Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан жетісайлық келіншек жазасын алды

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Түркістан облысында үш қызды азаптаған өгей анаға сот үкім кесті

НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде — Sputnik. Түркістан облысында өгей қыздарын азаптап келген 28 жастағы келіншек 4 жарым жылға сотталды.

Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі жабық жағдайда қараған болатын. Тілшілерді үкімге де қатыстырмады.

Тағы оқыңыз: Жетісайлық әйел өгей қыздарын қалай азаптағанын дәптерге жазып отырған 

«Астана» арнасына телефон арқылы ақпаратты берген төраға Қанатбек Қоңырбаевтың айтуынша, оған жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленген. Ал үш қыз әкесінің қамқорлығында қалыпты. Сотталғанның екі жасқа толмаған ұлы жергілікті білім бөлімінің қамқорлығында. Бүгін сондай-ақ, келіншектің сот процесі кезінде, яғни маусым айында босанғаны белгілі болды. Қылмысы әшкере болған кезде оның айы-күні жақындап қалған болатын. 

«Сәби аудандық білім бөлімінің қорғаушы және қамқоршы мекемесінің қарауына берілді, қамқоршылық мәселесін сол кісілер қарайды. Атқару жүйесі, білім бөлімі баланың тағдырын шешеді», — дейді Түркістан облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қанатбек Қоңырбаев.

Еске салайық, дүйім жұрттың жағасын ұстатқан қылмыс Жетісай қаласында сәуір айында ашылды. Кәмелетке толмаған үш қызды өгей шешесі ұзақ уақыт денесін тістеуікпен қысып, темірмен ұрып, қорлап келгені белгілі болды. Соттың дерегінше, 28 жастағы өгей шеше азаптау процесін 2017 жылдың қыркүйегінен жалғастырып келген. Судья мұнан өзге ақпаратты жария етпеді.

Зәбір көрген қыздардың әкесінің жеңгесі, яғни өгей шешенің абысыны отбасыға қатысты біраз шындықты жария еткен еді.

Оның айтуынша, қорлық көрген қыздардың әкесі жағындағы туыстары олардың денесі көгеріп жүретінін бұдан алдын да талай мәрте байқаған.

Қыздарды өз қамқорлықтарына алмақ болғанда әкесі айқай-шу шығарып, бермей қойған. Қыздарға қарайтын адам керек болғандықтан ғана үйленгенін айтып, талай рет үйінен де қуып шығыпты. 

Толығырақ мына жерден оқи аласыздар.



sputniknews.kz