Дін бойынша некені бұзу оңай ма? ҚМДБ өкілі үш рет талақ айтып ажырасып кетуге қатысты пікірін білдірді

0

Шариғат бойынша үйленіп, үш рет «талақ» айтып, әйелдерін тағдыр тәлкегіне тастап кететін азаматтар жайлы жиі хабар тарап жатады. Өрімдей жас қыздар мен бұғанасы қатпаған ұлдар көбінесе бұл әрекеттерін ерте шаңырақ көтерумен, жар таңдауда қателесумен ақтайды. ҚМДБ, Шариғат және Пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы Stan.kz тілшісіне «талақ» деп ажырасу жөніндегі пікірімен бөлісіп, Шариғат бойынша қандай жағдайда «талақты» қайтарып алуға болатынын айтып берді. 

«Расында, үйлену — Алланың адам баласына берген нығметтерінің бірі. Сондықтан өте зәру жағдай болмаса, момын адамның талаққа жүгінуі дұрыс емес. Ақиқатында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешқандай себепсіз немесе қажетсіз талаққа жүгінген ер мен әйелге лағнет айтып былай деген: «Алла Тағала аз уақытқа пайдалану үшін бір әйелге үйленіп, кейін оны талақ етіп нәпсіқұмарлықпен басқа бір әйелге үйленетін барлық ер адамды лағынеттеді». Келесі бір хадисінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз немесе қажетсіз ерінен талақ сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі харам болады» деген екен.

Ажырасу мәселесінің діни үкімдеріне тоқталар болсақ, шариғатта ол – талақ деп аталады. Талақтың тілдік мағынасы — жіберу, бос қою. Ал шариғаттағы мағынасы — ерлі-зайыптылардың арасын арнайы сөзбен ажырату немесе некелік одақтың тоқтауы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадис шәрифінде былай дейді: «Алла Тағала халал еткен нарселерінің ішіндегі қаһарын тудыратын, сүйкімсізі- талақ». Сол себепті Құран Кәрімде Жаратушы иеміз мейлінше әйеліңмен тату болуға шақырып:  «Сондай-ақ олармен жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген хайыр жасап қойған болуы мүмкін. (Яғни: Әйелдің келбеті, мінезі сендерге жек көрінсе де шығысыңдар, басқа түрлі хайыр болуы мүмкін)»  — («Ниса» сүресі, 19-аят) деп бұйырады. 

Сонымен қатар «Ниса» сүресінің 34-аятында: 

«Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» — деп  бұйырып, құлдарына асығыс шешімге бармай, ажырасудың алдын-алу керектігін ескертеді. Сол үшін ешбір себепсіз талақ беруге болмайды. Алайда ерлі-зайыптылар бірге тұруына мүлде болмайтындай жағдайға тап болса сол кезде ғана талаққа рұқсат етіледі. Жаратушы Иеміз Құран-Кәрімде талаққа үш рет қана жол берілетіндігін ескертеді. Ол туралы Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: 

«Талақ екі рет. Сонда не туралықпен ұстау немесе жақсылықпен ажырасу керек. (Қайталай беру дұрыс емес)» (Бақара 229-аят)» , — дейді имам. 

Ислам діні бойынша талақты қайтарып алудың үш жолы бар

«Бірінші: «Қайтарып алу талағы». Мұндай жағдайда ері әйелін өзінің қарамағына үш етеккірі келмей жатып қайтарып алады.

Екінші: «Кіші айқын талағы». Бұл әйеліне бір немесе екі талақ беріп үш етеккірі мерзімінде қайтара алмаған кезде болады. Мұндай жағдайда ері әйелін қарамағына қайтару үшін әйелдің разылығына, рұқсатына тоқталады және жаңадан неке қиылып мәһір сыйы тағайындалады. (Мәһір сыйлығы күйеужігіттің үйленетін қалыңдығына беретін жеке сыйы — ред. )

Үшінші: «Үлкен айқын талағы». Бұл әйеліне үшінші талақты берумен болады. Мұндай жағдайда әйел ерінің қол астынан толығымен шығып бөгде адамға айналады.  Бірақ сол әйеліне қайта үйлену мәңгілікке харам болып қалмайды. Тек қана әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығып, ол екінші күйеуі өз еркімен ажыратқан жағдайда немесе қайтыс болып әйелдің идда (күтетін) мерзімі аяқталса, сол кезде ғана жаңадан неке қиып өз қарамағына қайтарып алады.

Имам ажырасу мәселесін қозғай келе, бұл нұсқаны ең соңғы шешімдердің бірі ретінде қарастыруға кеңес береді. 

«Талақ ер адамның қолданатын шараларының ең соңғы мүмкіндігі. Оған дейін ажыраспауға барынша күш-жігерін салып талаққа жол бермеу керек. Қоғамымызда талаққа жеңіл қарап, діннің негізі мен мақсатын түсінбей жүрген білімсіздер қаншама. Соның салдарынан ерлі-зайыптылардың ажырасулары қатты белең алуда. Егер Хақ Тағаланың үкімдері мен Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) хадистеріне мойынсұнсақ, әрбір қазақ отбасының іргесі берік, шаңырағы биік болары хақ. Лайым солай болғай!
Сондықтан талақ берілген жағдайда оны қалай айтты, не деп айтты, ашулы болды ма әлде жоқ па, бір рет айтты ма әлде бірнеше ме, деген тағы да басқа жағдаяттарды анықтамайынша бірден шешім шығаруға  болмайды», — дейді Медет Құрмашұлы.

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет!  Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

 

 

 

 

stan.kz