Димаш ұстазын тосынсый жасап қуантты — видео
Желі қолданушылары әншінің қарапайымдылығына таңғалғандарын жарыса жазып жатыр
Димаш Құдайберген Ақтөбе қаласындағы ұстазын Жаңа жылымен құттықтап барып тосынсый жасады. Әншінің әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандары оның қарапайымдылығына қайран қалғандарын жарыса жазып жатыр. Ал ұстазасы өз кезегінде қуаныштан төбесі көкке жетіп отырғанын жасырмады.
Димаш желідегі парақшасы арқылы ұстазасын таныстырып, бір салада кәсіби маман болу үшін жақсы жол сілтеуші керектігін атап өтті.
«Ұстазым Марат ағай екеуімізден сәлем. Мені бағып-қағып әнші қылған ұлағатты ұстазымның дастарханынан дым қалдырмай Айсұлтан екеуіміз қопарып кеттік. Әлі күнге дейін маған ақыл айтып, мені тәрбиелеуден шаршамайтын осындай ұстаздар барлық кәсіби әнші атанғысы келетін жандарға жұғысты болсын», — деді Димаш Құдайберген.
https://www.instagram.com/p/BsOEMrJBlep/?utm_source=ig_embed
Ал ұстазы өз кезегінде қуанышты екенін жеткізіп, іздеп келген шәкіртіне ақ тілегін жаудырды.
«Тосынсый! Қандай керемет тосынсый десеңізші! Күтпеген жерден Димаш Жаңа жылмен құттықтап келді! Жоспарлары мен жаңалықтары туралы айтты. Екеуіміздің әңгімеміз таусылар емес! Ең тамаша сый болды! Қымбаттым, денің сау болсын! Сені жақсы көремін!» — дейді Димаштың ұстазы Марат Әйтімов.
Желі қолданушылары өз кезектерінде тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, ұстаздарына келіп алғыс айтып жатқан әншіге риза болғандарын жарыса жазып жатты.
«Бәрекелді, ұлы елдің ұлы. Осы бала кәлиясынан айнып кетпесе екен деген тілегіміз бар. Осындай қарапайым жүріс-тұрыс, «анда-санда жерге түсіп қою» жан-дүниенің тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Айналайын, алар асуың әлі алда ғой» деп жазды желі қолданушыларының бірі.
https://www.instagram.com/p/BsJH607D_Sh/?utm_source=ig_embed
Дереккөз: https://sputniknews.kz/