Димашпен кездескен соң жаңазеландиялық әжейдің өмірі өзгерді

0

Анита Рай Уорд Димаштың шаңырағына жету үшін бірнеше ай бойы арықтауға мәжбүр болған. Бүйрегі ауыратындықтан, қатты ісініп ұшаққа отыра алмай қалған

АСТАНА, 18 қаңтар — Sputnik. Жаңа Зеландия елінде тұрып жатқан қарт әжей рак ауруына шалдығып, тынымсыз тіршіліктен қол үзеді. Дәрігерлер өмірінің санаулы күні қалғанын айтқандықтан, басты арманы — Димашпен кездесуді жоспарлайды. Арманына қол жеткізген Анита Уордтың денсаулығы жақсарып, бүгінде қазақстандық әншіге алғыс айтып жүр.

Анита Рай Уордты Димаштың ата-анасы күтіп алып, қазақ халқының қонақжайлылығы қандай болатынын көрсеткен. Таңғажайыптың басы қалай басталғанын журналист Бибігүл Дәулетбекқызы айтып берді.

«Әжей соңғы кездері өмірден түңіліп кеткен еді. Аты жаман ауруға шалдыққалы өмірдің құны көк тиын болып кетті. Достары, туған-туыстарымен бұрынғыдай жарқылдап сөйлесуден қалды. Күнін санап отырады. «Бүгін бе менің жанымды алатын күн?» деп сағатқа да қарауды ұмытпады», — деп жазды Бибігүл Дәулетбекқызы әжейдің басынан өткен оқиғаны.

Осылайша өмірден баз кешіп жүріп әже youtube каналынан Димаштың әнін кездейсоқ тыңдайды. Кейін Қазақстан деген мемлекетті картадан тауып, Димаштың туған жері Ақтөбені өз көзімен көруге алыс сапарға дайындалады.

«О, Құдайым-ау, не деген дауыс?! Мына баланың таланты ерекше ғой. Жоқ, мен осы бала үшін өмір сүріп, Димашты қайтсем де көруім керек. Жолға дайындалайын» деп, бір күнде шешімге келді. Қалай дайындалды дейсіз ғой? Қазір айтамын. Асықпаңыз. Анита әжейдің бүйрегіндегі рак ауруы асқынып, соның салдарынан денесі ісіне бастайды. Толық болғаннан соң, ұшаққа отыра да алмайды. Содан тез арықтаудың жолын іздеп, жүзуді қолға алады. Әрине, бастапқыда оңай болмайды. Алайда, Димашқа деген әжейдің сүйіспеншілігі арманына жеткізу де осы жол екенін түсінеді», — дейді Бибігүл Дәулетбекқызы.

Бірер ай ішінде жатпай-тұрмай жаттығу жасап, Анита әжей семіздіктен арылады. Жаңа Зеландиядан қазақ еліне алпыстан асқан әжей ұшақпен алты мемлекет арқылы қиналып жетеді. Бірден ұшып келуіне де болатын еді. Бірақ денсаулығы жарамағандықтан, әр мемлекетке тоқтаған сайын ем-домын жасап отырады.

«Мына бейнежазбада Анита Рай Уорд әжей Димаштың ата-анасының шаңырағына келіп, мәз болып отыр. Бір қызығын айтайын ба? Димаштың туған жерін, әкесі мен анасын, әжесі мен атасын, туған-туысқандарын көрген әжей, еліне барғанында рак ауруының анализі жақсы болып шығады. Бұрынғыдай ауырмайды. «Бұл қалай болғаны?» деп дәрігерлер де аң-таң. Әжей Димашқа деген ризашылығын еліне келгенде білдіреді», — дейді тележурналист.

Анита Уорд мұнымен тоқтап қалмай, Димаштың фан-клубын ашып, әрі қарай жұмысқа кірісіп кетеді. Әрдайым «Өмірімді өзгерткен Димашқа ризамын» деп айтып жүреді.

Естеріңізге сала кетсек, «Бақытты бала» байқауы финалының алдында Ақтөбеге 12 мемлекеттен Димаштың тыңдармандары ұшып келді. Олардың арасында 64 жастағы Анита Рай Уорд та болып, сүйікті әншісімен жолықты. Аталған шараға Димаш Құдайберген фестиваль ұйымдастырушысы ретінде қатысқан болатын.

Дереккөз: https://sputniknews.kz