долларды басып шығарудың арты не болады?
Қысқа сілтеме алу
Ірі банктердің есебі бойынша 2020 жылы АҚШ бюджетінің тапшылығы 4 триллионға дейін барады. Ондай көрсеткіш II Дүниежүзілік соғыстан кейін болған
НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Биыл наурыз айында Ресей АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына салған ақшасын үш есеге – 12,58 миллиард доллардан 3,8 миллиардқа дейін қысқартты. Өзге елдердің орталық банктері де Американың қазынашылық қағаздарынан құтылуға тырысып жатыр.
Вашингтон мойындап отыр
АҚШ-тың қаржы министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, Ресейдің қолында 3,381 миллиард доллардың ұзақ мерзімді облигациялары қалды. Бұдан бөлек, қысқа мерзімді 473 миллион доллардың құнды қағаздары бар. Соңғы бірнеше айдың ішінде АҚШ үкіметінің мемлекеттік қарызына салынған ресейлік инвестициялардың көлемі айтарлықтай азайды. Оны Вашингтон да мойындап отыр, деп жазды РИА Новости.
Негізі 2010-2013 жылдары ресейлік инвестициялардың көлемі 170 миллиард доллардан асып кеткен. Бірақ 2014 жылы сәуір айында Вашингтон санкциялар енгізгеннен кейін Мәскеу америкалық қағаздарды сатуға кірісті. Ал осыдан екі жыл бұрын «санкциялар салынады» дегеннен кейін Орталық банк қазынашылық облигациялардың басым бөлігін сатып жіберген. Сол кезде Орталық банктің портфелінде АҚШ-тың қазынашылық қағаздары бірден екі есеге азайған. Ресей одан алған ақшаны алтынға, сондай-ақ, еуро мен юаньге салды.
Оқи отырыңыз: Бас банкир халықтың доллармен сақтайтын депозиттері туралы айтты
Бүкіләлемдік алтын кеңесінің (WGC) есебі бойынша өткен жылы әлемде орталық банктердің балансында бағалы металдың үлесі 651 тоннаға артты. 1971 жылдан бері бұл – ең үлкен көрсеткіш. Сол кезде АҚШ алтын стандартынан бас тартқан еді.
2019 жылы Ресей бағалы металды ең көп алған мемлекеттердің қатарынан көрінді. Ол барлық алтынның 20 процентін сатып алды. Осылайша, Орталық банк монеталық алтынды 159 тоннаға арттырып, 2270,56 тоннаға (73 миллион унцияға) дейін жеткізді.
Бұған дейін бәрі басқаша болған
Бүгінде Ресей ғана емес, басқа да шетелдік инвесторлар АҚШ-тың қазынашылық облигацияларынан құтылуға тырысып жатыр. Осы елдің қаржы министрлігі наурыз айында нарықтан біраз ақшаның кеткенін ашық айтты. Бір айдың ішінде шетелдік және мемлекеттік инвесторлар 256 миллиард доллардың құнды қағаздарын сатып жіберген. Осылайша, жалпы портфельді 6,81 триллион долларға дейін азайтқан болатын.
Әлем бойынша АҚШ-тың экономикасына ақша құйып отырған ірі 33 кредитордың ішінде бірнеше мемлекет қана өз үлесін арттырды. Олардың ішінде Жапония (3,4 миллиардқа), Швейцария (1,3), Тайвань (4,1), Филиппин (1,3) мен Австралия (1,8) бар. АҚШ-тың қазынашылық облигацияларын көбінесе дамушы мемлекеттер сатып жіберді. Коронавирустың салдарынан осы елдердің ұлттық валютасы құнсыздана бастады. Соған доллар қажет болған.
Ресей банкі де наурыздың басынан бері Мәскеу биржасында 6,6 миллиард долларды сатып жіберді. Соның есебінен бюджет тапшылығы өтелді. Әйтпесе, мұнай-газ саласынан түсетін кірістер азайды. Urals маркалы мұнайдың бағасы да төмендеп кеткен.
Ресей көбінесе қысқа мерзімді облигацияларды сатқан. Сөйтіп, осы қағаздарға салынған қаржының көлемі бірден 17 есеге азайды. Ал Сауд Арабиясы 25,3 миллиард доллардың облигациясын сатып жіберді. Бразилия (21,5) мен Үндістан (21) да АҚШ-тың қазынашылық қағаздарынан құтылды.
Негізі Америка үшін бұл жағымды жаңалық емес. Себебі осы елдің бір жарым триллиондық бюджет тапшылығы көбінесе мемлекеттік облигациялардың есебінен өтеледі. Бұл жолы инвесторлар күтпеген жерден көп қағазды сатып жіберді. Мәселен, 2008 жылғы дағдарыс кезінде керісінше АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына сұраныс жоғары болған.
Ақша басатын білдек қосылды
Шетелдік инвесторлар ақшасын шығарғаннан кейін бюджет тапшылығы көбейеді. АҚШ-тың федералды резерв жүйесі оны жақсы біледі. Сол себепті ақша басатын білдекті қосқан сияқты. Федрезерв құнды қағаздардың шексіз санын сатып алатынын мәлімдеді. Сөйтіп екі-ақ айдың ішінде балансты 2,9 триллион долларға арттырды.
Енді ақшаны жаппай шығарып, экономикаға салудың арты не болады? Америкалық валютаға қалай әсер етеді? Федрезерв дағдарысқа қарсы шаралар аясында ешбір негізі жоқ ақшаны басып, оның орнына құнды актив те алмай отыр. ФРЖ-ның балансы 6,42 триллион долларға жетті. Бұл – дағдарысқа дейінгі америкалық жалпы ішкі өнімнің 30 проценті.
Ірі банктердің есебі бойынша 2020 жылы АҚШ бюджетінің тапшылығы 4 триллионға дейін барады. Ондай көрсеткіш II Дүниежүзілік соғыстан кейін болған. Ал коронавирус дағдарысы аяқталғанда Федералды резервтің балансы 10 триллион долларға дейін жетуі мүмкін. Бірақ инвесторлар ол қаржының ақша басатын білдектен шыққанын жақсы біледі.
sputniknews.kz