ЕАЭО-дағы бес жыл нені аңғартты?

0

Мамырдың 29-ы күні Нұр-Сұлтанда Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) бас органы – Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесі отырысы ашылды. Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразия экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың бес жылдығына орай ұйымдастырылған жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин және Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысты.

Солдан оңға қарай: Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 жыл.

Солдан оңға қарай: Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 жыл.

Сонымен бірге Нұр-Сұлтанға одақты бақылаушы мемлекеттің өкілі ретінде Молдова президенті Игорь Додон мен құрметті қонақ ретінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді.

Тәуелсіздік сарайында өткен жиын кезінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесінің «құрметті төрағасы» атағы берілгені хабарланды. Назарбаевқа мұндай атақ беруді Ресей президенті Владимир Путин ұсынған.

Сарапшылардың көбі Ресей осы одақта жетекші рөл атқарады және негізгі пайданы да сол көреді деп санайды. Мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар.

«ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН»

ЕАЭО экономикалық емес, саяси ұйым және негізінен ол Ресейге пайдалы деген пікірмен Ресейдегі «ТМД елдері институты» ұйымының экономика бөлімінің меңгерушісі Аза Мигранян келіспейді.

— ЕАЭО-ның өткен бес жылдағы қызметі серіктес елдердің өзара қарым-қатынасында қандай да бір саяси реңк жоғын көрсетті. Қазіргі уақытта одақта барлық мәселелер бойынша тек қана экономикалық мақсат пен өзара тиімге негізделген шешімдер қабылданады. Одақтағы процестерден хабардың аздығы ЕАЭО негізінен Ресейге ғана пайдалы деген аңыздың тарауына себеп болады, — дейді Аза Мигранян.

Оның пікірінше, Ресейдің пайда көретіні жайлы «аңызға» рубль бағамының құлдырауы салдарынан ресейлік өндірушілер өнімдері бағасының төмендеуі де әсер еткен.

— Мысалы, Қазақстан, Қырғызстан мен Беларусьте ресейлік өнім анағұрлым арзан әрі бәсекеге төтеп берді. (ЕАЭО құрамындағы) елдер арасындағы сауда-саттыққа талдау жасасақ, қазіргі кезде серіктес елдердің көбі шикізат пен құрамдас бөлшектерді Ресейден алып отыр, — дейді Мигранян.

Сарапшы бұл одақ елдерінің барлығына тиімді процесс деген пікірде. «Бағаның төмендеуі осы елдерде шығарылатын өнімдердің өзіндік құнын азайтып, бәсекелестік қабілетінің артуына септеседі» дейді ол.

ЕАЭО-ның бес жылғы жұмысының негізгі нәтижесі – интеграциялық процестерді дамытуға құқықтық және институционалдық негіз қаланды деп санайды Мигранян.

— Ортақ рыноктың жұмысын реттейтін, соның ішінде түрлі сала бойынша бірегей рынок қалыптастыруға қажетті компоненттердің барлығы бар. Мысалы, дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдер. 2035 жылға қарай қуат ресурстары, соның ішінде электр энергиясы мен мұнай-газ саласының ортақ рыногын қалыптастырудың тұжырымдамасы туралы келісім жасалды. Бұл барлық қатысушылардың ұлттық мүддесі тұрғысынан қарағанда негізгі келісімге жатады, — дейді Аза Мигранян.

ЕАЭО тиімділігі туралы ойын жалғастырған сарапшы болашақта одаққа мүше серіктес елдердің ортақ валюта және қаржы рыногы қалыптасуы мүмкін деген болжам айтады.

— Одаққа мүше серіктес елдер үшін бірегей ақпараттық жүйе қалыптастыратын ортақ бірыңғай ереже бар, ал мұның кеден рәсімдерін жеңілдетіп, одақ аумағына нені әкеліп, нені шығарып жатқанын білу үшін пайдасы зор. Бизнес мүддесі тұрғысынан бұл үлкен жетістік. Сапасы мен тауарға қойылатын талап іс жүзінде Еуропа одағы стандарттарына тең келеді, ал кейде тіпті одан да қатаң, — дейді Мигранян.

ЕАЭО жұмысындағы проблемалар арасынан ол тек шешім қабылдау тетігі «күрделі әрі баяу» екенін және мұның «одақ жұмысының тиімділігіне» әсер ететінін ғана айтты.

«ОҚШАУЛАНУ ЭЛЕМЕНТТЕРІ БАР ҰЙЫМ»

Қырғызстанның бұрынғы экономикалық даму министрі әрі қоғам қайраткері Эмил Уметалиев ЕАЭО-ны саяси жоба деп санайды.

— Маған әу бастан бұл экономикалық негізі бар, нарыққа бейімделген одақ емес, оқшаулану (изоляционизм) элементтері бар, идеологиялық сипаты басым саяси жобаның жалғасы болып көрінген. Жақын бес-он жылда одақ айтарлықтай өзгеріске ұшырайды, — деп топшылайды Эмил Уметалиев.

Қырғызстанның бұрынғы экономикалық даму министрі Эмил Уметалиев.

Қырғызстанның бұрынғы экономикалық даму министрі Эмил Уметалиев.

Оның пікірінше, Беларусь пен Ресей арасында сауда туралы дау-дамай, Қазақстан мен Ресей арасында кеден мен саудаға қатысты «түсініспеушіліктер», Қазақстан мен Қырғызстан арасында шекарадағы шектеулерге байланысты «айтыс-тартыс» үнемі қайталанып келе жатқандықтан осындай болжам жасауға негіз бар.

Эмил Уметалиевтің сөзінше, әсіресе Қырғызстан Кеден одағына кіргеннен кейін алғашқы жылдары ауыл шаруашылығы сауда және басқа салаларда жұмыс істеп келген көптеген шағын кәсіпорын жабылып қалған. Бұрынғы министрдің пікірінше, бұдан негізінен «Кеден одағы мен ЕАЭО-ға мүше елдермен байланысы бар бизнесі бар» саясаткерлер ұтқан.

— Рас, мигранттарға біраз жеңілдік жасалды. ЕАЭО-ны жақтайтындар мұны басты аргумент ретінде алға тартты, бірақ меніңше, мигранттар санын ұлғайтуға иек арту – өз рыногыңды стратегиялық дамыту мен ұлттық экономикалық стратегияны таңдауда болашақты барламай, бұрынғы «дөкей» елге, бұрынғы империяға қызмет етумен бірдей, — дейді Эмил Уметалиев.

Ол ЕАЭО құрамына кіргеннен кейін еңбек мигранттарының көбеюі қазірдің өзінде экономикаға, демографиялық ахуал мен әлеуметке «жаман әсер» етіп отыр деп санайды.

Бұл пікірге Армениядағы жахандану және аймақтық серіктестік жөніндегі талдау орталығы басқармасының төрағасы Степан Григорян да қосылады. Ол Армения ЕАЭО құрамына енгелі бері әзірге ешбір оң өзгеріс байқамағанын, одаққа мүше болу туралы шешімді елдің бұрынғы президенті Серж Саргсян «жеке дара» қабылдағанын айтады.

— Одаққа кіру керек пе, жоқ па, ол мәселені қоғамда байыпты талқылау керек еді. Қоғам ортақ мәмілеге келіп, одаққа саналы түрде кіргенде дұрыс болатын еді, — дейді Степан Григорян.

Оның пікірінше, алдағы уақытта Армения ЕАЭО мүшесі болудың салдарын сезінетін болады. Григорянның мәліметі бойынша, келер жылдан бастап Арменияға басқа елдерден, соның ішінде Еуропа, АҚШ пен Жапониядан автокөлік әкелгендер ірі көлемде қосымша салық төлеуге тиіс болады

Армениядағы жахандану және аймақтық серіктестік жөніндегі талдау орталығы жетекшісі Степан Григорян.

Армениядағы жахандану және аймақтық серіктестік жөніндегі талдау орталығы жетекшісі Степан Григорян.

– Автокөлік бағасы бірнеше есеге қымбаттайды. Елде бұл бизнеспен айналысатын ондаған мың адам отбасын асырап отырған жұмыстан айырылады. Оларға сапасы шетелдік көлікпен салыстыруға келмейтін ресейлік мәшинені сатып алып, елге әкелуді ұсынады, — дейді сарапшы.

