ЕАЭО аумағында ортақ электронды еңбек биржасы пайда болады

0
103

Еуразия экономикалық одағында (ЕАЭО) азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған ортақ электронды еңбек биржасы құрылады.

Еуразия экономикалық комиссиясының ресми сайтының хабарлауынша, 18 қаңтарда Мәскеуде комиссия отырысы өтіп, оған Еуразия экономикалық одағы елдерінің үкімет басшыларының орынбасарлары және комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысқан. Еуразиялық электронды еңбек биржасын құру бастамасын Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көтерген.

“Электронды еңбек биржасы бір жағынан жұмыс берушіге, екінші жағынан жұмыс іздеген азаматтардың жұмыс табуына, сонымен бірге келісім жасасуына мүмкіндік береді” деді Тигран Саркисян.

Оның айтуынша, министрліктің жобасын Еуразия экономикалық комиссия мүшелері мақұлдаған. Алдағы уақытта цифрлық жүйенің моделін дамыту мәселесіне көңіл бөлінбек. Бұған қоса, осы тақырып бойынша зерттеу де жүргізілмек.

Ресей жағының бастамасы бойынша комиссия кеңесі сонымен бірге интеграциялық әріптестікті нығайту, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту, интеграцияның азаматтар мен бизнеске пайдалы болуын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарды қараған.

Оқи отырыңыз: Ұлттық экономика министрі ортақ электронды валютаға қарсы екенін айтты

Атап айтқанда, комиссия ЕАЭО аясында азаматтар мен ұйымдар арасындағы ақша аудару жүйелерін жетілдіру, ауыл шаруашылық және азық-түлік өнімдерін тасымалдау мәселелеріне қатысты жобаларды қараған.

Дереккөз: Азаттық