Димаш Құдайберген «Голос. Дети» финалына қатысты не ойлайтынын айтты
Қысқа сілтеме алу
Димаш Құдайберген өзі үшін байқаудың нағыз жеңімпазы Ержан Максим екенін айтып, оны жеңісімен құттықтады
НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Димаш Құдайберген қазақстандық әнші Ержан Максим екінші орын алған «Голос. Дети» байқауының финалына қатысты пікір білдірді.
«Бауырсақ бала! Сенің финалда көрсеткен өнеріңді тамашалап шықтым. Қазағымның бағына біткен баласың. Жеңісің құтты болсын, Ержантай! Алар асуларың көп болсын. 100 миллионнан астам халықтың арасынан 2-орын алу деген өте үлкен жетістік. Бірінші орынды қыз балаға жігіттік танытып бере салғаның да дұрыс болды. Нағыз джентльмен сондай болады! Барлық қатысқан бүлдіршіндерді құттықтаймын. Бірақ мен үшін Ержантай жеңімпаз!», — деп жазды Димаш инстаграмдағы парақшасында.
«Голос. Дети» жобасындағы жанжал
«Голос. Дети» жобасында ресейлік әнші Алсу мен танымал бизнесмен Ян Абрамовтың қызы Микелла Абрамова жеңімпаз атала салысымен, жанжал шықты.
Светлана Лобода тәлімгерлік еткен Абрамова дауыстың 56,5%-ін жинап, Валерий Меладзенің командасындағы Ержан Максим мен Пелагеяның шәкірті Валерий Кузаковты артқа тастады. Микелла Абрамова жеңіске жеткені үшін бір миллион рубль мен алғашқы әнін жаздыруға сертификат алды.
©
Sputnik / Владислав Воднев
Ержан Максим мен анасы Гүлмира Әлібек мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесуде
Бірқатар ресейлік әртіс финалдың нәтижесіне көңілі толмайтынын мәлімдеп, әлеуметтік желіде өз пікірлерін ашық білдірді. Олар нағыз жеңімпаз Ержан екенін айтып, әншіге қолдау білдірді.
Бүгін Ержан Максим елге келіп, мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесті. Кездесу барысында ол екінші орын алғанына ренжімейтінін, қайта осы жанжалдан кейін оқырмандары көбейіп, көптеген адамның қолдауына ие болғанын айтып, бәріне алғысын білдірді.
Тағы оқыңыз: «Бірінші орын алмағаным жақсы болды» Ержан Максим «Голос. Дети» жайлы пікір білдірді
sputniknews.kz