Діни басқарма індеттен көз жұмғандарды жерлеуге қатысты пәтуа шығарды

0

Мәйітханада жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер адам, әйелді әйел адам жуындыруы керек

АЛМАТЫ, 1 сәуір – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аса қауіпті жұқпалы аурулардан қайтыс болған адамдарды жерлеуге қатысты пәтуа жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәйітті жуындыру

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесі өте қауіпті жұқпалы аурулардан қайтыс болған адамдардың мәйіттерін жуындыруға және жерлеуге қатысты бірқатар шараны мақұлдады. Соған сәйкес, жұқпалы аурудан қайтыс болған адамды  жуындыру арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Мәйітханада жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер адам, әйелді әйел адам жуындыруы керек.

Мәйітті кебіндеу

Шариғат бойынша мәйіттің кебінделуі міндет болып саналады, ер кісі үш қабат матамен, ал әйел бес қабат матамен кебінделеді. Ал жұқпалы індеттен қайтыс болған кісіні кебіндеуде санитарлық нормалар сақталуы тиіс.

Егер мәйітханада мәйіт шариғатқа сай кебінделсе, қайта кебіндеу шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер арам, әйелді әйел адам кебіндеуі қажет.

Жаназа намазын оқу

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстары қатысса жеткілікті. Қала жағдайында індеттің әрі қарай таралуын болдырмас үшін марқұмды мәйітханадан тікелей зират басына апару керек. Сол жерде жаназа намазы оқылып, жерленеді. Шариғатта бұған рұқсат берілген.

Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады.

Мәйітті жерлеу

Мәйіт зиратқа арнайы көлікпен жеткізілуі тиіс. Мәйітті жерлеу рәсімінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Сондай-ақ, мәйіт қайтыс болған мекенінде жерленуі тиіс.

Санитариялық-эпидемиологиялық мекеменің рұқсатынсыз мәйітті үйіне немесе өзге қалаға, туған жеріне апармаған дұрыс.

Ал егер санитариялық-эпидемиологиялық мекемеден мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, таяммум алдыруға және кебіндеуге рұқсат берілмесе, мұндай жағдайда шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынады. Яғни, мәйітханада оралған мата, арнайы үлдір (клёнка) немесе табыт ашылмастан, жаназа намазы мәйіттен алыс тұрып оқылады.

 



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз