ДСҰ «ойынға тәуелдікті» ресми түрде ауру деп мойындады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «ойынға тәуелдікті» ресми түрде ауру деп мойындап, халықаралық аурулар тізіміне қосты. Ұйымға мүше елдер мұндай шешімді Женевада өткен 72-ші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы кезінде мақұлдады.
2022 жылдан бастап күшіне енетін аурулар классификациясында «ойын ауытқушылығы» адамның «жеке, отбасылық, әлеуметтік, білім, кәсіби және басқа да маңызды салалардағы функциясына үлкен залал келтіретін қылық» деп сипатталады.
ДСҰ құжатына қарағанда, бұл сырқат ойынды күнделікті өмірдегі маңызды мәселерден маңызды санау, теріс әсері болса да, ойыннан шықпау сияқты жағдайлардан көрінеді.
«Ойынға тәуелдікті» ауру ретінде санаған ұйым шешімінен соң видеоойындар өндірісімен айналысатын бірнеше ірі компания мұның сырқат екеніне «жеткілікті дәлел келтірілмегенін» айтып, шешімді қайта қарауға шақырды.