Димаштың елордадағы концерті несімен есте қалды: фанаттар партия құруды ұсынды

0

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Елорданың төрінде әлемге танымал қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің кезекті концерті өтті. Бұл жолғы мәдени шара «Arnau» деп аталды. Димаш халыққа 30-ға жуық ән арнап, өмір мен өнер жайында өз ойларымен бөлісті. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, досы Денис Тенді де еске алды. Sputnik Қазақстан тілшісі концертке үш сағат бұрын барып, 30 мың адамға шақталған «Астана-Арена» стадионына халықтың қалай жиналғанын көріп қайтты. Сахна сыртында да болып, Димаштың концертіне дайындық шараларымен танысты. Ал әншінің әкесі Қанат Айтбаев алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

«Қазақстанға Димашты тыңдау үшін алғаш рет келдік»

Димаштың концертіне халық үш сағат бұрын жиналды. Ал стадионның алдындағы ұзын-сонар кезек жарты шақырымға дейін созылды. Фан-аймақта тұрған адамдардың арасында Украинадан келген Леся Кабирова да болды. Ол сүйікті әншісінің концертіне тыңғылықты дайындалған екен. Қазақстандық жанкүйерлерге өз қолымен істеген бұйымдарын ғана емес, Димаштың өзіне де үлкен сыйлық арқалап әкеліпті.

«Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Димашты тыңдау үшін арнайы келдім. Біздің отбасымызда бәрі музыканттар. Мен өзім оны ең бірінші рет «Славян базарында» көрдім. Сол кезде қыздарымды шақырып, Димашты көрсеттім, осы баланың болашағы зор дедім. Содан бері бәріміз Димаштың шығармашылығын бақылап келеміз. 2016 жылы ол көрінбей кетті. Ал келесі жылы біз оны «I am singer» байқауында көріп, одан да қатты жақсы көріп қалдық. Димаштың басты ерекшелігі сол, әрбір орындаған әніне жан-жүрегін салады. Мен оның адам қалпын сақтау қасиетін жоғары бағалаймын. Дәл осы қасиетімен бәрімізді баурап алды», — деді Кабирова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Леся Кабирова сонау Украинадан өзі тіккен орамалдарды алып келді. Соның бәрін қазақстандық жанкүйерлерге таратып беремін дейді. Ал Димаштың өзіне украин халқының ұлттық аспабы – кобзаны ала келіпті.

«Бұл – біздің ежелгі аспабымыз. Иә, атауы «қобыз» деген сөзге қатты ұқсайды. Негізі, мен оған қатысты біраз әдебиетті ақтарып шықтым. Сонда кейбір ғалымдар украинның кобзасы түрік халықтарынан келді деп жазады. Сондықтан біздің ортақ тарихымыз бар. Мен бұл аспапты арнайы Димашқа әкелдім», — дейді ол.

Ал Димаштың Еуразиялық фан-клубы әншінің бейбітшілік партиясын құруды ұсынып отыр.

«Шыны керек, Димаш өз талантымен халықтар арасында шекараның жоқ екенін дәлелдеді. Біздіңше, бейбітшілік партиясын құру қажет. Себебі Димаштың өнері бейбітшілік пен ізгілікті насихаттайды. Соғыстар мен шиеленістер жоқ әлемді құруға үндейді. Ол халықтарды өз өнерімен біріктіріп отыр. Бұл – тамаша күш, ғажайып әлем», — дейді Владимир мен Татьяна.  

Сахна сыртындағы дайындық

Шоудың редакторы Динара Бақытбек репетиция кезінде Димаштың шыдамдылығына тәнті болыпты. Әншінің қыңыр мінез танытқанын да көрген жоқпын дейді.

«Димаш – қарапайым қазақтың баласы. Соған көзім жетті. Онымен жұмыс істеген өте жеңіл. Ол репетицияға уақытында келеді. Шаршадым деп айтпайды. Өз жұмысына барын салады. Оның өз ісін қаншалықты жақсы көретіні бірден байқалады. Күн-түн демей, еңбектенеді. «Қарным ашты, шаршадым, бір жерге асығып тұрмын» деп айтқанын көрген емеспін. Қыңыр мінезін де байқаған жоқпын. Димаштың өнер адамы, шығармашылықтың адамы екені бірден сезіледі. Ол өз жолын таңдады және қай бағытта жүру керек екенін жақсы біледі», — деді Бақытбек. 

