ЕАЭО елдері ұрланған автокөліктердің бірыңғай базасын құрады 

0

Хаттаманың негізгі мақсаты – ұрланған автокөлік иелерінің құқығын қорғау.  Құжатқа Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қырғызстан және Молдова ішкі істер министрлері қол қойған

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақ елдері айдап әкетілген автокөліктердің бірыңғай базасын құрады. Мәжіліс хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мәжіліс «2005 жылғы 25 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөліктерді жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. 

Хаттамаға Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қырғызстан және Молдова ішкі істер министрлері қол қойған. 

Хаттаманың негізгі мақсаты – ұрланған автокөлік иелерінің құқығын қорғау. 

«Трансұлттық топтар автокөлікті ұрлап, кейін оны заңдастырумен айналысады. Қымбат көліктердің көбі шетелде ізім-ғайым жоғалады. 1993 жылдан бері елімізде 75 мыңнан астам ұрланған және айдап әкетілген көліктің тек 14,5 мыңы табылған», — деді мәжіліс депутаты Василий Олейник.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, соңғы бес жылда автокөлікті ұрлау және айдап әкету фактілерінің саны тек 30 процентке азайған. 

Министр ЕАЭО елдері арасында айдап әкетілген көліктердің бірыңғай базасы құрылып жатқанын атап өтті. 

«Ішкі істер министрліктері арасында өзара тығыз қарым-қатынас орнатылған, біз бірлесіп жедел шаралар өткіземіз. Ұрланған автокөлік табылған кезде, біздің басты мақсатымыз көліктің ұрланған елдің аумағында заңдастырылуына жол бермеу. Біз қазір айдап әкетілген автокөліктердің бірыңғай базасын құрып жатырмыз. Әзірге бес мемлекет – ЕАЭО қатысушылары арасында. Осылайша, қандай автокөлік ұрланғанын онлайн режимде көріп, сол елдің аумағында тиісті шаралар қабылдаймыз», — деді Тұрғымбаев. 

Министрдің айтуынша, ұрланған көліктердің ел аумағына қайтарылмауы сұрау салу нормасының жүзеге аспауынан болып отыр. 

Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа норма енгізілген. Енді ереже бойынша сұрау салуды орындауға бір ай ғана уақыт беріледі. Сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз болуы қажет. 

Хаттамада жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәлімет беру, кеден орындарымен ақпарат алмасу және бір жыл ішінде сұрауы жоқ автокөлік қай жерде анықталса, сол мемлекеттің меншігінде қалдыру мәселелері қарастырылады. 
Мәжіліс заң жобасын мақұлдады.

 



sputniknews.kz