Е-Shanyraq қандай жоба? | «Айқын» газеті
Қазіргі заманда жаңалыққа иек артқан елдер ғана жарқын болашақтан үміттене алады. Дамыған елдер санды технологиялардың тамашасын еркін пайдаланып жатыр. Қазақстанда әзірге оны еңсеруге аз саланың ғана шамасы жетіп жүр, қалғандары болса, дүрмекке ілескен дүмше тұтынушы деңгейінен аспаған.
Осы аптада Үкімет экономика салаларын цифрландыру түйткілдерін тағы да толғады. Бұл жолы қиянға кетіп қалған технологияларды қуып жетуге қазақстандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық белсеніп отыр.
Шынтуайтына келгенде, жасампаз ой мен өнертапқыш өндірістің жаңашыл өнімдерін ТКШ саласына енгізу дегенде, жауапты шенділер мен әкім-қаралар қала көшелерiн немесе биік ғимараттарды жарықтандыратын қызулы лампаны энергия үнемдейтiн нұсқаларына ауыстырумен шектелетіні құпия емес. Дегенмен цифрландырудың философиясы әлдеқайда терең. Оның астарында тіпті әділет қағидаттары да тұнып жатыр. Мәселен, жарық, жылу, газ, су алпауыттары ай сайын қарапайым тұтынушылардан қыруар алым жинайды, бірақ оның қайда жұмсалатыны айтылмайды. Төлемесе, тағы болмайды: монополистер қарыз қордалаған клиенттерінің үстінен сотқа бір бума шағым түсіреді. Бұл ретте қазіргі қалыптасқан сот тәжірибесі бойынша оларды қарау кезінде тіпті берешек болып қалған тұтынушылар шақырылмайды, мәжбүрлеп өндіру туралы сырттай шешім шығарыла салады. Яғни, азаматтардың өзін-өзі қорғауға, монополистің қарау қарекеттері мен теріс тұстарын нұқып көрсетуге еш мүмкіндігі болмайды.
Алпауыттардың тонауға тең заңсыз әрекеттері таяуда, 7 қарашада Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жеке қаралғаны есте.
– Энергия жеткізуші және жылу, жарықпен жабдықтаушы ұйымдар әртүрлі адал емес жолдармен өз шығыстарын арттырып көрсетуге тырысады. Олар халыққа көрсеткен қызметінің құнына сыйақыларын, басшылық алатын бонустарды, кредиттер бойынша төлемдерін, іссапар шығындарын, тіпті ешқашан болмаған шығыстарын қоса береді. Тексеріс көрсеткендей, олар халыққа үш жыл ішінде 29 миллиард теңгені заңсыз төлеттірген. Мәселен, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-сы 2016 жылы төтенше жағдай қатері төнгенін сылтау етіп, тарифін 1,4 миллиард теңгеге арттырған. «Ақтөбе ЖЭО»
АҚ-сы биыл өзінің жылу тарифін жоғарылатып, оған алмаған кредитін қосып қойған. Сөйтіп, антимонополиялық органның қолдауымен елден 893 миллион теңгені заңсыз өндірген, – дейді бас прокурор Қайрат Қожамжаров.
«Астанаэнергосбыт» ЖШС да арзан энергияны екі есе қымбаттатып, 2,6 млрд теңге заңсыз табыс тапқан. Мұндай мысалдар өзге де өңірлерде әшкере болды.
Бұған не тоспа болмақ? Үкімет оның шешімін ақпараттық технологияларды ендіруден іздемек.
– Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын цифрландыру сектордағы барлық қатысушылардың қызметінің ашықтығына қол жеткізу үшін қажет. Сондай-ақ бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру және сол арқылы азаматтардың әлеуметтік қанағаттануын қамтамасыз етіп, секторға халық сенімін арттыру үшін керек. Ол үшін бірінші кезекте тұрғын үйлерге аспаптар орнату шараларын жүргізу талап етіледі. Бұл дегеніміз – деректерді қашықтықтан беру мүмкіндігі бар ақылды есептеуіш аспаптарын кең ауқымда орнатып шығу деген сөз,– дейді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Әкімдіктердің деректері бойынша елімізде көппәтерлі тұрғын үйлердің аспаптану деңгейі небәрі 45% ғана. Жер үйлерге қатысты жайтты айтудың өзі ұят. Бүгінге дейін тек 50 мыңға жуық жалпыүйлік есептеу құрылғылары орнатылған. Қажеттілік одан да орасан, қосымша 62 мың аспап қажет. Басқаша айтқанда, алдағы науқанда бұған дейінгі ширек ғасырдағыдан да ғаламат қарқын мен ауқым талап етіледі.
