Досым Сәтпаев: Қазақстан өз ұстанымын нақтыламаса қиын болады

0

Саясаттанушы бұл туралы бүгін Алматыда өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Егер біз Ресейді Еуразиялық одақ бойынша әріптесіміз деген ұстанымнан айнымасақ, әлемдік қауымдастық теріс айналуы мүмкін. Ендеше, бейтарап дипломатияның уақыты аяқталды. Қазіргі таңда әлем қауымдастығы екіге бөлінді. Біреуі – екі ел арасындағы жағдайды Ресейдің агрессиясы, соғыс деп санаса, екінші тарап «әскери операция» деп жүр. Ал олардың саны аз. Сондықтан, Қазақстанға өз позициясын нақтылауы тиіс деп санаймын. Бизнесмендер Еуразиялық одақтан шығу туралы бастама көтеріп отыр. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, санкция Қазақстанды да шарпиды. Мен көп адамдармен араласамын, пікірлерін оқып отырмын. Олар блогерлер емес, кәдімгі өз ісінің мамандары. Олар экономикалық риск дегеннің не екенін біледі. Міне, қазір сол азаматтар санкцияны ойлап үрейленіп отыр», – деді саясаткер Досым Сәтпаев.

Сондай ақ, ол ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды.

«Оның үстіне ақпараттық қауіпсіздік туралы да ойлауымыз керек. Қазақстан оппозициялық медиалардың жұмысы тұншылықтырған соң пайда болған бос кеңістікті ресейлік үгіт-насихат толтырып жатыр. Күні кеше Қазақстанда ресейлік каналдардың таралуын тоқтату туралы петиция пайда болды», — деді ол.