Дэвис кубогының иегері анықталды

0

Биылғы маусымды Хорватия теннисшілері өте тамаша өткізді. Бастапқы бәсекелерде Канада мен Қазақстанды 3:1 есептерімен қапды қалдырған олар жартылай финалда АҚШ-тан айлысын асырды – 3:2. Шешуші тұста француздармен күш сынасты. Өз кезегінде Франция құрамасы Голландия, Италия және Испанияны ұтқан еді. 

Алғашқы күні өткен жекелеген сайыстың екеуінде де ховаттар жеңіске жетті. Атап айтсақ, Марин Чилич Жо-Вильфрид Цонгаға, ал Борн Чорич Жереми Шардиге шаң қаптырды. Жұптық ойында Пьер-Юг Эрбер пен Николя Маю Иван Додиг пен Мате Павичті ұтып, есеп айырмашылығын қысқартты. Десек те төртінші кездесуде Марин Чилич Люк Пуиден айласын асырып, бәсекенің соңғы нүктесін қойды. Осылайша, Хорватия құрамасы өзінің 2005 жылғы көрсеткішін қайталап, айтулы турнирдің бас жүлдесін екінші мәрте иеленіп отыр.

Дэвис кубогы жайында айтар болсақ, ол 1900 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұл жарыста ең көр олжаға кенелген – АҚШ құрамасы. Америкалық теннисшілер 32 рет теңдессіз деп танылды. Австралияның 28 мәрте мерейі үстем болса, Ұлыбритания мен Франция 10 реттен топ жарды. Сондай-ақ, айтулы доданың бас жүлдесі мына мемлекеттің өрендеріне бұйырды: Швеция – 7, Испания – 5, Германия мен Чехия –3, Ресей – 2, Италия, Аргентина, Сербия, Швейцария және ОАР – 1 реттен.

Қазақстан құрамасы осы жарыста тұңғыш рет 1995 жылы бой көрсетсе, 2011 жылдан бері мықтылар тобында күш сынасуда. Сол уақыт аралығында отандастарымыз бес рет ширек финалға дейін жетті.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»