«Достықтың символы». Рим Папасы Моңғолияға Күйік ханның хатының ресми көшірмесін сыйлады

0

Моңғолияға мемлекеттік сапармен келген Рим Папасы Франциск Моңғолия Президенті У.Хүрэлсүхке Ұлы Моңғолия Империясының ханы Күйіктің Ватиканның құпия мұрағатында сақталған хатының сапалы ресми көшірмесін табыс етті. Бұл туралы МОНЦАМЭ жариялады, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

«Ежелгі заманда, 777 жыл бұрын, 1246 жылы Рим Папасының елшісі, діни қызметкер Джон Плано Карпини Моңғол империясының үшінші Ұлы ханы Күйікке барып, Рим Папасы IV Иннокентийдің хатын тапсырған.

Көп ұзамай ханның мөрімен ескі моңғол әріптерімен жазылған сөздері және әртүрлі тілдерге аудармалары бар жауап хат жіберілді. Ол қазір Ватиканның құпия мұрағатында сақтаулы. Бүгін мен осы хаттың сапалы, заманауи, ресми көшірмесін сый ретінде салтанатты түрде табыс етемін. Бұл сыйлық бүгін күннен-күнге кеңейіп келе жатқан достықтың символына айналсын», — деді Папа Франциск жұртшылыққа арнаған сөзінде.