Дина Төлепберген: Кейде теледидарды өшіріп тастаңдар деп айтатын кездерім болады — новости Казахстана
КТК телеарнасының танымал жүргізушісі Дина Төлепберген жаңа ток-шоу бағдарламасының тізгінін ұстады. «Ток-шоу» десе, қазақ көрерменінің көз алдына айқай-шу, ұрыс-керіс елестейді. Қазақ табиғатына жат шоулардан шаршаған көрермендеріне Дина Төлепберген жаңа бағдарламаны түсіндіре кетті деп жазады NUR.KZ.
— «Астарлы ақиқат» ток-шоуының көздеген мақсаты не? Қазіргі көрерменді немен қызықтыруға болады?
Қазақ эмоция тұрғсынан өте сезімтал, эмоциялық деңгейі өте жоғары деп білем. Ток-шоуда эмоциясына ерік беріп, жылап, айқайлап немесе ұрсысып жатса, неге «тоқта, бұл қазаққа тән емес, сабыр таныт» деп айтуым керек? Адамға өз ойын жеткізуге еркіндік беруіміз тиіс. Ойын неғұрлым еркін, ашық айта білсе, онда ол проблемасын жеткізе алады деген ойдамын.
Негізгі мақсатымыз – қоғам мүшесінің проблемасын халықтың, һәм биліктің естуі. Өзегін жарған мәселесінің шешілуіне мұрындық болу. Егер біз сол мақсатымызға жете алсақ, онда ток-шоудың мәні мен маңызы бар деген сөз.
Екіншіден, кей жағдайда отбасылық дау-жанжалда қарсы тарап өзара әңгімелесе алмайды. Енді студияда бас қосып, проблемасын жан-жақты талқылап, ішкі мәселесінің шешілуінің мүмкіндігі бар екеніне көзі жетеді.
Көрерменді қазір тек шынайы ақпаратпен, шынайы сөзбен, шынайы эмоциямен қызықтыра аласың. Жасандылық болмауы керек.
— Осыдан 10 жылдай бұрын отбасындағы кикілжің, жеке бастың проблемасын ток-шоу алаңында ашық айту сенсация болатын. Ал қазір сол үрдіс өзгерді ме?
Өзгерген жоқ. Ашық айтқысы келетіндер өте аз. Бұл жағдай мені қуантады. Біз, қазақ халқы, қандай да бір проблема болмасын, оны халыққа шығармай, өз отбасында шешсе, ол әрине нұр үстіне нұр. Ал «Астарлы ақиқат» алаңына келетіндер — барар жері, басар тауы, қағар есігі қалмаған жандар. Өкініштісі, қасірет шегіп отырған адамдар жетерлік. Ток-шоуға келуінің басты себебі — өзінің жанайқайын жеткізу. Өйткені басқа амалы қалмаған.
Осыдан бірер күн бұрын мен ашық теңіздегі жүзуден әлем чемпионатына қатыстым. Егер бұрынғы «Астарлы ақиқат» бассейн болса, қазіргі «Астарлы ақиқат» — мұхит! Бұл дегеніміз, ток-шоудың мүмкіндігі анағұрлым көбірек. Уақытты күтпей, адам іздемей-ақ, тап сол мезетте, сол жағдайда барлығын анықтап шеше аламыз. Кейіпкерлеріміз өздерінің іздеп жүрген адамдарымен бір алаңда, бір мезетте қауышады. «Астарлы ақиқаттың» кейіпкерге берері мол. Көрермен де біреудің жасаған бұрыс ісіне қарап, өз қателігін түзеуге тырысады. Осыған «Астарлы ақиқат» ықпал етеді.
Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені айналып өте алмаймыз. Көрерменге не қызық, біз соны экранға шығаруға талпынамыз, нақты кейіпкермен жұмыс істейміз. Өйткені телевизияның күші арқылы бір адамның болса да тағдырын өзгерте алсақ, сол адам кейін қоғамды өзгертуі мүмкін.
— Ток-шоу жүргізушісі этикалық, моральдық тұрғыдан қандай болуы қажет Дайындығыңыз қандай деңгейде?
Ток-шоуды қолға алғаннан бері адамдардың қимыл-әрекетіне, ымына, ишаратына мән бере бастадым. Осы тақырыпта ғылыми зерттелген әдебиеттер оқыдым. Бұл адамның ақиқатын айтып тұр ма, әлде өтірік сөйлеп тұр ма, соны да бір айқындауға мүмкіндік бар.
Басты принципім – шынайы болу. Менің әлеуметтік статусым қазір өзгерген. Ана болдым. Сондықтан да әр оқиғаға тек журналист тұрғысынан ғана емес, әйел, ана, келін тұрғысынан қарауға мүмкіндік беріп тұр. Кейіпкерлеріммен біргемін. Солармен бірге шынайы болғым келеді.
Егер белгілі бір образды қалыптастырғың келсе, онда студияда жұмыс істеп тұрған кезіңде сол образың туралы ойлайсың. Ал ол сенің миыңның дұрыс жұмыс істеуіне, дұрыс сұрақты қоя білуіңе кедергі. Өмірде қандаймын, студияда да тап сондаймын. Көрерменнің қаншалықты мені дұрыс қабылдайтынын көре жатармыз.
— Ток-шоуға журналист ретінде қандай дайындық керек? Қандай қиындықтар күтіп тұр?
