Душанбеде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес отырысы басталды

0

15 маусымда Душанбеде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес отырысы басталды. Оған Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және өзге ел басшылары мен өкілдері қатысып жатыр. Мемлекеттік БАҚ-тың хабарлауынша, Қазақстан атынан жиынға ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр.

Ресей президентінің кеңесшісі Юрий Ушаковқа сілтеме жасаған ресейлік ТАСС агенттігі отырыста негізінен Бішкекте өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымында талқыланған мәселелер қаралатынын хабарлады. Ушаковтың айтуынша, делегация басшылары аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты пікір-көзқарастарымен бөліседі. Бұған қоса, түрлі қауіп-қатермен күресу, экономикалық әріптестікті нығайту, гуманитарлық салада байланыс орнату мәселелері талқыланбақ.

Ұйым Азия құрлығының 90 пайызын алып жатқан 27 елді біріктіреді.

Кеңес құру идеяны ең алғаш рет Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан. Ол Душанбедегі саммит отырысында сөз сөйлейді деп хабарланған. Кеңестің алғашқы отырысы 2002 жылы өткен. Ұйымның хатшылығы 2014 жылдан бері Қазақстан астанасында шоғырланған.

Кеңес бойынша шешімдер мемлекет және үкімет басшыларының саммитінде қабылданады. Мұндай саммит әрбір төрт жыл сайын өтіп отырады. 2018-2020 жылдары кеңеске Тәжікстан төрағалық етеді.

Azattyq