Димаш Құдайберген Жаңа жыл түні қазақстандықтарға сый жасайды

0
378

31 желтоқсан күні «Qazaqstan» арнасы «Жарнамасыз жаңа жыл» акциясын бастайды

Қазақстандық жас әнші Димаш Құдайберген 31 желтоқсан күні «Qazaqstan» ұлттық арнасында әннен шашу шашады.

Бұл жолы «Qazaqstan» телеарнасы Жаңа жылды ерекше қарсы алғалы тұр. 31 желтоқсан күні ұлттық арна «Жарнамасыз жаңа жыл» акциясын бастайды. Яғни, бір күн бойы арна эфиріндегі бағдарламалар жарнамасыз көрсетіледі.

Ұлттық арнаның көрермендерге ұсынатын басты сыйы – «20.19 Басты арнадағы Жаңа жыл» музыкалық шоу-бағдарламасы. Мерекелік шоуда қазақ эстрадасының танымал әншілері Мақпал Жүнісова, Бекболат Тілеухан, Жанар Дұғалова, Ерке Есмахан, Қайрат Түнтеков, Зируза, Ринго тобы және тағы басқа жұлдыздар өнер көрсетеді.

Ал, шоу-бағдарламаның бас қонағы әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген болмақ. Қазақстандықтар «20.19 Басты арнадағы Жаңа жыл» шоу-бағдарламасын кешкі сағат 21:50 және 00:00-де тамашалай алады.

Ұлттық арна мерекелік күндерге орай қызықты шоу-бағдарламалар мен арнайы жобалар дайындап отыр. Кішкентай көрермендер үшін әйгілі «Walt Disney» кинокомпаниясының үздік анимациялық фильмдері аударылып, дыбысталды.

Сондай-ақ,  31 желтоқсан күні сағат 14:25-те  «Алатауым – алтын ұям» республикалық ақындар айтысы басталады. Ал әзілсүйер көрермендеріне «Алтын қорда» сақталған, кезінде кеңінен танымал болған «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасын тарту етпек.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/