Димаш Құдайберген «Виктория» сыйлығының екі аталымында жеңіске жетті

0

Димаш Құдайберген сахнада жетістікке жеткені үшін ата-анасына, сондай-ақ Игорь Крутойға алғысын білдірді

НҰР-СҰЛТАН, 6 желтоқсан — Sputnik. Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген «Жыл жаңалығы» аталымында жеңіске жетті, ал «Olimpico» әні оған «Классикалық музыкада жылдың әншісі» марапатын алуға мүмкіндік берді.  

Бұл туралы 5 желтоқсанда Кремль сарайының сахнасында өткен салтанатты рәсімнің қорытындысы бойынша белгілі болды.

Димаш Құдайберген қолдау білдірген ата-анасына, тыңдармандарына, «Olimpico» әнінің музыкасын жазған атақты ресейлік композитор Игорь Крутойға алғысын білдірді.

«Өте қуаныштымын! Маған дауыс бергені үшін ресейлік әріптестеріме және ән айтуға мүмкіндік берген барша әлемдегі тыңдармандарыма рақмет айтамын», — деп атап өтті Димаш.  

Классикалық музыка орындаушыларының арасында сыйлыққа үміткерлердің қатарында танымал әншілер Ильдар Абдразаков, Аида Гарифуллина, Хибла Герцмава, Анна Нетребко және Ольга Перетятко болды.

Салтанатты рәсім барысында Димаш көрермендерді «Знай»әнімен қуантты.

«Виктория» музыкалық сыйлығы – кәсіби мамандар – музыканттар, орындаушылар, композиторлар, ақындар, продюсерлер, музыка сыншылары және журналистер өткен жылдың қорытындысы бойынша ең үздіктерді таңдайтын Ресейдегі алғашқы сыйлық.



sputniknews.kz