Дэвис кубогының рейтингі жарияланды
Үздіктер тізімін Франция теннисшілері бастап тұр. Олар 32637,50 ұпай жиған екен. Екінші орында – Хорватия. Хорваттардың қоржынында 30257,50 ұпай бар. Дәл осы қос команда күні кеше ғана аяқталған Дэвис кубогының финалдық сайысында өзара күш сынасып, бұл бәсеке Хорватияның пайдасына шешілген болатын. 15685 ұпаймен Аргентина құрамасы үшінші орынға табан тіреді. Биылғы маусым Оңтүстік Америка оғландары үшін аса сәтті болмады. Биыл олар айтулы жарыстың әлемдік тобына да шыға алмады. Алайда аргентиналықтардың осыған дейін жиған ұпай қоры үздіктер санатынан көріну үшін жеткілікті болды.
Төртінші орында – Бельгия (14941,25 ұпай). Бельгиялықтар биыл Дэвис кубогының ширек финалына шықты. Одан кейінгі сатыларға Ұлыбритания (11916,25 ұпай), АҚШ (9849,38 ұпай) және Испания (9149,38 ұпай) жайғасты. Биылғы жарыста британдықтар 1/8 финалда сүрінсе, америкалықтар мен испандықтар жартылай финалда өнер көрсетті. Сондай-ақ, «ТОП-10» команданың қатарында Сербия (7000 ұпай), Австралия (6712 ұпай) және Италия (5826 ұпай) құрамалары бар.
Бір айта кетерлігі, Қазақстан бұрынғы ТМД елдері арасындағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Тіптен, Ресейдің өзі жерлестерімізден көп қалып қойды. Олар 1633 ұпаймен 22 орынды қанағат тұтуда.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»