Домбыраны қалай үйренуге болады?

0
214

– Еңгілік, әңгімені өзіңізден бастасақ…  

Мен Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келдім. Кішкентай кезімнен домбыраның үніне құмар болып өскендіктен, бала арманмен Петропавл қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандырылған мектептің табалдырығын аттадым. Сол өнер ордасында жүріп Тойкен Қабиқызының жетекшілігімен республикалық және халықаралық байқауларда бақ сынап, лауреат атандым. Мектептен соң Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі музыка» факультетіне түсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбайдың домбыра сыныбын тәмамдадым.  Қазіргі таңда Астана қаласы №1 өнер мектебінде домбырадан сабақ беремін.  Шәкірттерім түрлі байқау-жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Композитормын. Мектебіміздің 35 жылдық мерейтойына орай, өнер ордасының әнұранын шығардым. Авторлық күйлерім «Шалқар» радиосының алтын қорына енді.

– Балаларды жалпы қанша жастан домбыраға берген дұрыс?

Балалардың қабылдау деңгейі әртүрлі болады. Сол себепті нақты қай жастан бастап домбыраны  үйрету керектігін айту қиын. Жалпы алғанда 7 жасынан бастап берген дұрыс. Өйткені баланың бойында мұғалімнен сабақ алудың алғашқы алғышарттары қалыптасады. Осы кезеңде бала қалам ұстап, жазу жаза алады, яғни ұсақ қол моторикасы дамыған, жаттыққан болады.

– Домбыраны барлық балаға үйретуге бола ма, әлде таңдау керек пе?

Домбыраны барлық балаға таңдамай үйретуге болады. Бірақ олардың қабілетіне қарай үйрету әдісі түрленуі тиіс. Бұл баланың үйрену мақсатына да байланысты. Егер бала кәсіби домбырашы болуды көздесе, онда әрине оның есту, ырғақ ұстау, дыбыстарды ажырату және т.б. қабілеттерін тексеріп барып қабылдайды. Ал өз қызығушылығымен қолға алса, онда жеңілдеу жолымен үйретуге болады.

Негізі домбыра үйретудің қазір қалыптасқан үш жолы бар: нота, санау және құйма құлақ. Осы үш жолдың бірін баланың қалауы, қабілеті, мақсатына қарай таңдап алып үйретеді.

– «Нұр орда» қазақ-түрік лицейі домбыра сабағын 1-2 сыныптарға міндетті пән ретінде енгізген. Сіз осыны барлық мектеп жүйесіне енгізуге болады деп ойлайсыз ба?

Бұл туралы «Еgemen Qazaqstan» газетінің осы жылғы 9 қаңтардағы санынан оқыдым. Бұдан бұрын да сол мектепте жұмыс істейтін, университетті бірге бітірген достарымнан естігем. Әрине, өскелең ұрпақ ұлттық өнеріміздің бай мұрасымен сусындап өссін десек, білім беру жүйесіне енгізген орынды. Себебі домбыра – Қадыр ақын айтқандай, «нағыз қазақ». Соны насихаттап қана қоймай, онан әрі қарай дамытқан дұрыс деп ойлаймын.

– Балаларға домбыра үйретуде қандай қиындықтар бар?

Балалардың қабілеті әртүрлі болады, соған сәйкес кездесетін қиындықтар да түрліше. Балаларға домбыраны үйретуде физиологиялық, психологиялық, музыкалық қиындықтар кездеседі. Ең басты қиындық – балалардың көбінде қазір әрекет аз, жаттығу жеткіліксіз болған соң, білезік немесе саусақтарының жөнді жұмыс істемеуі. Баланың жеткілікті алып кетуіндегі келесі кедергі – психологиялық. Яғни бала музыкалық жағынан қиналмайды, тез қағып алады, талантты, алайда жұрт алдына шыққанда қобалжып бәрін ұмытып қалады. Ал үшіншісін қарапайым тілмен жаттандылық десек болатын шығар. Бала күй мәтінін жақсы жаттап алады, бірақ сезініп тартпайды. Бұл қиындықтарды мұғалімнің жетекшілігімен әрі баланың еңбекқорлығымен жеңуге болады.

– Балалардың домбыраға деген қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек?

Бүгінгі балалар – смартфонға жақын, тіпті түнде айпадпен ұйықтап, таңертең телефонмен тұратын, планшет құшақтаған буын. Біз оны да өз пайдамызға жарата білуіміз қажет. Қазіргі заманға сай, жаңа және домбыраның үніне елітетін кейіпкерлерді, телебағдарламаларды көбейтіп, мультфильмдер санын да арттырсақ, аспапқа деген қызығушылығы оянады. Ата-анасына өзі ұсыныс жасауы да әбден мүмкін.

– Жастар жылына қандай жоспар бар?

Әр нәрсе, әсіресе жаңа дүние адамға көп жаттығуды, үнемі айналысып отыруды қажет етеді. Бұл балаларға да қатысты, олар тез қағып алады, шапшаң меңгереді және дәл солай жылдам жалығады да. Оның қызығушылығын оята алмасаң, ойнатып отырып үйретпесең, жеңіл жаттығулармен жетілдіріп, шаршатпайтын, жасына лайық шығармаларды бермесең, ынтасы жоғалады, тіпті домбыраны тастап кетеді. Балаларға домбыра үйрететін мұғалімнің ересектерге сабақ беретін оқытушыдан айырмасы – ең алдымен баланың бойында осы бір қазақтың өзіндей болған киелі аспапқа сүйіспеншілігін ояту. Музыкаға бет бұрған ересек жандар саналы түрде келеді, сондықтан кез келген кедергіні, жалқаулықты жеңе алады. Ал бала – түзу бағыттауды, жылу беріп, су құйып, баптауға зәру жас шыбықтай, үнемі тәрбиелеп отыруды қажет ететін жаратылыс. Бұдан бөлек, тағы бір мәселе – домбырада балдырғандарға арналған музыкалық шығармалардың кемдігі. Бір-екі этюдтан соң, көбіне халық күйлерінен бастап кетеміз, ал бұл балаға қиын. Осының бәріне өз тәжірибемде көз жеткізгеннен кейін балаларға арналған жеңіл, ойнақы, көңілді, әрбір саусақты жаттықтырып, жан-жақты қабілеттерін дамытатын күйлерді шығардым. Қазіргі таңда оларды нотаға түсірумен айналысып жатырмын. Жастар жылында жеткіншектер мен жасөспірімдерге арналған күйлер жинағын жарыққа шығаруды жоспарлап отырмын.

Әңгімелескен Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/