«Домбыра тартпа, сәлем салма»: Нұрлан имам қара жамылғандармен күресуге үндеді

0

Әлеуметтік желі арқылы танымал болған имам, исламтанушы Нұрлан Байжігітұлы қара жамылып жүретіндерге ескерту жасады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нұрлан имамның айтуынша, қара жамылу біздің дінімізде де, салтымызда да болмаған көрінеді.

“Біздің ұлтымызға, санымызға, салтымызға, дәстүрімізге, үрдісімізге қарсы болған қара жамылу, бетіне дейін қара жабу, қара киім киіну, көзінің тілігін ғана қалдырып, қалған жерін қара қылып киіну біздің еліміздің өткеніне де, келешегімізге де сыймаған дәстүр екенін білуіміз керек. Құдайға деген сенім-тақуалығымыз көзіне дейін тұмшалаумен өлшенбейді. Отбасына дұрыс тәрбие беріп, адал жар болып, қолынан келгенше қызметте болып, Отанына адал болу нағыз құдайға берілгендікті білдіреді. Сол үшін біз осыны нәрсемен мемлекетіміз болып, зиялы қауым, жастар болып, қарсы тұруымыз керек. Өйткені бетін жабу не шариғаттың бұйрығы емес, не ата-бабамыздың дәстүрі емес. Ал енді қара киімге келетін болсақ, жалпы біздің салтымызда қара жамылу қайғының, уайымның, мұңның, зардың іспетін білдіреді”, – деді ол.

Сонымен қатар имам ұлттық аспаптарды харам деп жүргендерге де жауап берді.

“Менен үнемі сұрайды домбыра мен гитара харам ба?” деп. “Домбыра тартсам күнәға батамын ба” деп сұрайтындар да бар. Үйде домбыра тұрса домбыра, гитара тұрса гитара болады. Екеуі қатар тұрса ансамбль құрылады. Екеуі де қасқайып тұра берсін. Онда тұрған ештеңе жоқ. Домбырадан басқа дүниелерді реттейік. Олар – біздің салтымыз. Нағыз қазақ – домбыра. Сондықтан да әр шаңырақтағы балалар домбыра тартып үйренсін. Әр пернесінде қазақтың зары мен мұңы бар. Ата-бабамыз домбыраның үнін аңсап өткен, сол үшін әр қазақ үшін домбыра қастерлі”, – деп жауап берді имам.