЕАЭО-дағы Қазақстанның жағдайы туралы аз-кем сұхбаттастық. Маманның айтуынша, Қазақстан одаққа мүше болу арқылы көп нәрседен ұтылуда. Бұл – біздің экономикаға елеулі зиян келтіретін фактор. Қазіргі таңда Қазақстанның ЕАЭО-мен сауда балансында теріс сальдоның үлесі басым. Оның минус 5,2 млрд доллары Ресеймен арадағы саудада пайда болған. Теріс сальдо дегеніміз – импорт көлемінің экспорттан асып түсуі.
– Қазақстанның ЕАЭС-пен сауда балансындағы кері сальдо туралы ойыңыз қандай? Бұл біздің экономиканың жеңілісі ме?
– Қазақстанның экономикасы ұзақ уақыттан бері әлсіреп жүрген және тепе-теңдік жойылған. Шикізат саласының өзге салалардан басым болуы ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатыр. Бұл уақыт аралығында Ресей өз экономикасын әртараптандыруға мәжбүр болды. Енді келіп біздің елдер баж салынбайтын бір одақ аясында біріккеннен соң ресейлік және беларусиялық өндірушілер біздің өндірушілерден басым түсе бастады. Сондықтан бұл елдермен сауда балансының теріс көрсеткішке шығуы таңғалатындай жағдай емес. Көршілерімізге мұндай экономикалық басымдықты өз қолымызбен беріп қойдық. Сөйттік те өз өндірушілерімізді қиын жағдайда қалдырдық. Иә, мұндай проблема бізде ЕАЭО-ға кіремін дегенше де болған. Алайда одаққа мүше болу арқылы жағдайымызды одан әрі қиындата түстік.
– 5,3 млрд долларды жоғалту біздің экономикаға қандай зардабын тигізуі мүмкін?
– Халықаралық экономикада пайда табу және пайдадан қағылу қалыпты құбылыс. Жалпы алғанда шикізат экспортының арқасында Қазақстанның сауда балансы оң көрсеткішке ие. Алайда егер күні ертең мұнай бағасы құлдырап кететін болса онда бізге шығындарды мейлінше қысқартып, экономикамыздың басқа да салаларын дамытуға тура келеді. Сол кезде барып біз ЕАЭО-дағы ішкі саудада қаншалықты ұтылып жатқанымызды аңғаратын едік. Сол себепті, барынша отандық өндірісті жетілдіре түсуге күш салып, ЕАЭО-ға өз өнімдерімізді экспорттауға қазірден кіріскен абзал. Біз осы одаққа мүшелікке кірген кезде бұл қадам біздің өндірушілер үшін нарықты кеңейте түседі деп уәде берген болатын. Ал қазір қалай болып отырғанына өздеріңіз куәсіздер.
– Қазақстан импорттан экспорт көлемін жоғарылату үшін қандай қадамдарға бару керек? Одаққа қандай талаптар қойғаны жөн?
– Одақ ішіндегі сауда балансының біздің пайдамызға шешілуі бұл сол одақтың тікелей өзіне емес, біздің елдің экономикалық құрылымына байланысты. Ресейлік және белорусиялық өндірушілермен терезесі тең жағдайда бәсекелес бола алу үшін шикізаттық емес салаларға көңіл бөлу керек. Бұл ретте нұсқаның бірі – тамақ өнеркәсібін жоғары деңгейде дамытып, ЕАЭО-дан тыс – Таяу Шығыс және Қытай елдеріне қарай экспорттауды бастау.
Иә, экспорт бізде артып келе жатыр. Дегенмен импорттың салмағы басып кетуде. Оның үстіне кеденнің болмауына байланысты шекара маңындағы саудаға да бақылау жасау қиын. Осылайша, біз Ресейдің жағдайын жасауға үлес қосып жатырмыз. Былайша айтқанда, шетелдік өндірушіні қолдауға жұмсалған әрбір тиынымыз – бізді банкротқа жақындата түседі.
Рахмет!
Еске салсақ, ЕАЭО-ға қазіргі таңда Ресей, Қазақстан, Армения, Қырғызстан және Беларусь елдері мүше. Жақында бұл қатарға Молдова қосылуы мүмкін. Өткен жексенбіде ол елде референдум өтіп, халықтың 42 пайызы мемлекеттің ЕАЭО-ға мүше болуын жақтап дауыс берген. Ал 39 пайызы елдің Еуроодаққа мүшелікке қабылдануын жақтайды екен.
Жақын арада ЕАЭО елдері арасында трансшекаралық есептеулер үшін ортақ валюта енгізілуі мүмкін. Одақ басшылығы аталған валютаның электронды нұсқада жүзеге асатынын айтқан. Дегенмен жаңа валютаның курсы мүше-мемлекеттердің ұлттық валюталарының курсына тікелей тәуелді болмақ.