ДНҚ сараптамасы бөгде адамның биоматериалын анықтаған жоқ: Алматыдағы бірінші сынып оқушысын зорлауға қатысты полиция департаменті түсіндірді
Алматы халықаралық мектебінде 1-сынып оқушысының зорланғаны туралы белгілі болды. Ғаламторда жарақат алды деген баланың анасы Ольга Примушконың оқиға туралы ақпаратпен бөліскен видеоүндеуі жарияланды. Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша тергеуді бастағанын айтты. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиғаға қатысты полиция басқармасының ресми өкілі Салтанат Әзірбек түсіндірді.
«Бұрын хабарланғандай, Алматы қалалық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыс бабы бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Сот-медициналық комиссия сараптамасы тағайындалды. Медициналық тексеру қорытындысы бойынша баланың денесінде сыртқы және ішкі жарақаттар табылмаған. Енді қосымша сараптама тағайындалды. Сондай-ақ геномдық ДНҚ сараптамасы жүргізілді, ол бөгде адамның биоматериалын анықтаған жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның объективті мән-жайларын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу сонымен қатар беттестіру мен жауап алуды, соның ішінде ықтимал куәларды қамтиды”, – деп мәлімдеді Салтанат Әзірбек.
Оның сөзінше қазір толыққанды тергеу жұмыстары жүргізілуде.
«Оқиғалардың толық хронологиясы мен болжамы тергеу нәтижелері бойынша қалпына келтірілетін болады. Объективті мән-жайларды анықтау және туындаған мәселелерді шешу, сондай-ақ тергеуге қажетті ақпаратты беру мақсатындп сараптама тағайындалды. Жаңа ақпарат бар. Бірақ өзімнің заңды міндеттерімді ескере отырып, мен оларды жария ете алмаймын”’, – дейді ол.
Салтанат Әзірбек істе видеокамералардың жазбалары толық зерттеліп жатқанын алға тартты.
«Бақылау камераларының бейнежазбалары тергеуге алынып, мұқият сараптамадан өткен. Алайда, қылмыстық іс жүргізу заңнамасының, атап айтқанда 201-баптың талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру туралы ақпарат құпия болып табылады және әзірге жария етуге жатпайды”, – делінген хабарламада.
фото: egemen.kz