Талдау көрсеткендей, еліміз бойынша орташа алғанда жалпыүйлік жылуды есептеу аспаптарын орнату кезінде ауданы 60 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер үшін жылу төлемі 36%-ға дейін немесе 2 720 теңгеге төмендейтіні анықталып жатыр. Бүкіл республика бойынша үнемдеу көлемі жылына 32,5 млрд теңгеге жетуі мүмкін.
– Тағы бір мысал алайық. Ол Ақтөбе қаласындағы
29,8 шаршы метр көлемдегі пәтерге жалпыүйлік жылуды есептеу құрылғысы мен автоматты жылу пунктін орнатқаннан кейінгі үнемді анықтайды. Ол пәтердің нақты түбіртегі бойынша
2017 жылдың қазан айында жылыту құны 3 547 теңгені құраған. Ал жылуды есептеу аспабы мен автоматты жылу пунктін орнатқаннан кейін арада бір жыл өткенде, яғни 2018 жылдың қазан айында дәл сол баспанада жылыту төлемі бар-жоғы 466 теңгені құрады, яғни үнем 3 081 теңгеге немесе 86,8%-ға жетті. Біз жалпыүйлік жылуды есептеу аспаптары мен автоматты жылу пункттерін бүкіл еліміз бойынша жаппай енгізуге банктердің инвестициялары мен қаражатын тарту үшін құжаттар топтамасын дайындап жатыр-
мыз, – деп хабарлады сала министрі.
Министр осы сейсенбіде өткен Үкімет отырысында Е-Shanyraq жобасының да тұсауын кесті.
– Қазіргі кезде біз Е-Shanyraq деп аталатын тұрғын үй қоры мен ТКШ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесін пилоттық режимде құрдық. Жүйе тұрғындарға үйді басқару ісіне онлайн режимде қатысу мүмкіндігін береді. Сонымен бірге, оның ашықтығын, халық төлеген қаражатқа мониторинг жүргізуді және басқарушы компанияның шоттарды мақсатты жеріне пайдалануын қамтамасыз етеді. Тұрғындар бекітілген тарифтер мен есептеуіштердің нақты көрсеткішіне сүйене отырып, өздерінен талап етілген төлемдердің қаншалықты дұрыс екенін ғаламтор арқылы осы жүйеде өз беттерінше тексере алады, – деді Инвестициялар және даму министрі.
Оның айтуынша, аталған пилоттық жобаны іске асыру аясында әу баста 2018 жылдың соңына дейін Е-Shanyraq-қа тек 190 көппәтерлі тұрғын үйді қосу қарастырылған екен. Қазіргі уақытта олардың саны 1 405-ке жеткен. Бұл көпқабатты үйлердің техникалық паспорттарын, сондай-ақ 3 862 есептеуіш аспаптар көрсеткіштерін «Е-Shanyraq» табуға болады.
Министрлік жыл соңына дейін осы жүйеге көппәтерлі тұрғын үйлердің шамамен 2 мыңнан астам техникалық паспортын және
4 мыңнан астам есептеу аспаптарын қосуды жоспарлап отыр. Бүкіл қаланы осы жүйемен 100% қамту 2022 жылға белгіленді.
Дегенмен, әзірге бұл – пилоттық жоба. Е-Shanyraq-ты Қазақстан бойынша өнеркәсіптік эксплуатацияға енгізу, яғни ол бір қала емес, барлық өңірлерге міндетті жүйеге айналуы үшін қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізу қажет көрінеді. Тиісті түзетулер «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң жобасына өзгертулер енгізу жобасы түрінде бүгінде Парламенттің қарауында жатыр.
Әрине, жоғары технологияларды ендіру мәселесі тек бірыңғай электрон жүйені ел көлемінде енгізумен шектеле алмайды.
– Бүгінде Қазақстан аумағында жаңа технологиялы пилоттық жобаларды жүзеге асыру үшін Астана, Алматы, Атырау және Тараз қалаларында тиісті учаскелер анықталды. 30 қарашада немістің Merus компаниясы елордада «Астана-Теплотранзит» АҚ-мен бірге ұзындығы 24 шақырым болатын болат құбыр ішіне таттануға қарсы технологияларды қолдану жобасын бастады. Сондай-ақ, Алматы қаласында жапондық Mitsui & Co компаниясының таттануға қарсы технологиясын қолданудың пилоттық жобасын іске асыру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Жүргізілген сынақтардың нәтижелері бойынша технологияларды жаппай енгізу және Қазақстан аумағында осындай технология жабдықтарын өндіретін зауыт салу жөнінде шешім қабылданатын болады, – дейді Жеңіс Қасымбек.
