Home Жаңалықтар Досым Сәтбаев: «Қауіп төндіріп отырған «Талибан» емес, өзге лаңкестік ұйымдар»

Досым Сәтбаев: «Қауіп төндіріп отырған «Талибан» емес, өзге лаңкестік ұйымдар»

0
587

Ауған билігі тәліптердің қолына әне-міне толық өткелі тұрғандай, деп хабарлайды ЭК.

Бір тәуліктің ішінде олар Құндыз, Сари-Пуль және Тахар провинцияларының орталығын басып алды. Еуроодақтың Ауғанстандағы арнайы өкілі Томас Никлассон: «Талибан» Ауғанстан билігін күшпен алса, Еуроодақ және басқа да елдер оны мойындамайтын болады», — деп мәлімдеді. Батыс мойындаса да, мойындамаса да, енді тәліптерге төтеп беретін күш жоқ.

©AP/Tariq ACHAKZAI
©AP/Tariq ACHAKZAI

Жағдай әрмен қарай қалай өрбімек? Орталық Азия елдерінің тәліптерге қатысты ұстанған саясаты өзгере ме? Ауған мәселесінің түйінін ЭК тілшісіне саясаттанушы Досым Сәтбаев тарқатып берді.

— «Келіссөзден қашпаймыз» деп мәлімдеген тәліптер ұрыс салып, ел аймақтарын бірінен кейін бірін басып алып жатыр. Жағдай әрмен қарай қалай өрбімек?

— Ауғанстандағы қазіргі жағдай 90-жылдардың ортасындағы ахуалды еске түсіреді. Ол кезде де «Талибан» Ауғанстанды жұдырығында ұстады. Талибан мен Солтүстік альянс арасында әскери қимылдар да осылай қарқынды жүрді. Ол кезде Ахмад Шах Масуд атты талантты әскер қолбасшысы Солтүстік альянсқа басшылық жасаған болатын. Бұл альянс Талибан мен Орталық Азия елдерінің арасын бөліп тұрды.

Ал қазір Солтүстік Альянс атымен жоқ. Сондықтан кейбір Орталық Азия елдері тәліптермен серіктестік орнату үшін белсенді түрде келіссөз жүргізіп жатыр. Соның бірі — Өзбекстан. Ташкент тәліптермен санасуға тура келетінін жақсы түсініп отыр.

Оның үстіне, тәліптер Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Өзбекстанға шабуыл жасамаймыз деп уәде берді. Расында да, солай. «Талибанның» басты мақсаты — Ауғанстанда бақылау орнату. Көрші елдерге басып кіруге мүдделі емес. Оның үстіне, күші мардымсыз. Әрі кетсе, 100 мың адамның о жақ, бұ жағы. Халықаралық рейтинг бойынша, Өзбекстанның әскери қуаты мықты.

— Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары Түрікменстанда бас қосты. Онда талқыланған басты мәселелердің бірі — осы Ауған мәселесі болар?

©AP/Rahmat GUL
©AP/Rahmat GUL

— Орталық Азия елдері арасында серіктестік орнатуға ұмтылыс бар. Негізінен, экономикалық және гуманитарлық мәселелер қозғалды. Қазақстан мен Өзбекстан туристік серіктестік құрмақ. Шекарада көлік-логистикалық хаб жасамақшы. Рас, ауған мәселесі де алаңдатып отыр.

Орталық Азиядағы бес елдің ішінде тек қана үш мемлекет — ҰҚШҰ-ға мүше. Оған Өзбекстан мен Түркіменстан кірмейді. Десе де, серіктестік туралы шартқа қол қойған. Ресей де қазір өңірге кіруге ұмтылып жатыр. Ықпалын бекіту үшін ауған мәселесін жақсы пайдаланып қалмақ.

Бір жағынан, Ресей тәліптермен келіссөз жүргізіп жатыр. Екінші жағынан, «Талибанды» қауіп деп атап отыр. Шындығында, қауіп төндіріп отырған — талибан емес, өзге лаңкестік ұйымдар. Олар — ДАИШ пен Өзбекстанның ислам қозғалысы. Бұл радикалды ұйымдар «Талибанға» қарсы соғысып жатыр.

— «Талибан» бұлардың жанында салиқалы ұйым ретінде көрінетіндей ме, қалай?

©AP/Rahmat GUL
©AP/Rahmat GUL

— Ресей, Өзбекстан және басқа елдер Талибанмен неге келіссөз жүргізіп жатыр? Себебі, олар Талибан ДАИШ және басқа да радикалды топтармен күреседі деп есептейді. Бір жағынан, бұл тиімді де. Шынтуайтында, жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда күрделірек.

Олар бұл елде жиырма жыл бойы соғысты. Америкалықтар триллион доллар шығынданды. Діттегеніне жете алмады. Мақсаттары — әл-Қаиданы паналатып отырған талибанды құрту еді. Қазір әл-Қаиданың орнына ДАИШ пайда болды. Бұл бір басын шапсаң, екінші басы өсіп шығатын айдаһарды еске түсіреді.

— АҚШ әскерін әкетіп жатыр. ЕС құр сөзден арыға бара алмай отыр. Жағдай ушықса, Батыс қайта әскер кіргізуге дайын ба?

Pixabay
Pixabay

— Соғыс АҚШ-қа абырой әкелмеді. Америкалықтардың дені тым көп ақша жұмсалғанына, әскерилердің арасындағы адам шығынының артып кеткеніне наразылық білдіріп отыр. Саяси жағынан абыройсыздыққа ұрындырып, экономикалық тұрғыдан тым қымбатқа түсті. АҚШ Кеңес Одағының кебін киіп, кетуге мәжбүр болды.

— Осы уақытқа дейін Қазақстан Ауғанстанға көп көмек беріп келді. Талибан билікке келген соң, бұл елге қатысты Ақорда қандай саясат ұстанады?

— Қазақстан Ауғанстанмен шекаралас жатқан жоқ. Еліміз тек қана гуманитарлық, мәдени, білім беру саласында серіктестік орнатты. Бізде ауған студенттері оқыды. Өзбекстанға қарағанда, Қазақстан ауған мәселесіне аз араласты.

Қазақстанның сыртқы саясаты икемдірек. Сондықтан халықаралық мойындалған күштермен келіссөз жүргізеді. Талибанның да міндеті — халықаралық мойындауға ие болу.

Еліміз үшін Өзбекстан арқылы Ауған саясатына араласқан тиімді. Өйткені, Өзбекстанның тәжірибесі молырақ. Байланыстары да жолға қойылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда Пәкістанның порттарына шығатын өзбекстандық темір жол жобасы туралы айтып қалды. Өзбекстанға бұл жобаның қауіпсіздігі керек. Бұған кепілдікті тек тәліптер бере алады. Бұл Қазақстан үшін де өте тиімді. Осы жол арқылы тауарларымызды экспортқа шығара аламыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

«Талибан» қозғалысы — Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған лаңкестік ұйым.