Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті! — Қазыбек Иса (видео)
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайылов мен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасы Е.Сағымбаевқа еліміздегі діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу туралы“Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жолдады.
ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа, ҚР Қауіпсіздік комитеті төрағасы Е.Сағымбаевқа:
Мен бүгін парламентте “Ақ жол” талай көтеріп жүрген дін жайлы маңызды тақырыпты қозғасам деймін.
Құрметті әріптестер, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті! Өйткені олар ұлтты жою күресін қатаң да қатты қарқынмен жалғастыруда.
“Ақ жол” партиясы парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынып келеміз. Тәуелсіз зайырлы мемлекет құру — Алаштықтар айқындаған жол!
1. Осыдан он екі жыл бұрын, 2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда,, қай орган, кімдер қарсы болды?!. Тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалды.
Мен мұны сол кезде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы әкімдігінде ұйымдастырған конференцияда «Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға тек сіздер ғана қарсы болдыңыздар! Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер осылай елді алдап келесіздер!» – деп, ашық айттым.
”Қазақ үні” газетіне: “Ұлттық қауіпсіздік комитеті — ұлтқа қауіпті комитет пе?”-деген мақала да жаздық.
Енді сол күдігіміз кешегі ҚАҢТАР қасіретінде расқа айналды.
Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшыларынан қосшыларына дейін қаңтарда мемлекетке опасыздық жасағаны үшін сотталып жатыр. Ал Қаңтарда болған қанды оқиғаның негізгі күші діни радикал топтар екені анықталып, тергеліп жатқаны белгілі.
Кешегі қаңтар оқиғасындағы Бас прокуратура мен құқық қорғау органдарының ресми мәліметтерінде де діни радикалдар мен экстремистердің шабуылы айқын жазылған. Ал Діни радикализмге заңмен тыйым салу керектігі туралы біз, «Ақ жол» партиясы 2022 жылы 26 қаңтарда Қаңтар қасіреті шындығын ашық айту, парламенттік тыңдау жасау туралы Парламентте алғаш көтергенде де, кейін 14 наурызда, сол тыңдау өткен, Мәжіліске Бас прокурор бастап келген құзырлы органдардың есебінде де, екі рет жасаған депутаттық сауалымызда да, атап айтсақ та, бірақ әлі нәтиже жоқ.
Енді мемлекеттігімізден айрылып қала жаздаған, қаншама адам құрбан болған қанды төңкерістен кейін не күтіп отырмыз?
2. Ал осыдан он төрт жыл бұрын, 2009 жылы да дін заңына өзгерістер енгізілетін болды да, біз “Қазақ үні” газетінде Діни басқармамен бірігіп, заңға діни теріс ағымдарға тыйым салатын бап енгізу мәселесін көтердік.
“Қазақ үні” газеті өз қаржысына осы өте өзекті діни тақырыпқа арнаулы санын 10 мың дана артық шығарып, бірінші бетіне бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің барлық мешіттерде радикал ағымдарға қарсы тосқауыл қою және дін туралы заңға осыған байланысты бап енгізуді қолдау туралы үндеуін жариялап, барлық мешіттерге тараттық.
Бірақ соның өзінде біздің сол кездегі солқылдақ билік осы тыйым салу бабын енгізе алмады. Басты кедергі, жоғарыда атап көрсеткендей, ұлтымызға қарсы қауіпті күштерге ең бірінші тосқауыл қоюы тиіс Ұлттық қауіпсіздік комитеті керісінше осы заңға тосқауыл қойып, қауіпті қарекет жасады.
Сол кезде “Қазақ үні” газеті көтерген сол заң жобасы қабылданғанда, содан кейінгі, ақыры Қаңтардың қанды қасабына әкелген небір қайғылы оқиғалар, бір ұлттың діни теріс ағымдар арқылы екіге бөлінуі секілді қасіреттер болмас еді…
3.Кезінде академик Рахманқұл Бердібай “Қазақ үні” газетінде жазғандай, “Хазария қасіретін” ұмытпайық!
7-10 ғасырларда өмір сүрген,
1) еліне барлық діни ағымдарды кіргізген,
2) көп дінді, көп тілді ел,
3) билеушілерінен бастап, саудагерлеріне дейін өзге тілде сөйлеген Хазариядай алып түркі мемлекеті қайда қазір?? Жоқ! Картада жоқ! — Жойылып кетті!
Біздің ел бұдан сабақ ала ма, жоқ па?
Тағы кімнің көңіліне қарап, кімнің батасын күтіп отырмыз?!.
4.”Діні бар да, ұлты жоқ,
Сақалы бар да, мұрты жоқ,
Ел түбіне сол жетер! – деп, бір ғасыр бұрын мұртсыз сақалдылардан сақтандырып жыр жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында көреген екен.
Мен өзім осы жасымда кешеге дейін мұрты жоқ сақалдыларды көрген емеспін. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Хан Абылайды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Ер Махамбет, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?!. Жоқ! Қазіргі шет елге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келіп, желіде желпініп дәріс оқитын, теріс уағыз айтатын теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме?
Сан ғасыр ата-бабасы ұстаған асыл салт-дәстүрден безіп, ұлтқа қарсы шығатын, терісіне сыймай тепсініп тұратын “мұртсыз сақалды” көргенде, ұлтсыз шақарды көргендей боласың?!
Ұлтынан, дәстүрлі дінінен безгендер, әруақ тербеген ата-бабасын ақымақ, әке-шешесін кәпір көргендер өз тамырын өзі отап жатқандарын сезбейтіндер!
Қазір ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатыр.
5.Өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдағылар тіпті, ең қымбат, «ана» деген аяулы атпен қатар аталатын «шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымның мәнін құртты.
Тіпті ең қасиетті болып саналатын асыл дініміз исламды ең қауіпті ағымға айналдыру үшін барын салып жатқандар қазір қайта күшейіп келеді.
Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр.
«Мемлекет діннен бөлек» деп, көз алдыңда іргеміздің шайқалып жатқанына қол қусырып қарап отыру, ел тағдырын қарсы күштерге беріп қойып, жеңілетінін алдын ала мойындау болып саналады. Дін саласында бізден көшілгері көрші туыс ел Өзбекстанның озық тәжірибесін алу керек. Қауіптің қайдан келетінін жақсы білетін өзбектерде бұрын да ешқандай теріс ағымдардың тайраңдауына жол жоқ болатын. Жақында тағы да дін туралы заңын қатаңдатты.
6. Дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуы тиіс!
Ел үшін ең қымбат — Ұлтқа, адам үшін ең аяулы — Әке-Шешеге, Қазаққа ең адал Домбыраға қарсы шыққан харам пиғылдылардың еркін тарап жатқан Ел түбіне жетер қауіпті вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті!
Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, Ел ынтымағына, бірлігіне балта шауып, Мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет!
Бұдан кейін кеш болады, — деді Қазыбек Иса.
Ақпарат, видео: https://www.facebook.com/100001908576595/posts/pfbid02MaMKczNNd6jju3AT4eC5zGYLVJoVPbwHofgHsuXymq3LqsMh9BSgfCwztuXGLFjsl/?mibextid=cr9u03
фото: Akzhol.kz