Бұл технологиялардың маңызы бар. Себебі, жылу, су монополистері «құбырлардың тозығы жетті» деп тариф көтереді, оның шын мәнінде қажетін дәлелдеп жатпай-ақ, жыл сайын жер қазып, тұрбаларын жиі ауыстырады, бұлардың мол шығынын тұтынушылар көтереді.
Сондықтан елімізде жылумен жабдықтау құбырларының қызмет ету мерзімін ұзартатын және сапасын күшейтетін арнайы аспаптарды орнату және сынақтан өткізу ісі қолға алынады. Алғашқы жобалардың бірін «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-сы мен Merus неміс компаниясы елорданы жылумен қамтитын «Астана-Теплотранзит» базасында жүзеге асыруға кірісті. Бұл құрылғыны сынау жұмыстары ізінше Қызылордада жалғасады.
Неміс компаниясының мәлімдеуінше, Merus технологиясы біраз жылдан бері қолдану тәжірибесінен өтіп жатыр. Соның барысында технология жылу және сумен жабдықтау жүйелерінде пайдалану кезінде жоғары тиімділігін көрсеткен.
Германиялық мамандардың түсіндіруінше, бұл технологияда құбырды айнала орнатылатын арнайы сақина молекулалық тербелістер туғызады. Осы арқылы құбыр ішінен және ілеспе жабдықтардан қақ, тот және бактериялар алып тасталынады. Судан ажыратып алынған осы қоқ-соқ құбырдан сыртқа шайылып шығарылады екен. Осылайша, жүйенің бастапқы жоғары өнімділікті сипаттамалары қалпына келтіріледі және экологиялық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Мұндай технология үйлер мен ғимараттарды жылыту және техникалық қызмет көрсету шығындарын айтарлықтай азайтуға жол ашады.
– Неміс технологиясы мен оның жабдығын Астана мен Қызылордада сынақтан өткізу 5 айға созылады. Осы кезең ішінде мамандандырылған зертханалар зерттеулер жүргізеді. Егер оң нәтижелер көрсетсе, жобаны Қазақстанның басқа өңірлерінде жүзеге асыру үшін немістермен одан әрі ынтымақтасу мүмкіндігі қарастырылатын болады. Сонымен бір мезгілде біз басқа да шетелдік технологияларды Қазақстанның тұрғын үй коммуналдық секторында сынақтан өткізу үшін зерделеудеміз, – дейді «ТКШ ҚазОрталығының» басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев.
«Астана-Теплотранзит» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сергей Голев мұндай технологияға елімізде сұраныс мол боларына сенімді. Өйткені оның дерегінше, соңғы 2 жылда ғана тек бас қалада су және кәріз құбырларын айтпағанда, магистральді жылу желілерінің 40 шақырымы пайдалануға берілген.
– Құбырлардың сапалық сипаттамаларын сақтауы және мүмкіндігінше ұзағырақ қызмет етуі өте маңызды. Жылумен жабдықтау жүйелерінің сенімділігі мен үнемділігінің төмендеу себептерінің бірі – құбырлардың ішкі таттануы. Сондықтан біз коррозияға ұшырау жылдамдығын төмендетуге және жылу тасымалдағыштың сапасына оң әсер ететін әлемдік озық технологияларды байқап көруге дайынбыз, – деді С.Голев.
Инвестициялар және даму министрлігінің хабарлауынша, таттануға қарсы жаңа технологияларды пайдалану арқасында
100 шақырым желіні жаңғыртудың ақырғы құнын орташа алғанда қазіргі 16 млрд теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін азайтуға болады екен. Бұған қоса жылу желілерінің пайдалану мерзімі 30 жылға дейін ұзарады.
Ел Үкіметінің есебінше, ТКШ саласында осы айтылған барлық жаңа технологияларды қолдану нәтижесінде алдын ала бағалау бойынша еліміз 2,4 триллион теңгеден 3,9 триллион теңгеге дейінгі пайдаға қол жеткізбек. Бұл ретте мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме 6,7 есеге төмендейді. Желілерден жол-жөнекей босқа сыртқа ағып кететін су, электр шығындарын 9%-ға дейін кеміту есебінен жылына
52,7 млрд теңге үнемделеді. Оның үстіне бастапқы ресурстарды үнемдеу CO2 (көмірқышқыл газы) шығарындыларын жылына 5,8 млн тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Жылу желілеріндегі шығындарды төмендету есебінен тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтың энергия тұтынуын 17%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Бұл экономика үшін қосымша қуаттылықтарды босатуға жол ашпақ.
Айхан ШӘРІП