Дзюдошы Ерлан Серікжанов Азия чемпионы атанды
20 сәуірде Фуджейрада (БАӘ) дзюдодан Азия чемпионаты басталды. Сенбіде 66 келіде Ерлан Серікжанов алтын алды. Финалда Серікжанов қазақстандық Елдос Жұмақановпен кездесуі тиіс болған. Бірақ Жұмақанов белдесуге шықпады.
Әйелдер арасында 48 келіде Қазақстан құрамасының мүшесі Галбадрах Отгонцэцэг (Моңғолияда туған) күміс алды. Ол финалда Қытай спортшысы Ли Янанмен күресіп, жеңілді.
60 келіде қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев қола медаль алды. Ол үшінші орын үшін кездесуде өзбекстандық Шарифуддин Лутфиллаевты жеңді.
Ерлан Серікжанов — 66 келіде 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ал Елдос Жұмақанов 2018 жылғы Азия ойындарында қола медаль алған. Жұмақанов 2017 жылы Гонгконгте өткен Азия біріншілігінің финалына шығып, оңтүстік кореялық Ан Ваулдан жеңілген.
Галбадрах Отгонцэцэг — 2016 жылғы Рио олимпиадасының қола жүлдегері. Ол екі әлем чемпионатында үшінші орын алған. 2017 жылғы Азия чемпионы.
БАӘ өтіп жатқан Азия чемпионаты 21 сәуірде аяқталады.