«Дос-Мұқасан» тобының әншісі Ақжол Мейірбеков дүниеден өтті

0

Әнші, музыкант, “Дос-Мұқасан” ансамблінің солисті Ақжол Мейірбеков дүниеден өтті. Бұл жөнінде Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның дүниеден өткенін 25 қарашада қызы тілшімізге растады. Әзірге неден көз жұмғаны белгісіз.

Әнші 1950 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында дүниеге келген.

1978 жылы «Дос-Мұқасан» ансамбліне қабылданады да, 1985-1994 жылдары Алматы облыстық филармониясының «Арқас», «Сазген», «Адырна» ансамбльдерінде ән салған.
Әнші 1994-1996 жылдары «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болды. Ал 2001 жылы «Ақжол» ән-театрын құрды.

Музыкант 2010 жылы қайтадан «Дос-Мұқасан» тобына оралып, осы күнге дейін ансамблдің әншісі болды.

Ол Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, құрмет орденінің иегері және ерен еңбегі үшін медалінің иегері атағына ие.

Мейірбеков Шарипа ханымға үйленіп, сол некесінен 1 қыз, 2 ұл сүйді. Луиза, Сұлтан және Тимур есімді балаларынан 8 немере мен 1 шөбере көрді.