Діни басқарма ізгі бастаманы қолға алды
Қысқа сілтеме алу
Жобаны ұйымдастырушылар түскен қаражатқа 1000 адамға ауызашар беруді жоспарлап отыр
НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» қоры және муфтият жастары «500 теңгеге ауызашар» қайырымдылық жобасын қолға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақстандықтар жобаға бей-жай қарамай, шама-шарқынша көмектесіп жатыр екен. Осылайша, көптің жәрдемімен ауызашар ұйымдастырыпты.
«500 теңгеге ауызашар» атты қайырымдылық жобамызды 26 мамырдан бастадық. Алла разылығы үшін ауыз бекітіп жүрген адамдар үшін осы ізге шараны ұйымдастырдық. Әркім шамасына қарай жәрдемдесіп жатыр. Бір кісілер 300 теңгесін жіберсе, ал енді біреулері 5 000, 1000 теңгеден беріп жатыр. Қазіргі таңда қорға 1,5 миллион теңге жиналды», — деді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қызметкері Алмас Мырзаханов.
Жобаны ұйымдастырушылар түскен қаражатқа 1000 адамға ауызашар беруді жоспарлап отыр.
Назарбаев Рамазан айының құрметіне ақ дастархан жайып, ауызашар берді
Сонымен қатар ҚМДБ қызметкері 30 мамыр күні қаладағы халал мейрамхананың бірінде 300 адамға арналған алғашқы ауызашар өткенін атап өтті.
«Кеше алғашқы ауызашарымызды өткіздік. Алдағы уақытта 4 күн ауызашар ұйымдастырғалы отырмыз. Алғашқы қайырымдылық дастарқанына қаладағы мұқтаж жандар, зиялы қауым өкілдері дәм татты. Оған наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы да қатысты», — деді Мырзаханов.
Игі шара Рамазан айы біткенше жалғасады. Шараны ұйымдастырушылар қайырымдылық жоба келер жылы да жалғасын табады деген үмітте.
sputniknews.kz