Диқандар неге басқа дақылды таңдауда?
Көлемін емес, өнімділігін арттыру маңызды
Шаруалардың «ақ алтынға» деген көзқарасын білмек мақсатта мақтаны мол жинайтын аудандарды аралап қайтқан едік. Мақта алқаптарының көлемі соңғы жылдары қысқара түскені рас. Есесіне аз жерден көп өнім алуға басымдық берілуде. Яғни жыл сайын жиналатын мақта көлемі азайған жоқ. Түркістан облысы бойынша өткен жылы 134,5 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, 330,5 мың тонна шитті мақта жиналған болатын. Ал биыл 132,7 мың гектарға егіліп, 332 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланған.
Облыс бойынша жиналған шитті мақтаны алғашқы өңдеуден өткізетін 23 лицензияланған мақта өңдеу кәсіпорындарының 304 мақта қабылдау бекеттері бар. Негізінен өңделген мақта талшығының 85-90 пайызы Ресей, Белоруссия, Латвия, Литва мен Қытай елдеріне экспортталады. Мақталы аудандар биыл мол өнім алды. Мысалы, Жетісай ауданында 120 мың тонна мақта жиналған. Өнімділік орта есеппен гектарынан 25 центнерден түскен. Ауданда мақта теру науқаны әлі де жалғасып жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіштердің көбею жағына өзгеретіні анық. Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 48226 гектарға мақта дәні себілген.
Түсімділігі жағынан Ж.Ералиев ауыл округінде шаруалар мақтаның әр гектарынан орташа есеппен 29 центнерден өнім алып озық шығып отыр. Ал аудан бойынша Қарақай ауыл округінің мақташылары ең көп өнім алған. Мұндағы шаруалар 14 198 тонна, Жылысу ауылдық округі 13 783 тонна, Атамекен ауылдық округі 13 502 тонна «ақ алтын» жинап үлгерген. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың айтуынша, биыл мақтадан соңғы 10 жылда алынбаған өнім жиналыпты. Иә, мақта алқабының көлемі азаюда. Оның негізгі себебі бір гектарға кететін шығынға байланысты. Мысалы, көкөністің
1 гектарынан 1 млн теңгеге дейін пайда табуға болады. Ал мақтада бұл 300-350 мың теңгеден аспай тұр. Мақтаға кететін шығын көбейіп, берілетін субсидия көлемі азаюда. Яғни диқандар пайданы көбірек әкелетін дақылдарға ауысуда. «Биыл мақта күтімі бойынша әр айда семинар өткізіліп, шаруаларға ғылыми-зерттеу институты жасаған ақпараттық кітапшалар тараттық. Зиянкестермен күресте негізінен биологиялық тәсіл қолданылды. Судан да тапшылық болған жоқ. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өнім мол алынды. Мақтаның көлемі азайғанымен өнімділігін арттырып, бүгінгі деңгейде ұстап отырамыз. Өнімділікті арттыру шаруаларға пайда әкеледі.
Біртіндеп басқа дақылдарға көшу де көзделуде. Биыл шаруалар арасында қауын-қарбыздан гектарына 2-3 млн теңге пайда тапқандар бар. Сонымен қатар бір жерден екі өнім алатындар, яғни ақпан-сәуір айларында орамжапырақ егіп, жинаған соң орнына мақта егетіндер аз емес», дейді аудан әкімі.
Мелиоративтік жұмыстардың нәтижесінде ауданда жылдан-жылға жер өнімділігі артып келеді. Жердің құнарлылығын арттыру мақсатындағы ПУИД жобалары сәтті жүзеге асырылуда. Сондай-ақ аудан аумағында 210 дренаж қалпына келтірілуде. Жер өнімділігін арттыратын дренаж 3-4 жылдан кейін нәтижесін бере бастайды екен. Мысалы, Жылысу ауылында бұрын мақта гектарынан 15-20 центнерден аспаған, бұл көрсеткіш қазір 35-40 центнерге дейін жетіпті. Аудан әкімінің айтуынша, өндірілген өнімді терең өңдеу мақсатында тиісті жұмыс атқарылуда. Дегенмен теміржол, әуежайдың жоқтығы, облыс орталығының алыстығы себебінен де ауданға инвесторлардың келуі қиын. Сондай-ақ қажетті электр қуатының жарты бөлігін Өзбекстаннан алатын ауданда жарық та, газ да қымбат.
Аудан орталығы қайтадан Мырзакент болып, бұрынғы тарихи қалпына келтірілген Мақтаарал ауданы алғашқы қиындықтарды бастан өткеруде. Мысалы, Мақтааралдың аты қалғанымен заты жоқ. Тура мағынасында айтқанда затының барлығы Жетісайда қалған. Бүгінгі таңда жергілікті әкімдік бұрынғы аудандық партия комитетінің тозған ғимаратын жөндеуден өткізуде. Аудан әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, жаңа әкімшілік орталық Мырзакент кентінде және барлық елді мекенде абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Кәріз жүйесін енгізіп, көпқабатты үйлер салу да уақыт еншісіндегі шаруа. Аудан орталығы Мырзакентте 14,5 мың, Атакентте 20 мың адам тұрады. Осы ірі екі елді мекенде 250 орындық емхана салынуда. Жалпы, жер көлемі 80 970 гектарды құрайтын жаңа ауданда 131 мың 781 халық тұрады.
