Дулат Ағаділдің тергеу изоляторындағы қазасынан кейін белсенділер ІІМ алдына жинала бастады
Қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында қайтыс болуына байланысты елуге жуық белсенді мен көп балалы әйелдер ішкі істер ғимаратының алдына жиналды. Олар Дулат Ағаділдің қазасы жайлы толық ақпарат беруді талап етіп тұр.
Жиналғандар алдына Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің бастығы Нұржан Сәденов шығып, Дулат Ағаділдің қазасы жайлы қысқаша ақпарат берді. Ол осыған дейін таралған ресми ақпаратты растап, «тергеу изоляторында Дулат Ағаділ жанында төрт адам отырғанын, олардың Дулат Ағаділге күш көрсетілмегеніне куәлік бергенін, жүрек талмасынан қайтыс болғанын» айтты.
Белсенділердің кейбірі Дулат Ағаділдің жүрек талмасынан қайтыс болғанына сенбейтінін білдірді.
Белсенділер Дулат Ағаділді «әділетсіздікке, Қазақстандағы қазіргі саяси режимге қарсы шығып жүрген адам» деп сипаттады және «оның 2019 жылы көп балалы әйелдер жиынына барып көмектескенін» еске алды.
Жиналғандарға адвокат Бауыржан Азанов келді. Прокуратура өкілі шығып, Дулат Ағаділдің денесіне сараптама жасау процесіне ағасы мен әйелінің кіргізілгенін хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласының төңірегіндегі ауылдардың бірінде тұратын белсенді, алты баласы бар Дулат Ағаділдің тергеу изоляторында қайтыс болғаны туралы ақпарат бүгін шыққан.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті «Тергеу изоляторының камерасында онан өзге төрт адам болды, олар Дулат Ағаділге күш қолданылмағаны жайлы куәлік берді. Медициналық куәлік оның қамауға алынған сәтте алкогольді ішімдік ішкенін, мас екенін көрсетті. Жедел жәрдем бригадасы келді. Қайтыс болуына «жүрек талмасы себеп болған». Денесінде қандай да бір жарақаттар жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, — деген ақпарат таратқан.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің жазуынша «биыл қаңтар айында Дулат Ағаділге айып тағылып, «ешқайда кетпеу» туралы шара қолданылған. Тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен 24 ақпанда қамауға алынған».
Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді. Биыл тамыз айынан бері бірнеше әкімшілік жазаға тартылып, кем дегенде 60 тәулік қамауда отырған.
Ол 2019 жылдың 16 желтоқсанында рұқсат етілмеген акцияға қатысты деп айыпталып, 10 тәулікке қамалған еді. Қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып шығып, ол әрекетін «заңсыз қудалауға қарсылығым» деп түсіндірген. Полиция екі күн бойы іздеген белсенді 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Кейін ол «сот қаулысын орындамағаны үшін» тағы 6 тәулікке сотталған болатын.