Ток-шоудың ең басты талабы — тақырыпты терең зерттеу, астарын барынша ақтару. Өйткені кейіпкер өз проблемасын бір жағынан ғана айтады. Ал біз оны жан-жақты сараптай білуіміз керек. «Астарлы ақиқаттың» нәтижесінде адамдарға мүлдем сенбейтін позиция ұстанатын болдым. Өйткені әр адамның өз шындығы бар.
Біріншіден, тақырыпты зерттеу. Студияда кейіпкерлеріміз ойламаған жағдайларда, ойламаған кейіпкерлер болуы мүмкін.
Екіншіден, сол тақырыптың барынша ашылуына мұрындық бола алатын адамдарды табу. Өкінішке қарай, қазақша өз ойын еркін жеткізе алатын немесе қоғам мені кейін сынайды дейтін сөздерден қорықпайтын батыл, ерікті адамдар өте аз. Өйткені студиядан тыс әңгімелесіп тұрғанда бір нәрсе айтып, ал камера қосылғанда мүлдем басқаны айтады. «Неге олай істедіңіз?» десең, жұрт сөзінен қорқатынын айтады.
Үшіншіден, кейіпкерлеріміздің уәдесінде тұрмауы. Келем деп сөз беріп, келмей қалуы. Бұл үлкен белең алған індет. Оған сенесің, алдын ала келісесің. Бүкіл түсіру тобы жүгіріп дайындалады. Ол болса ізім-ғайым, құмға сіңген судай жоқ болып кетеді. Өкініштісі, бұл жиі болып тұрады. Бұл жауапкершілікті мойнына ала білмейтін немесе кінәлі тарап деп білемін. Егер кінәсін мойындап немесе «мен кінәлі емеспін» деп айта алатын болса, келуі тиіс. Шын мәнінде кінәлі адам ғана ақиқаттан қорқып қашады.
— «Астарлы ақиқаттың» өзге ток-шоулардан өзгешелігі, ерекшелігі бар ма?
Ең негізгі ерекшелік – бұрынғы «Астарлы ақиқатта» мен журналист ретінде әр есікті қағып, министрлерге, кейіпкерлердің үйіне өзім барып жүрдім. Ал енді биліктегілер де, кейіпкерлерім де, сарапшылар да – маған келеді. Демек, бұл студия — менің үлкен үйім.
Студияда алты сарапшы және кейіпкерлерімізге қарсы шығатын антикейіпкер болады. Ол да проблеманың барынша ашуына ықпал етеді. Міндетті түрде екінші тарап болады.
«Астарлы ақиқаттың» ерекшелігі – ток-шоуға психодиагностика маманының қатысуы. Ол ток-шоудың екінші жүргізушісі деуге болады. Оны тек телекөрермен ғана көреді. Психодиагностика маманы режиссерлік пультта кейіпкерлерді сыртынан аңдып, қарап отырады. Оған қойылатын талап – адамның мимикасы, іс-қимылына, ишаратына қарап, кейіпкердің өтірік немесе ақиқтын айтып тұрғанын анықтау. Бағдарлама барсында мен кейіпкерімнің сөзіне күмән тудырсам, онда мен психодиагностика маманына жүгінуім мүмкін. Сөйтіп көрермендеріміз адамның ақ-қарасын қимыл-әрекетіне қарап, бағдарламаның арқасында ажырата алатын болады.
— Түсірілім барысында жанжал шиеленіскен жадайда жүргізуші эмоцияға берілмей, әр оқиғаны жүйелеп, сараптап үлгере ала ма? Жалпы, ток-шоуларда дауды одан әрі ушықтырып, қызық үшін қайрап жіберу үрдісі бар ма деп қаласың…
Шынымды айтайын, кей кезде теледидарды «өшіріп тастаңдар» деп айтатын кездерім болады. Тап осы мезетте сіздің көңіліңіз балаларға қажет деп айтқым келеді. Сондай бір гипотеза шығарған да кездерім болған. Өйткені эфир барысында қатты ашуланып та кетемін. Көп жағдайда ата-ананың баласына жауапкершілігінің мүлдем жоқтығын байқаймын. Сол кезде бағдарламаны «тап қазір өшіріңіз, теледидарды өшіріп, балаңызға қараңыз» деп айтқым келеді.
Мен көп сөйлегенді ұнатпайтын жүргізушімін. Ен бастысы – ақиқатын айтқызу. Әр түрлі сұрақтар арқылы жалған сөйлеп отырған адамның өтірігін ашу. Немесе журналистік қақпан деген болады, сол қақпанға түсіру. «Сіз былай деп едіңіз, енді неге басқаша айтып отырсыз?».
КТК арнасында қызмет етіп жүргеніме 12 жылдан асты. Әр түрлі журналистік амал-тәсілдерім бар. Әрине, адамдарды дұрыс сөйлету үшін, ақиқатын ақтарту үшін әлдебір әдістерді қолданамыз. Оны мен әдейі қолданамын деп ойламауым мүмкін. Бірақ әдет болған соң, қолданылып кетуі мүмкін. Соның ішіндегі жиісі – журналистік қақпан.
— Әр нәрсенің ақиқатына жету мүмкін емес дейді. «Астарлы ақиқат» ақиқатқа жеткізе ала ма?
Біз талпынып көруіміз керек. Мүмкін емес дей берсек, ол шын мәнінде мүмкін емес болып кетеді. Бірақ талпынамыз. Сондықтан да біз араға бес жыл салып тағы бір осындай ұмтылыс жасап отырмыз. Ендеше әр жексенбіде КТК арнасынан сағат 19:00-де «Астарлы ақиқат» ток-шоуын қарауға асығайық!