Бүгінде жаңадан құрылған Мақтаарал ауданының даму концепциясы әзірлену үстінде. «Мақта қалдықсыз өнім. Барлық уақытта оған сұраныс болады. Сондықтан «ақ алтынның» өнімділігін гектарына 35-40 центнерге арттыру қажет. Сонда мақташаруашылықтары ұтылмайды. Шаруашылықтарды мақта зауыттарының төңірегіне топтастыру керек. Мақтаны өңдеп, талшық ретінде дайындаған тиімді. Оған мақта зауыттарының мүмкіндігі жетеді. Бүгінде сырттан келген компаниялар мақтаны шикізат күйінде зауытпен келісіп, сатып алып жатыр. Облыс бойынша мақта шикізатының 70 пайыздан астамы Мақтаарал және Жетісай аудандарына тиесілі болғанымен, өңірде шикізатты әрі қарай дайын өнімге айналдыратын кәсіпорындар жоқтың қасы. Мақтааралда шығатын мақтаның басым бөлігі шикізат күйінде экспортталады.
Ал сол мақтадан 800 түрлі дайын өнім жасауға болады екен. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыты ретінде дайын өнім жасауды және оны экспортқа шығаруды дамытамыз. Осы мақсатта «Айбек» шаруа қожалығы медициналық мақта өнімдерінің өндірісі жобасын қолға алды. Сондай-ақ ұсақ шаруашылықтардың бірігіп, іріленуі де маңызды. Аудан көлемінде 7 мыңнан астам ұсақ шаруашылық бар. Олардың іріленіп, кооперацияға айналуына қаржы қажет», дейді аудан әкімі.
Ауданда 9 айда 4 мектеп ел игілігіне берілген. Республикалық бюджет есебінен Дихан елді мекеніндегі Қажымұқан атындағы 600 оқушыға арналған мектеп жыл соңына дейін тапсырылмақ. Түркістан облысының ең қиыр оңтүстік нүктесіндегі Мақтаарал ауданы 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр.
Еткен еңбек пен төккен тер ақтала ма?
Жетісай және Мақтаарал аудандарымен салыстырғанда көршілес дерлік Шардара мен Келес аудандарында мақта алқабы көп қысқарған. Бұл аудандарда негізінен басқа дақылдарға басымдық берілуде. Мақталы аудандардағы диқандардың егіншілікті нәсіп көріп отырған өңір тағы бірер жылда мақта егуден бас тартуы мүмкін деген мағынадағы пікірінің негізі де осындай жәйттерден туындаса керек. Иә, «ақ алтын» төңірегінде түйіні тарқамаған түйткіл де, көп тер төгуді қажет ететін қиындығы да жоқ емес. Жаз мезгілінің алғашқы айы басталысымен шаруалар қолдарына кетпен алып, жаппай мақта алқабын зиянкес шөптерден тазалауға кіріседі. Бір маусымда 3 қайтара шабық шабылуы мүмкін. Түрлі зиянкес жәндіктен қорғану, уақытында суару да шаруалар үшін оңайға соқпайтын іс.
Көптеген диқандар мемлекеттік субсидияны азсынады. Мақта жинайтын арнайы комбайндар тапшы. Жинаған өнімдерінің 20-25 пайызын мақта қабылдау пункттері шығын ретінде қысқартып тастайтынын айтушылар да бар. Ал қол күші тіптен тапшы. Осындай деректерді алға тартқан диқандар мақта еткен еңбек пен төккен терді ақтамайтынын айтады. Мақта 200-500 гектар жері бар шаруашылықтар үшін табыс әкелер, ал 5-6 сотық жері бар шаруа үшін едәуір салмақ. Сол себепті шаруа иелігіндегі жерді басқа мақсатқа жұмсайды немесе жалға береді. Жуып-тазалаумен ғана айналысатын мақта зауыттары терең өңдеуге қауқарсыз.
Жалпы екі ауданда 14 мақта зауыты бар болса, оның 13-і жекеменшік иелігінде. Зауыттардың 5-еуі Мақтаарал, 7-еуі Жетісай ауданында орналасқан. Айтпақшы, қуаттылығы 60 мың тонна мақта шикізатын тазалайтын зауытты Ауыл шаруашылығы министрлігі аукцион арқылы сатқан. Алайда сатып алған кәсіпкерлер жұмысын дұрыс жүргізе алмай, банкротқа ұшыратқандықтан тоқтап тұр.
Мамандардың мәлімдеуінше, елімізде өндірілетін мақта талшығын экспортқа шығарып, сатудан қыруар қаржы түседі. Өндірілген мақта талшығы терең өңделіп, дайын бұйым ретінде сатылса, бұл қаржы мақтаны шикізат күйінде сатқаннан 7 есе ұлғаяды. Ал өндірілген мақта талшығын тереңдетіп өңдеу барысында 1 мың тонна талшық 100-110 қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді екен. Қазақ мақташаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бүгінде жоғары өнім беретін шетелдік жаңа мақта сұрыптарын шығару үшін ізденіс үстінде. Ғалымдар, сондай-ақ алдағы уақытта облыс бойынша мақта өнімділігін гектарына 30 центнерге дейін жеткізуге күш салып, өңір брендіне айналған «ақ алтынның» берекесін арттыруға жұмыла кірісу қажет деп есептейді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы