Дулат Исабеков: «Кеңес өкіметінің қайта орнағанын аңсай бастадым»

0

Бұл туралы пікір жазушы Stan.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

Журналистің «90-ншы жылдардан бергі өзгерістерге көңіліңіз толады ма? Теледидардан көрсетіп жатқан жетістіктер ауыз толтырарлықтай ма?» деген сұрағына:

«Шынымды айтсам, Кеңес өкіметінің қайта орнағанын аңсай бастадым … Ешқандай әділдік жоқ, жоспар жоқ, перспектива жоқ. Бұрын перспектива болатын. Қазір жазудың да мәні қалмады. Ол кезде стимул болатын, ал қазір дым жоқ, жазушылар далада қалды. Иә, тәуелсіздікке ештеңе жетпейді. Бірақ ең жаманы — тәуелсіздіктің айбалтасы тек жазушылардың ғана мойнын шаба бастады. Ал Кеңес үкіметінде бір кітабым шықса, 15-20 мың сом алатынмын. Бұл дегеніміз бір машина мінуге жарайтын. Ал қазір не?! … » деп жауап берді жазушы.

«Қазіргі жазушыларды халық білмейді. Неге? Өйткені баяғыдағыдай әдебиет халық үшін оқиға болудан қалды. Халық оқырман емес, көрермен болып кетті. Халық күн көрудің мәселесімен айналысып жүр. Бұрын Қазақстан менің көз алдыма үлкен оқу залы сияқты көрінетін. Ең алғашқы кітабым 24 мың тиражбен шықты. Бұл қазіргімен қарасаң фантистика. Қазір жетпіске қараған, толысқан шағымызда кітаптарымыз 1000 данамен ғана шығады. Ол кімге жетеді? Жазушылардың кітабын қуып жүріп, іздеп оқитын оқырман жоқ. Одан кейін сыншы жоқ. Бұрын сыншылар жақсы-жаман болсын бетіне басып айтып тұратын.

Ең басты мәселе жазушылардың еңбегі еленбейтін болды. Біздің ұранымыз «жаз, жақсы жаз» болды. Стимул жоқ. Бізбен бірге шын жазушылар кетіп қалатын сияқты.

Меніңше, қазір әдебиет ұлы тоқырау кезеңін бастан кешіріп отыр. Жазушылар тоқырап қалған сияқты. Әдебиет үшін алтын ғасыры 20 ғасыр өтіп кетті. Ресей, Америка, Франция үшін де дәл осындай. Барып, көріп, араласып жүрмін. Жазушыларымыз бен драматургтерімізде іздену әлемінің шеңбері өте тар. Бір нәрсені естіп алса, асығыс-үсігіс жаза салуға дайын тұрады. Тақырыпты зерттеу, тарихын бойлау, сол кейіпкер өмір сүрген заманды саралау деген еңбек жоқ.

Сосын тақырыптың таяздығына ұшыраймыз. Мәселен, Мұқағали туралы бес пьеса жазылған екен. Сонда бұл тақырыптың өте күрделілігінен бе, әлде біз бір Мұқағалидің образын бесеуміз жабылып жүріп жасай алмағанымыз ба? Екініші вариант көбірек келеді.» деді жазушы.