Дос Көшім: «Буча қырғынына «фашизм» дегенді қосар едім…»
Әлемді есеңгіретіп жатқан Украина мен Ресей арасындағы соғыс әлі аяқталған жоқ. Кейбір сарапшылар соғыс бірнеше айға созылуы мүмкін дейді. Украинаға Батыс елдері уәде еткен қаруларын беріп бастады. Солтүстік аймақ толық азат етілгенімен, елдің шығысы мен оңтүстігін ауыр шайқастар күтуде. Буча, Ирпень, Гостомель қалаларын азат еткеннен кейін, Украина жасақтары сұмдық көріністің куәсі болды. Қала көшелерінде бейбіт халық қырылып жатты. Трагедия орнына келген Украина Президенті көзіне жас алды.
«Әдетте президенттер мұндай үндеу жасамайды. Бірақ бүгін мен бұл сөздерді айтуға мәжбүрмін. Буча мен басқа қалаларда жүздеген адам азаптап өлтірілген.
Көшелер мәйіттерге толды. Миналар қойылған. Тіпті жарылғыш заттар мәйіттердің арасында жасырылған. Біздің жерімізге зұлымдық келді.
Кісі өлтірушілер, баскесерлер, әйел зорлаушылар, тонаушылар өзін әскер деп атап жүр. Олар тек өлімге ғана лайықты. Меркель ханым мен Саркози мырзаны мына сұмдықты өз көзімен көру үшін Бучаға шақырамын, — дейді Украина президенті Владимир Зеленский.
Соңғы жаңалықтарға байланысты белгілі саясаткер Дос Көшімнің пікірін сұрадық…
— Буча қырғыны туралы пікіріңіз?
— Ресейдің Буча қырғынынан асып кететін қылмысы ары қарай да ашылатын сияқты. Олардың жаулап алған елді мекендері енді ғана украина әскерлерінің қолына көшіп жатыр. Буча қырғыны 2-3 апта ішінде болған трагедияның бастапқысы. Украина Президенті бұл қырғынды «геноцид» деп атады. Менің ойымша бұл жерге «фашизм» дегенді де қосу керек. Себебі, бұл нағыз әскери фашистік қылмыс сияқты, әскери мәселеге қатысы жоқ азаматтарды зорлау, өлтіру жиырма бірінші ғасырда миға сыймайтын мәселе.
Көңіл аударатын ең басты мәселе — кешегі Зеленскийдің БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде айтқан сөзі. Бұл бұрыннан айтылып жүрген мәселе. Ол тікелей: «Егер сендер өздеріңнің міндеттеріңді атқара алмасаңдар, бейбітшілікті ұстай алмасаңдар тарап кеткендерің дұрыс» деді. Себебі, БҰҰ-ның ішіндегі Қауіпсіздік Кеңесінің бір мүшесі қарсы болса, шешім қабылданбайды. Ал, Ресей кеңестің мүшесі. Ресейге қарсы ештеңе қабылданбайды. Бұл мәселені ашық айтуға да Буча оқиғасы себеп болды.
Бұл трагедияның жалғасын басқа қалалар азат етілгенде көре жатамыз. Жалпы, соғыс тоқтап, соғыстың салдары Украина тарапынан халықаралық деңгейде тексеріле бастағанда Ресейдің үлкен қылмысына куә боламыз.
— Бұл соғыстан еліміз қандай зардап шегеді? Санкциялар бізге салынуы мүмкін бе?
— Егер Қазақстан тек қана бейтарап күйінде қаламын десе, бізге деген сезік өте көп. Шындығында, Ресей санкция салынған тауарларды біз арқылы алуы, ол — бір жолы. Бұл жолды, менің ойымша, Ресей жүзеге асыруға тырысады. Халықаралық ұйымдар оның шет жағасын көріп қалса, онда бізге санкция салынады. Жеке саясаткерлер санкция туралы мәселелерді көтеріп жүр.
Санкцияның әсері, нәтижесі қазір байқалмайды. Алты ай, бір жылдан кейін, екі жылдан кейін біліне бастайды. Сондықтан, қазір Қазақстан қыл үстінде тұр. Бұдан құтылаудың бір-ақ жолы — Ресейдің басқыншылық соғысына өзіміздің ашық пікірімізді айту.
«Ойбай, біздің жеті мың шақырым шекарамыз бар, біз бәрібір тарихи көршіміз, иә қорқып отырғанымыз рас, экономикалық байланып қалғанымыз бар. Бірақ, 2014 жылдары біз айттық қой. Кедендік Одаққа кірмеңдер, Еуразиялық Одаққа кірмеңдер деп. Тек қана ұлтшылдар, опозиционерлер емес, кәсіпкерлер де айтты. Саясатқа қатысы жоқ адамдар да айтты.
Осылардың бәрінен жәйлап шыға бастауымыз керек. Ресейдің көрсеткен зорлық-зомбылығынан кейін кімдермен сәлеміміз түзу болу керек, кімдерден іргемізді аулақ ұстауымыз керек… Жайлап-жайлап шығып кетсек, экономикалық құлдырауда онша көп деңгейге түспейміз. Халықаралық деңгейде өз беделімізді сақтап қаламыз.
— Кімге сенерін білмей отырған халыққа қандай кеңес берер едіңіз?
— Халық өздері іштерінде таңдап алған сияқты. Белгілі бір азаматтар Ресейдің агрессиясын қолдап отырғанын білеміз. Орыстілділер ғана емес, оның ішінде қазақтар да бар. Бірақ, халықтың көпшілігі 80-90 пайызы Ресейге қарсы, соғыстың тоқтатылуын қалап, Украинаны жақтап отырғаны айдан анық.
Әңгіме былай, өз көздеріңізбен көрген дүниелерге сеніңіздер. Біздің баяғыдан миымызға құйып қойған «батыс деген қу, батыс деген пайдаланады да қояды. Неше рет АҚШ Қазақстанға шабуыл жасады? Неше рет батыс елімізді ыңғайсыз жағдайға қойды?» Телефонға, жұрттың айтқанына емес, өз көздеріңізбен көрген нәрсеге сеніңіздер, соған баға беріңіздер.
Менің айтарым осы…
Сұхбаттасқан Торғын Төлегенқызы
Kznews.kz Ақпараттық агенттігі