Ал осы жобаның стилисі Әлия Бимағамбетова Димаштың костюмдері туралы әңгімелеп берді. Оның сөзіне қарағанда, әншінің осы жолғы концертіне бірнеше костюм тігілді. Оған матаны алыс шетелден алдыртқан.

«Негізі, костюмдермен үлкен бір команда айналысты. Біз алдымен мата таңдадық. Себебі Димаштың өзі алабажақ түстерді ұнатпайды. Сөйтіп, оған ыңғайлы түстерді іріктедік. Матаны арнайы тапсырыспен алдырттық. Осы концертке төрт жаңа костюм тігілді. Енді ақ және қара костюмді Димаш жарнамаға түскенде киген. Ал тағы екі костюмді көрермен қауым алғаш рет көреді. Негізі, Димаш әрбір концертке тек жаңа костюммен ғана шығады», — деді Бимағамбетова.

Осы жолғы концертте Димашпен бірге 16 биші өнер көрсетті. Бұдан бөлек,  акробаттар да шақырылды. Біз олардың канифоль, яғни шайырды қолданатынын бірінші рет естідік. 

«Шайырды музыканттар да, бишілер де жиі пайдаланады. Біз оны осылай үгітіп қоямыз. Ал бишілер сахнаға шығардың алдында оны бір басып өтеді. Сонда аяқ таймайды», — дейді костюмер Әсия Құрбантаева.

«Менің бақытым – сахна»

Димаш сахнаға шыққанда техникалық ақаулықтар шығып, микрофон істемей қалды. Дегенмен, әнші сасқан жоқ. Импровизация жасап кетті. Сонысымен халықты тәнті етті. Ал бір әнді айтып болғаннан кейін көкейінде жүрген ойымен бөлісті.

«Қазағыма, еліме мың да бір тағзым. Әркімнің өз бақытының өлшемі бар. Менің бақытым – сіздер, менің бақытым – сахна. Менің әндерім сіздердің жүректеріңізге жеткен болса, менің өмірімдегі үлкен миссиямның орындалғаны деп білемін. Құрметті ағайын, сіздердің алдарыңызда өнер көрсетіп отырған менде арман жоқ. «Arnau» деп аталатын бұл концерт алдымен жерлестеріме арналады», — деді Құдайберген.

Әнші шетелден келген жанкүйерлерін де ұмытпады. Осы жолы концертке 64 елдің фанаттары келді. Димаш оларға өз тілегін ағылшын тілінде айтты.

«Мен бала кезімде осындай үлкен бір концерт берсем екен деп армандаған едім. Міне, сол арманыма жеттім. Менің еліме, менің жеріме қош келдіңіздер!», — деп атап көрсетті Димаш.

«Денис екеуімізде үлкен бір жоспар болған…»

Осы жолы әнші » S.O.S. D’un terrien en detresse» композициясын жаңа форматта орындады. Димаштың өзі темір шардың ішінде әуеде қалықтап жүрді. Ал әннің ортасына келгенде екі үлкен экранға танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің ән айтып тұрған видеосы шығарылды. Артынан спортшының өмірінде болған жарқын сәттер көрсетілді. Осылайша, Димаш жақын досы Денисті еске алды.

«Осыдан біраз уақыт бұрын біз Денис екеуіміз менің келесі Қазақстандағы концертімде бірге дуэт болып шықсақ деп жоспарлағанбыз. Бірақ Алланың жазғанына амал жоқ. Денис аз ғана ғұмырында өнер, адамгершілік туын, қазақ елінің туын биік көтеріп кетті. Сол себепті оған деген алғысымыз шексіз. Бүгін Денис бізбен бірге болғанда осы қошемет оған арналатын еді. Біздің арамызда Денистің ата-анасы отыр. Осы кошемет сіздерге арналады!», — деді Құдайберген.

