Джо Байден Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті

0

АҚШ президенті Джо Байден 13 сәуірде Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Олар аймақтық және ғаламдық мәселелерді талқылап, қарулануды бақылау және қауіпсіздік мәселелесінде тұрақтылықты сақтау үшін диалог жүргізуге ниет білдірген.

Екі ел басшысы сонымен бірге стратегиялық қарулануды қысқарту жөніндегі келісім мерзімін ұзарту жөнінде де сөйлескен. Бұл жөнінде Ақ үйдің ресми сайтында жазылған.

Президент Байден АҚШ ұлттық мүдделерін қорғау жолында Ресейдің Америка сайлауына араласуына және кибершабуылына қатал түрде жауап беретінін жеткізген.

АҚШ президенті сонымен бірге Украинаның егемендігі мен оның территориалдық тұтастығының сақталуын қолдайтынын айтқан. Ол Ресей әскерінің Украина шекарасына жақын аумаққа шоғырланып жатқанына алаңдайтынын да білдірген.

Президент Байден АҚШ Ресеймен тұрақты қарым-қатынас орнатқысы келетін ниетін білдіріп, үшінші мемлекетте Америка және Ресей лидерінің кездесуін өткізуді ұсынған.

Екі ел президентінің телефон арқылы сөйлесуі Крмель сайтында да жарияланды. Онда сөйлесу америкалық тараптың бастамасы бойынша өтті делінген. Сонымен бірге Джо Байденнің Ресей президентінің 22–23 сәуірде видеоконференция арқылы өтетін Климаттың өзгеруіне байланысты саммитке шақыруын қабыл алғаны айтылған.

Ресей тарапы да өз кезегінде ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін АҚШ-пен диалогқа дайын екенін жеткізген.

Украинадағы дағдарысқа қатысты Кремль мұны «ішкі мәселе» деп атап өткен.