Димаштың Лондондағы концертінің барлық билеті сатылып кетті
2018 жылғы 16 қараша 18:08 23
АСТАНА. ҚазАқпарат — Димаштың 19 қарашада өтетін Лондондағы концертінің барлық билеті сатылып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Димаштың әлем бойынша үлкен туры болады. Бұған дейін де бірнеше концерті өткен болатын. Лондон — әлемдік өнердің ірі орталығы. Онда жеке концертіңді өткізу үшін үлкен жігер керек. Лондондағы концерт залында 2 мың орын бар. Одан бөлек, фан-аумақ бар. Жалпы, 4600 орын болады. Барлық билеттер сатылып кетті», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Димаш Құдайбергенмен кездесу барысында.
Министрдің айтуынша, билет сатып алған көрермендердің 3-4 пайызы ғана — қазақстандықтар.
«Барлық билеттерді негізінен лондондықтар сатып алды», — деді министр.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қанат Айтбаевпен және Димаш Құдайбергенмен кездесіп, 19 қарашада өтетін концерттің мән-жайын талқылаған болатын. Әншінің әкесінің айтуынша, Димаш Лондондағы концертте әндерінің 60 пайызын қазақ тілінде шырқайды.
Сонымен бірге, кездесу барысында Димаш елордадағы Денис Тенді еске алуға арналған көрмеде болғанын, Денис екеуі «S.О.S» әнімен бірге өнер көрсетуді армандағанын айтқан еді.