Степан Григорян былтырдан бастап ЕАЭО ережелері қолданысқа енгеннен кейін Армения Ираннан мұнай және мұнай өнімдерін сатып алуды қысқартқанына назар аударады. ЕАЭО талабы иран өніміне тыйым салады.

— Соның кесірінен Арменияда жанармай бағасы қымбаттап кетті, жанармай тек Ресейден ғана келеді, соның монополиясы орнаған. Армения мен Грузия арасында шекара бойындағы ұсақ сауда да тоқтады, өйткені ЕАЭО стандарты бойынша, Грузиядан 20 келіден артық тауап әкелуге болмайды. Сондықтан бизнестің ол түрі тиімсіз болып қалды, — дейді Григорян.

Сарапшының сөзінше, «қоғамда наразылық туғызған» мұндай мысалдар көп. Кез келген экономикалық интеграцияның жағымсыз жақтары бар деп санайды Степан Григорян. Бірақ ондай жағдайды ескеретін Еуропа одағындағыдай тетік ЕАЭО-да қарастырылмаған дейді ол.

— Мысалы, Еуропа одағына енгеннен кейін Польшаның ауыл шаруашылық саласы шығынға ұшырады, өйткені өнімдері одақ стандарттарына сай болмады. Еуроодақ поляктарға бәсекелестік қабілетін арттыратын ірі жобаларды қаржыландыру арқылы көмектесті. Қазір олардың ауыл шаруашылығы жақсы дамып жатыр. Өкінішке қарай, ЕАЭО-да осындай өтем тетіктері жоқ, — деді Григорян.

Сарапшының пікірінше, Армения жағдайында газ және мұнай бағасын Ресейдің ішкі нарығымен теңестіру арқылы көмектесуге болар еді.

— Айталық, Армениядағы бензин бағасын Мәскеудегідей қылса. Қазір бізде екі есе қымбат. Өкінішке қарай, Ресей әзірге бұған келіспей отыр. ЕАЭО-ның жағымсыз салдары бар да, жақсы өзгеріс жоқ. Болашақта ондай өзгерістер жасауға мүмкіндік бар, — дейді Григорян.

«ИМПЕРИЯЛЫҚ ПИҒЫЛ ІЗДЕУ»

Қазақстандық сарапшы Денис Кривошеев ЕАЭО-ға әу бастан экономикалық мәселелер емес, саяси аспектіге байланысты қарсы болғанын айтады. Оның пікірінше, бұл одақ «постсоветтік елдерде тұратын орыстарға төнген саяси қатер».

— Мәселен, Ресейдегі девальвация немесе ол елге салынған санкцияның салдары Қазақстанға да тиіп, отандық экономикада іркіліс пайда болған шақта Ресейге айтылған айыптаулар орыс тұрғындарына да бағытталады. Кім кінәлі? Ресей, яғни орыстар. Қазақстанда ұлт патриоттары ЕАЭО аясында ел экономикасы зардап шеккені туралы айтуды жиілетті. Мен қарсы болғанда дәл осылай — кінәні нақты біреулерге артады-ау деп қауіптенгем. Яғни, одақ астарынан империялық пиғыл іздеу жалғасып жатыр, — дейді сарапшы.

Қазақстандық сарапшы Денис Кривошеев.

Қазақстандық сарапшы Денис Кривошеев.

Кривошеевтің сөзінше, Қазақстан бұл одақта Ресеймен экономиканың бірдей салаларында күресіп жатыр, өйткені экономикалық жүйелерінде ұқсастық көп. Сонымен бірге сарапшы ЕАЭО жұмысын жалғастыра береді деп санайды.

— Әзірге Қазақстанға уәде етілген ашық рынок тәрізді артықшылықтар байқалмайды. Бұған қоса ел ішінде интеграциялық процестерге айқын қарсылық бар. Қарсылар бұл одақ тарап кетеді деп санайды, бірақ әзірге оның тарауына еш себеп көрмей тұрмын, өйткені одаққа ең алдымен элита мүдделі, — дейді Денис Кривошеев.

Сарапшының пікірінше, ЕАЭО мүше болудың Қазақстан үшін игі жағы – ұлттық экономикаға «ес жиғызып», елді Дүниежүзілік сауда ұйымына енуге ішінара әзірлеген.

Azattyq