Димаш Құдайбергеннің Лондондағы концерті қалай өтті

0

Астана, BAQ.KZ. 19 қараша күні Лондонда Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концерті өтті. Шоу Қазақстанның Ұлыбританиядағы мәдени күндері аясында Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен корольдігіндегі ҚР елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

«10 жылдан бері мемлекет «Шетелде жас таланттарды қолдау» бағдарламасын қаржыландырып келеді. Осы бағдарламаның аясында талантты жастар халықаралық конкурстарға қатысуға мүмкіндік алады. 10 жылдың ішінде қаншама талантты жібердік, оның ішінде Димаш та бар. Ол «Славян базарына», Түркия мен Финляндияға, сондай-ақ Қытайдағы I’m the Singer шоуына министрліктің қолдауымен қатысты», — деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.

Әншіні қолдауға Британияның жұлдызы Талия Сторм келді. Ол журналистерге берген сұхбатында Димаштың алғашқы жеке концерті Лондонда өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Indigo at the O2 концерт залында ине шаншар жер болмады. Қазақстан, Чехия, Бельгия, Ұлыбритания, Қитай, Канада, Германия, Ресей, Финляндия, және т.б әлемнің 45 елінен жанкүйерлері келді. Лондон уақытымен сағат 17.30-да жанкүйерлер жиналып, есік алдында ұзын-сонар кезекке тұрды. Концерт басталғанға дейін көрермендер Димаштың сахнаға шығуын күтіп, оның есімін жарыса айтты.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған концерттік бағдарламада әнші әр нөмірінде жаңа декорация, жаңа костюммен шықты. Димаш Құдайбергеннің жанды дауыста ән шырқауы ешкімді бей-жәй қалдырмады. Әр адам осы кеште түрлі сезімді сезіне алды.

Кеш шымылдығы Димаштың «Қазақстан, алға» атты жаңа әнімен түрілді. Концерттің басынан аяғына дейін әнші көрерменмен диалог жүргізді, тіпті оларға қазақ тілін үйретуге тырысты. Осы арқылы ол көрермен жүрегінен орын тапты.

Концерттік бағдарламада Димаш Adajio, Дайдидау, Сағындым, M. Jackson Tribuet, The Show Must go on, «Лейла», If I Never Breathe Again және т.б. әндерді шырқады. Игорь Крутойдың «Любовь уставших лебедей» атты әні де Іndigo at the O2 сахнасында әуеледі. Кеш соңы SOS d’un terrien композициясымен аяқталды. Ол бұл әні қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, досы Денис Тенге арнады. Осы әнді шырқаған сәтте залда тыныштық орнады. Орындап біткен соң көрермендер әншіге ұзақ қол соқты.

Димаш екі сағаттан астам уақытқа созылған концертінде 29 ән шырқады. Тыңдармандар оның әр әнін жылы қабылады. Димаш шоу бойы бірнеше образ ауыстырды. Әр нөмірінде ол ән айтып қана қоймай, музыкалық сапаптарда ойнап, биледі.

«Осындай көздері жанып тұрған көрермендер алдында өнер көрсеткен кезде, сонымен бірге өзіңнің сүйікті әндеріңді орындаған кезде концерттің қалай болғанын айту қиын. Мен бірнәрсе ғана айта аламын, өте қуаныштымын», — деді Димаш Құдайберген концерттен кейін журналистерге берген сұхбатынада.

Шоу соңында Димаш көрермендерді Қазақстанға шақырды. Публика ұзақ уақыт концерт залынан шыққысы келмеді.

Еске сала кетсек, билеттер сатылымынан түскен бар қаржы Қазақстандағы жас таланттарды халықаралық байқаулар мен концерттерге қатысуы үшін қолдауға жұмсалады.

Димаш Құдайберген – қазақстандық әнші, композитор, мульти-инструменталшы, 5 октава, 4 нота, 1 жартылай тоннан тұратын кең вокалды диапазон иегері.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