Осыдан кейін жарықты көрермендердің арасында отырған Денис Теннің ата-анасына түсірді. Димаштың көмекшілері Денистің анасына үлкен гүл шоғын берді. Ал көрермен қауым тік тұрып, қол шапалақтады.

«Менің ғана емес, менің жанкүйерлерімнің, сонымен бірге бүкіл қазақ елінің атынан ықылас гүлін сыйлауға рұқсат етіңіздер. Аға-апа, біз ешқашанда сіздердің балаларыңызды ұмытпаймыз», — деді Димаш.

Крутой сөз берді 

Концерт кезінде Димаш өзінің ата-әжесіне арнап жаңа бір әнін орындап берді. Бірақ әншінің өзі оларды «әке, ана» деп атайды екен.

«Мен өзімді ерекше бақытты жан деп санаймын. Мені өнерге үйреткен, мені өмірге үйреткен, бағып-қағым өсірген ата-анама мың алғыс. Папа-мама, орныңыздан бір тұрып қойсаңыздар. Осы күнге жеткізгендеріңізге мың да бір рақмет! Сіздерді қатты жақсы көремін. Мама жылайды енді осылай», — деді Димаш. Осыдан кейін әншінің ата-әжесіне де гүл шоқтары табысталды.

Ал «Ұмытылмас күн» әнін орындағанда Димаш бір баланы шақырып алып, алдына отырғызды. Сөйтіп, бірге ән айтты. Осы кезде біз Ержан Максимді де байқап қалдық. Ержан фан-аймақтан біреулердің көмегімен сахнаға шығып, Димашқа гүл шоқтарын берді.

Концертке танымал ресейлік композитор Игорь Крутой келді. Димаш екеуі «Любовь уставших лебедей» әнін орындады. Осы кезде әншімен бірге пара биден әлем чемпионы Қарлығаш Тынабекова өнер көрсетті.    

«Мен Димаштың шығармашылығын жақсы көремін. Ал менің шығармашылығыма сұраныс болып тұрғанда осы тамаша әншіге, тамаша жігітке ән шығара беремін. Соған сөз беремін», — деді Крутой.

Өмір мен өнер үлкен мүмкіндік

Концерт кезінде Димаш өз еліне, өз халқына деген алғысын аямады. Өмір мен өнер туралы ойларын да ортаға салды.

«Өмір деген жаратушының берген үлкен мүмкіндігі. Осы өмірді өнермен өткізу де үлкен мүмкіндік деп білемін. Мен өз өнерім туған жерім – Қазақ елінің, халқымның игілігіне жараса екен деп тілеймін. Қазіргі таңда өнерімді көрсетіп, шалқып жүргенім алдымен Алланың арқасы, одан кейін  туған елім, кіндік қаным тамған қазақ жерінің арқасы», — деп атап көрсетті әнші.

Жалпы, концерт кезінде Димаш 27 ән орындады. Жаңа альбомынан 5 шығарма бар. Олар – «Give me your love», «Screaming», «Autumn strong», «Lay down» және «If I never breathe again».

Димаштың алдағы жоспары қандай?

Димаштың әкесі – Қанат Айтбаев ұйымдастыру шараларының бел ортасында жүрді. Қонақтарды күтіп алды. Сценарийді қадағалап отырды. Сол екі арада шапқылап жүргенде біз әншінің әкесінен Димаштың алдағы жоспары жайында біліп алдық.

«Енді, шығармашылық бағытта көптеген елмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз. Димаш Қытай мемлекетінде болатын шараға қатысады. Сонымен қатар, Ресейде, Еуропада өтетін көптеген шараға шақыру алып отырмыз. Бәрі өз кезегімен болады. Сосын тағы бірнеше бейнебаян түсіру жоспарда бар. Алдағы концерттер жайында қосымша хабарлаймыз. Бірақ Еуропаның бірнеше мемлекетінен, сонымен қатар, Таяу Шығыс елдерінен, Америка құрлығынан бірнеше ұсыныс түсті. Енді, оның келісімшарттары нақты аяқталғаннан кейін хабарлаймыз», — деді Айтбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Димаш шоу барысында концерттен түскен қаржының бір бөлігін жарылыстан зардап шеккен Арыс тұрғандарына аударатынын мәлімдеді.



sputniknews.kz