Досаев банктің «қара тізіміне» енгендер неден құр қалатынын айтты
Қысқа сілтеме алу
Ұлттық банк кредиттері коллекторлық бюроға кеткендермен жұмыс істемейді
НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев коллекторлық бюроға кеткен кредиттерді мемлекет өтеп бермейтінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистер бас банкирден коллекторлық бюроға кеткен қарыздар туралы сұрады.
«Кредитті белгілі бір уақытта төлемесе, ол коллекторлық бюроға кетіп қалады. Осындай қарыздар мемлекет есебінен өтеле ме? Ондай азаматтар жеңілдік ала ма?», — деп сұрады журналистер. Досаев «жоқ» деп қысқа ғана жауап берді.
Бас банкирдің айтуынша, банктер баланста тұрған азаматтармен ғана жұмыс істейді.
«Коллекторларға кеткені кетті. Банктер баланста қалғандармен ғана жұмыс істейді», — деді Досаев.
Осыдан кейін бас банкир журналистердің қоршауын бұзып, жылдам кетіп қалды.
Айта кетейік, президенттің тапсырмасы бойынша кепілсіз кредит алған 5 миллионға жуық адамның айыппұлдары мен өсімақылары өтеледі. Ал тұрмысы төмен азаматтар үшін осындай жеңілдікпен бірге 300 мың теңгеге дейінгі қарыз сомасы кешіріледі. Бірақ кредиттің сомасы 3 миллион теңгеден аспауы қажет. Тұрмысы төмен азаматтардың қатарына көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, жетім балалар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар жатады. Бүгін парламент мәжілісі тиісті заң жобасын мақұлдады. Енді оны сенатта қарайды.
sputniknews.kz