ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК БОЛЖАМЫ АҚТАЛМАУЫ МҮМКІН
Ержан САЛТЫБАЕВ,
Әлемдік экономика және саясат институты директоры:
– Дүниежүзілік банк 2018 жылға арналған болжамында мұнай өндірудің артуы мен салықтық бюджеттік ынталандыру шараларының тиімділігі әлсіреуіне байланысты Қазақстан экономикасының өсімі 2,6 пайыз деңгейінде қалыптасатынын айтты. Маман ретінде осы пікірмен келісесіз бе?
– Аталмыш болжам ақталмауы мүмкін, себебі жыл қорытындысы бойынша еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсу қарқыны көрсетілген цифрдан жоғары болатыны анық. Атап айтқанда, бүгінгі күні Қазақстан экономикасы өсудің оң динамикасын сақтап отыр және жыл соңын 4 пайыздық көрсеткішпен аяқтайды деген жоспар бар.
Ұлттық экономика министрлігінің соңғы ақпараты бойынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айлары ішінде экономикамыздың өсімі 4,1 пайызды құрады. Ішкі жалпы өнімнің мұндай деңгейде дамуына әсер еткен факторлардың қатарында жоғары инвестициялық белсенділік, баяу инфляция мен экономиканың негізгі салаларындағы өндірістің өсуін атап өтуге болады.
Биыл экономикамыздың өсімі 4 пайызға жететіндігі туралы жақында Елбасы да айтқан болатын. 21 қарашада өткен дипломатиялық корпуспен кездесуде Президент 2018 жылы ІЖӨ өткен жылмен қатарлас деңгейде немесе артық болып шығады деді.
– «Бір белдеу – бір жол» бастамасы – әлемдік экономикадағы ең үлкен жобаның бірі. Бұл жоба Қазақстан үшін қаншалықты тиімді?
– Шынымен де, бүгінде Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» (BRI – Belt and Road Initiative) бастамасы ғаламдық сипаттағы мегажобаға айналып отыр. Оның ауқымдылығын жобаға бөлінген қаржыландырудан байқауға болады. Мысалы, жоба аясындағы әртүрлі бағдарламалар үшін Қытай 55$ млрд құрайтын арнайы қор құрды, одан бөлек көлемі 100$ млрд-тан асып түсетін Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялық Банкі (AIIB) жұмысын бастап кетті.
Қазақстан үшін қытайлық жоба бірнеше жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы – «Бір белдеу – бір жол» арқасында Қазақстан өзінің едәуір транзиттік әлеуетін жүзеге асыра алады. Мысалы, BRI Қытай мен Еуропаны Орталық Азия арқылы байланыстыратын автомобиль және темір жолдарын дамытуды көздейтінін ескерсек, Қазақстан Батыс пен Шығысты байланыстыратын құрлықтағы көпір ретінде табыс табатын мүмкіндікке ие болып отыр.
– Қытай әлем елдеріне инвестиция құюды жалғастыруда. Қазақстанды Қытай инвестициясы несімен тартады?
– Қытай мен Қазақстан арасындағы инвестициялық байланыстар екі елдің мүддесіне сәйкес келетін өзара тиімді сипаттағы қарым-қатынас ретінде дамып келеді. Қазақстан үшін қытайлық инвестициялар ұлттық экономикадағы өндірістік салаларды дамытуға ықпалдасып отыр. Нақты айтсақ, бүгінде екіжақты күн тәртібіндегі басты жоспарлардың бірі – қытайлық тараптың көмегімен құны
27$ млрд-тан асып түсетін 51 индустриалды жобаны Қазақстан аумағында іске қосу.
Бұл жобалар бойынша жұмыс басталып та кетті. Мысалы, Инвестициялар және даму министрлігінің дерегінше, Қытай мен Қазақстан биыл 6 бірлескен жобаны толықтай іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, жалпы сомасы 623$ млн құрайтын 5 жоба бойынша жұмыс басталған.
Индустрияны дамытудан бөлек, Қытай Қазақстан үшін көршілес жатқан ең ірі өтім нарығы, яғни осы бағытта біздің қолымызда орасан зор экспорттық мүмкіндік бар. Бірақ оларды жүзеге асыру үшін қытайлық сатып алушылармен бірлесе отырып, стандарттар мен сертификаттар мәселесін шешіп алуымыз керек.
– «Астана клубында» әлемнің белгілі саясаткерлері мен сарапшылары бас қосып, жаһандық жағдайлар жиі талқыланады. Осы уақытқа дейінгі отырыстарда қандай тиімді ұсыныстар жасалды деп ойлайсыз?
– Астана клубы жұмысының негізгі мақсаты – әлемдік зияткерлік элита өкілдерімен бірлесіп Еуразия сияқты алып континенттегі өзекті мәселелерді, геосаяси және геоэкономикалық мәселелерді талқылау. Клубтың басқа маңызды мiндеттерінің бірі – Қазақстанның сыртқы саясаттағы көзқарастарын әлемдiк саяси аудиторияға жеткiзу.
Өз кезегiнде, қарашада болып өткен Астана клубының төртінші отырысы аясында «Үлкен Еуразия жолында: ортақ болашақты қалай құрамыз?» тақырыбы қозғалған болатын. Бұл тақырыпты таңдаудағы басты себеп: бүгінде әлемде туындап отырған жаңа қауіп-қатерлермен байланысты. Оның ішінде әлемдiк экономикадағы изоляционизмнің өсуi, сауда және санкция соғыстары, сонымен бiрге, қауiпсiздiк мәселелерінің ушығуы.
Клубтың әр отырысын ұйымдастырған кезде біз сараптамалық жұмысқа баса назар аударамыз және атқарылған жұмыс негізінде мемлекеттік органдарға практикалық ұсынымдар дайындаймыз.
Клубтың биылғы отырысының қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар жасалды. Оны Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде атап өткен болатын. Мысалы, ғаламдық қатерлерді еңсеру мақсатында 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңартып, 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа арналған конференция өткізу туралы ұсыныс жасалды. Одан басқа әлемдік сауда саласындағы даулы мәселелерді шешу үшін Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында көпжақты форматта келіссөздер жүргізу туралы да пікір айтылды.
– Елбасы алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жаңа идеялар арқылы өркениет көшіне ілесу мүмкіндігі беріліп отыр. Сіз басқарып отырған институт осы бағытта қандай бастамаларды қолға алады?
– Елімізде жастар мәселесі ерекше назарда екені белгілі. Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеуі бұл бағыттағы жұмысқа тың серпін береді деп ойлаймын. Қазіргі технологиялық және әлеуметтік өзгерістерге байланысты келешек ұрпақтың ұстанымдары мен саяси көзқарастары қандай деген сұрақ өте маңызды.
Соған сәйкес біз алдағы уақытта жастарға қатысты арнайы зерттеу жобаларын жүргізбекпіз. Біздің әлеуметтанушы мамандардың сауалнамалар және фокустық-топтар арқылы бұл тақырыпта кешенді зерттеулер жасауына барлық мүмкіндігі бар. Зерттеу нәтижесі бойынша арнайы сараптамалар және мақалалар дайындаймыз.
Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