«Діни секталар жиналады»: Алматыдағы теміржол ауруханасы қаңғыбастардың мекеніне айналған
Алматылық қоғам белсенділері қаладағы теміржол ауруханасының тағдырына алаңдап, дабыл қақты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыдағы теміржол ауруханасы бұдан жетпіс жыл бұрын, 1950 жылдары салынған. Мекеме ғимараты мемлекетке тиесілі. Алайда, 2018 жылы ғимарат инвестордың басқаруына берілген.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, 2020 жылдан бері ғимарат қаңырап бос тұр. Бұрынғы аурухана қазір үйсіз жүрген қаңғыбастардың мекеніне айналған. Бос қалған ғимаратты паналағандар арасында тек баспанасыздар ғана емес, діни секталардың өкілдері де жиналып, діни рәсімдерін өткізген көрінеді. Аурухананың бір бөлмесінен қан іздері, жануардың тұяқтары және май шамдар табылған. Полиция қазір осыған байланысты тексеріс жүргізуде.
Алматы қаласының әкімдігі тиісті шалалар қабылдауға уәде берген. Қазір аурухананың аумағы қоршалған. Жақында бейнекамералар орнатылмақ.
Әкімдік мәліметінше, жөндеу жұмыстарынан кейін аурухана ғимаратында балаларды оңалту орталығы ашылады деп жоспарланған. Қазір тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Ауруханадағы жөндеу жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталып, 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.