Дос Көшім: “Өліп қалам ба деп қорықтым”

0

Белгілі саясаткер Дос Көшімнің шөлді Аралға жасаған экстремалды саяхаты аяқталды, деп хабарлайды ЭК.

Саясаткер Дос Көшім ЭК тілшісіне Арал теңізіне жасаған сапары туралы баяндап берді.

«Әлі өзіме өзім келе алмай отырмын. Сапар өте қиын болды. Күннің аптап ыстығы мен жалғыз өзің иен далада жүру өте қиын екен. Алты күннің ішінде тамақ жеген жоқпын, тек су мен құрманы талғажау еттім. Менің алдыма қойған мақсатым- қанша шақырым жол жүру емес, Аралды кесіп өту ғой. Мақсатыма жеттім деп есептеймін«, — деді Дос Көшім.

Дос Көшім

Саясаткер Аралды алты күнде кесіп өткен. Айтуынша күніне 5-6 шақырымды еңсеріпті. Ең көп жүргенім, бір күнде 37 шақырым дейді.

«Шынын айту керек, мен өз күшімді дұрыс есептемеген сияқтымын. Су күніне 1,5 литр жетеді деп алып шыққанмын. Бірақ аптап ыстық шыдатпады. 45-46 градус ыстықта жүрмек түгілі, бір орында жатудың өзі қиын. Бірақ одан да қиыны- адамның жалғыз қалуы екен. Жалғыз жүрген адам бір орында тұрып қалған сияқты болады«, — дейді саясаткер.

Дос Көшім

66 жастағы жиҺанкез аптап ыстықтан денсаулығына алаңдағанын да жасырмады.

» Қорқынышты болды. Несін жасырамын? Басымнан күн өтіп құлап қалам ба деп те алаңдадым. Бірақ бәрі ойдағыдай өтті. Табиғатты бағындырдым деуден аулақпын, мен бұл жерде өзімді сынап көрдім. Бұл-экстремалды туризм. Әлемде осындай марафондар бар, сахараны кесіп өту деген секілді. Қазақстанның 70-80 пайыз жері шөл, шөлейтті жерлер. Осыны жанкешті саяхатқа неге пайдаланбасқа?!», — дейді ол.

Досы Көшім барлығын қосқанда 150 шақырымнан астам жерді жалғыз, жаяу жүріп өтті.

Естеріңізге сала кетейік, саясаткердің жанкешті саяхаты туралы ЭК бірнеше материал берген болатын.