Дұрыс тактика ойластырсақ, барлық құраманы жеңуге болады
– Мен Қазақстан құрамасының бас бапкері болғаныма қуаныштымын. Жігіттердің қарқынын, ойынға дегенін дайындығын байқау үшін бір апталық оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Ертең Түркияға ұшып, барлық бапкерлермен сөйлесемін. Олар маған ұлттық құраманың ойын стилін айтып, ортақ жұмыс барысында маған көмектескенін қалаймын.
– Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыру үшін қанша уақыт ойландыңыз?
– Мен шешімді тез қабылдадым. Шамамен үш аптаның ішінде келіссөз жүргізіп, өз келісімімді бердім. Дегенмен шешім қабылдау оңай болған жоқ, өйткені сол уақытта чехиялық командамен келісімшартым болған еді. Бірақ команда мені түсініп, Қазақстан құрамасымен жұмыс істеуіме қарсылық білдірген жоқ.
– Ұлттық құраманың кеңейтілген тізімі қалай таңдалды?
– Мен әлі футболшылар туралы толық мәліметке ие емеспін. Сондықтан маған әлі футболшылар туралы ақпарат жинау керек. Бұл тізімді көмекшілерім жасақтап берді. Мен оларды іріктеп аламын.
– Ұлттық құрамамен келісімшартыңыз қанша жылға жоспарланған. Қазақстанға келгенге дейін қандай ақпарат білдіңіз?
– Келісімшарт бір жылға жоспарланған. «Астананың» Еуропа лигасындағы «Славияға» қарсы өткен ойыны есімде қалыпты. Сонымен қатар Қазақстанның бұрынғы бас бапкері Мирослав Беранекпен де сөйлестім.
– Кеңейтілген құрамға қорғаушы Евгений Постников пен жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдинов неге ілінбей қалды?
– Себебі, Постниковтың жарақаты бар. Зайнутдиновты да құрамаға шақырғымыз келген. Бірақ «Ростов» командасының Ресей кубогында ойыны бар болғандықтан және 21 ақпан ФИФА күнтізбесіне енбеген соң клуб бапкері Валерий Карпин Бактиерді жібермеуді жөн санапты.
– Билек мырза, егер сіздің құрамаңыз Еуро-2020 турнирінде сәтсіз өнер көрсетсе қызметіңізден кетуіңіз мүмкін. Бұдан қорықпайсыз ба?
– Ештеңеден қорықпаймын. Әрине, тобымыз қиын. Бірақ мен Қазақстанның Ұлттар лигасындағы бірнеше ойынын көрдім. Мұндай командамен біразға баруға болады. Алдағы уақытта құрамаға шақырған футболшыларым жасыл алаңда барын салып ойнайтын болады. Біз дұрыс тактика ойластырсақ, жеңіске жетуге мүмкіндігіміз жоғары болмақ.
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/