ЕАЭО елдері үшін біріңғай ақпараттық ресурс құрылады

0
25

Еуразиялық экономикалық комиссия агроөнеркәсіптік сектор үшін маңызды жобалары бар ақпараттық ресурстарды жасаумен айналысады

НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін маңызы зор ірі инвестициялық және инновациялық жобалардың картасы пайда болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бірыңғай ақпараттық ресурс құру туралы шешім 29 сәуірде ЕЭК кеңесінің отырысында қабылданды. Оны одақ елдерінің үкімет басшылары деңгейіндегі келесі үкіметаралық кездесулердің бірінде қолдайды деп күтілуде.

Комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені бойынша алқа мүшесі (министрі) Артак Камалян «Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту картасы» деп аталатын ресурста үш бөлім болатынын мәлімдеді.

Олар:

  •  ЕАЭО елдерінде жүзеге асырылатын немесе іске асыру жоспарланған ауыл шаруашылығындағы ірі инвестициялық және инновациялық жобалар туралы ақпарат;
  • АӨК ресурстық қамтамасыз ету және импорт алмастыру үшін жобаларды іске асырудың мақсатты бағыттары туралы мәліметтер;
  • ЕАЭО-да импорттың үлкен үлесі байқалатын ауылшаруашылық тауарлары мен ресурстар туралы мәліметтер.

Оның айтуынша, мұндай карта ЕАЭО мемлекеттерінің әрқайсысында тұрақты ауылшаруашылық дамуын ұйымдастыру мен жалпы ауылшаруашылық нарықты қалыптастыруда интеграциялық әлеуетті тиімді пайдалануға көмектесетін жан-жақты ақпараттық ресурс болады.

Картаға қандай жобалар енеді

Картаға жалпы аграрлық нарықты одақтас елдердің тауарларымен толықтыру мәселелерін шешуге бағытталған құны 10 миллион доллардан асатын ірі жобалар енгізіледі.

Бұған мемлекетаралық өзара іс-қимылды, шикізатты немесе дайын өнімді өзара жеткізуді көздейтін кооперациялық жобалар кіреді. Сондай-ақ ЕАЭО екі және одан да көп мемлекеттерінің қатысуымен инновациялық технологиялық шешімдерді әзірлеуге және енгізуге бағытталған жобалар да қамтылады.

Оқи отырыңыз: ЕАЭО елдерінің премьерлері не жөнінде келісті?

Картаны әзірлеушілердің жоспарына сәйкес, ақпарат одаққа мүше мемлекеттерге ұлттық жоспарларды дайындау кезінде өндірістің қайталануын болдырмауға, даму тенденцияларын ескеруге және жалпы ауылшаруашылық нарыққа тауарлар жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұл импортты алмастыратын өндірістерді дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді ресурстармен қамтамасыз етуді жақсартуға және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануға көмектеседі. Картаны ЕАЭО ресми сайтына орналастыру және одақтас елдердің ұсыныстарына сәйкес оны үнемі жаңарту жоспарланып отыр.



sputniknews.kz