Доллар 345 теңгеге арзандай ма?
Экономика саласын бағдарлап отырған сарапшылардың бірқатары биылғы жыл соңына қарай теңгеміз нығайып, АҚШ доллары едәуір арзандауы мүмкін екендігін айтып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, АҚШ федералдық жүйесі қойған ставка нейтрал бағытқа жақындап қалды. Оның үстіне осы аптада ОПЕК мұнай өндірісін қысқарту тураы шешім қабылдамақ. Бұл нарықтағы сұраныс пен ұсынысты теңестіріп, бағаны тұрақтандырады. Сонымен қатар, Ұлттық банктің базалық сыйақы мөлшерлемесін 9,25 пайызбен ұстап қалуы да теңге бағамының нығаятынынан хабар береді. ВВС Инвест компаниясының сарапшылар басқармасының басшысы Асқар Ахметовтың айтуынша, осылайша жыл соңында теңге нығайып, көк қағаздың құны түсе бастайды.
Сарапшы, Арман Бейсембаевтың пайымдауынша да, желтоқсан айының соңына қарай доллардың құны тіпті 345 теңгеге дейін арзандап кетуі де мүмкін. Бұл ретте сарапшы маман «жыл соңында елімізден экспортқа өнім шығаратындар салық төлей бастайды. Олар ірі көлемдегі салықты ел бюджетіне теңгемен төлейтіндіктен, жыл соңында теңгеге деген сұраныс артып, теңгенің бағамы нығаяды да, доллардың құны төмендейді» дейді.
Бірақ экономика саласын зерттеп жүрген ғалымдардың есебінше, теңге жыл соңында нығая қоймайды. «Доллардың құны 345 теңге болады» деп болжам жасау орынсыз.
Бұған қатысты экономит-ғалым Жаңабай Алдабергенов, макро-экономикалық жағдайымыздың дамуы көбінесе сыртқа факторға тәуелді болғандықтан теңгенің уақытша нығайғанынының өзі қауіпті екенін алға тартты.
«Ресейдің рубльі, Қытайдың юаньі әлісіреді. Батыс пен Ресей арасының салқындығы, АҚШ пен Қытайдың қабақ шытысуы әлем экономикасына әсер етпей қоймайды. Сондықтан қазір Қазақстан ғана емес, бірқатар дамыған елдер абдырап отыр. Себебі әлемдік нарықта шикізат бағасы түсіп жатыр. Бұған қоса АҚШ федеральдық резерв жүйесі бүгінде өзге елдерге беретін несие ставкасын 0,25 пайыздан -0,50 пайызға дейін көтерді. Мұны АҚШ долларды күшейту үшін жасап отыр. Ал доллардың күшеюі сыртқы қарызды доллармен алатын мемлекеттер үшін өте тиімсіз екені онсыз да түсінікті. Енді ойлаңыз, біз «жылдың соңында экспорттаушылар салықты теңгемен төлейді» деп мәз болып отырмыз. Ал өзіміз сыртқы қарызды доллармен қайтарамыз ғой. Жылдың соңында сыртқы қарыздың түгелін қайтармасақ та, белгілі бір бөлігін бюджеттен алып доллармен қайтаруға тура келеді. Осы жағын ойлау керек. Сондықтан өз басым нақ қазір доллардың арзандайтын факторын көріп тұрған жоқпын. Біз үшін қазір долларжың 370-371 теңге аралығында тұрғаны тиімді. Себебі осы арқылы шикізат экспортынан түсетін түсімді көбейтіп, бюджетті толтырып отырмыз. Доллар түссе сол шикізаттан түсетін түсім көзі де азаяды. Бюджет ортаяды»,-дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.
Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова айтуынша, қазір көрші Ресейдің тұс-тұстан салынған санкциялар есін алып, экономикасын тығырыққа тіреп отыр. «Ресейдің рубльі құнсызданып жатыр. Рубль құнсызданса, оның артынан теңге де ереді. Себебі Ресей мен Қазақстан экономикасы тығыз байланысты. Екі елдің сауда-саттығында теңге мен рубль арақатынасы жақсы дамыған. Рубльі құнсызданып, экономикасы дағдарып, санкциялар сансыратып отырған Ресей енді өзінің тауарын Қазақстан мен Беларусь елдеріне көптеп жөнелтіп осы екі нарықты басып алады. Кедендік Одақ аясындағы салық жүйесіне де өзгерістер енуі әбден мүмкін. Мұндайда теңге нығаяды деп арқаны тағы кеңге сала алмаймыз. Сондықтан бұл арада Үкіметке отандық өндірісті қолдауға қатысты жаңаша бағыттарды ұстануға тура келеді»,- деді сарапшы Тоғжан Шаяхметова.
Сондай-ақ мамандардың пайымдауынша, мұнай бағасы да енді бүрынғыдай болмайды.
«Жаңадан мұнай кен орындарының көптеп ашылуы әлемдік нарықтағы шикі мұнайдың көбеюіне алып келді. Қазір АҚШ тақтатас мұнайын көптеп өндіруде. АҚШ күніне 1 млн баррел мұнай өндіретін жағдайға жетті. Соның арқасында Сауд Арабиясын ығыстырып әлемдегі ең ірі мұнай өңдеуші елге айналды. Осылайша нарықта мұнай көбейді. Алдағы уақытта да мұнайдың бағасы төмендей береді. Бұл экономикасы мұнайға байланған елдер үшін қуантарлық жағдай емес. Сондықтан бізге ұлттық экономиканы көтеруге күш салу керек. Ол үшін әрине отандық өндірісті қолдау қажет. Отандық өнім өндірушілер мемлекеттік қолдауды толық сезінуі тиіс. Сонда ғана біз доллармен есептелген, мұнайға байланған экономикадан сытылып шығатын боламыз »,- деді Тоғжан Шаяхметова.
Қарлығаш Зарыққанқызы