Димаш қазақтың Моцарты: Профессор Қазақстандағы эстрада феномені мен Димаш туралы талдау жасады

0
Sapare Aude Қазақ әншісі!
Димаштың Астана күні мен Бірінші Президенттің туған күні үшін атылған салюттерге деген реакциясы қызу пікірталасқа түсіп, кешелі бері күн тәртібінде тұр. Димаш, бұл жазбасында елдегі кісі өлімінің көбейіп, аурудардың саны артқан Ковид-19 кезеңіндегі ахуалды біле тұра халықтың қайғысына ортақтасудың орнына салют атып, «дәрігерлердің көңілін көтергісі келген» биліктің бұл іс-әрекетін «Ненің құрметіне бұл салют? Коронавируспен ауыруда бірінші болғанымыздың құрметіне ме? Астанада салют атып жатқан кезіңізде адамдар оттегі баллондарын таба алмай сабылуда. Дәл осылай жалғастырыңдар, келесі жылы құттықтайтын тірі жан қалмайтын болады» деп сынаған болатынды.
Тәуелсіздік алғалы бері біздегі әншілер елдегі ресми саяси биліктің –соңғы жылдары бұл саяси биліктің қолдаушысы бай-манаптардың – қол астында өмір сүріп келе жатыр. Әншілеріміз әлеуметтік тұрғыдан қиын жағдай мен сын сәттерде жоқ болып, әр түрлі сайлау кезеңінде белгілі партияның немесе тұлғаның сойылын соғып саяси дискурсқа араласуда. Роза Қуанышқызынан бастап ең тойбойларына дейін солай. Тіпті бір күнде 70-тен астам адам өлген қазіргі күндерде де тіс жарған ешбірі жоқ. Димаштың осынау үнсіздікті талқандауы, расында да үлкен бір үмітті тудырды. «Саяси емес» екенін алға тартып саясаттың нағыз ішінде жүрген әншілеріміздің келер күндерде күштінің емес әлсіздің, әділетсіз биліктің емес халықтың жанында орын ала бастайтынына деген үміт.
Неліктен әншілеріміз маңызды? Өйткені елімізде музыка өнері ішіндегі, жалпы өнер саласындағы ең танымалы әншілік. Сондықтан да әншілеріміздің білімді, мәдениетті, өрелі, игі болуы; бәрінен бұрын қоғамдық жауапкершілікке ие болуы өте маңызды.
Димаштың бұл сөздері мен реакциясын Моцарттың төңкерісіне ұқсаттым. Бәлкім әсіре сілтеп отырған болармын үміттің жетегіне кетіп… Десек те Димаш бұдан былай да осынау азаматтық позициясын жоғалтпайтын болса тұлғалық тұрғыдан Қазақтың Моцартына айналары хақ.
Моцарттың төңкерісі төмендегідей.
Моцарт, Француз төңкерісінен 33 жыл бұрын дүниеге келді. Төңкерістен 2 екі жыл өткеннен кейін қайтыс болды. Олай болса Моцарттың 18-ғасыр Ағарушылық кезеңінің нәтижесінде Европаға жайылған әлеуметтік және саяси жағдайлардан әсер алғанын айтуға болады. Француз төңкерісінің қолбасшылары Вольтер мен Руссоның еңбектерімен таныс па еді, ол жағын білмейміз; алайда 1789 жылғы Төңкеріске барар жолдың ауасын жұтқанына күмән жоқ. Ол Герман ағарушылығының басты тұлғасы Иммануил Канттың 1784-жылы жарияланған «Ағару дегеніміз не?» деген еңбегін оқып, әсер алған болатынды.
Кант, ағаруды былай сипаттайды:
«Ағару дегеніміз – адам баласының өз кінәсінің салдарынан құлаған бейкемел (кемелденбеген) жағдайынан шығуы. Бейкемел жағдай дегеніміз – адам баласының өз ақылын өзгенің жол көрсетушілігінсіз қолдана алмау жағдайы. Міне, осы бір бейкемел жағдайға адам баласы өз кінәсі арқылы түсті; мұның себебін өз ақылын өзгенің нұсқауынсыз және жәрдемінсіз қолдану батылдығы мен жүректілігін көрсете алмаған адамнан іздеу керек. Sapare Aude! Мағынасы ‘Ақылыңды қолдана аларлық батыл бол’. Міне осы сөз, Ағарушылықтың паролі.»
Бұл еңбектегі идеялар Моцарттың шығармашылығына да, тұлғалығына да әсер еткен деседі Моцарттанушылар. Музыкасына әсерін бұл жерде айтпай-ақ қояйын, тақырыптан ауытқып кетеміз. Ал тұлғалығына әсерін Моцарттың өзіне дейінгі Батыс композиторлары ішінде алғаш боп қожайынға қарсы бас көтеруінен көруге болады.
Моцарт көптеген жылдар бойы Зальцбург графы, князь-архиепископ Иероним фон Коллоредоның қарамағында еңбек етті. 1781 жылы Коллоредомен арасына сызат түсіп, арты ұрысқа ұласып, Европа мәдениеті тарихында ақсүйектің үстемдігін елемей, өз егемендігін жариялаған алғашқы музыкант болды. 18-ғасырға дейін феодал қожайындар музыканттарға «сарай қызметшісі» ретінде қарайтын. Моцарттың Зальцбург архиепископының сарайын тәрк етуі, яғни сарайдағы қызметінен бас тартуы өнер тарихындағы алғашқы Тәуелсіздік Декларациясы ретінде білінеді. Архиепископ Коллоредоның «Өзін сүйген Бишара» деп айқайлағанына Моцарт «Өзің ше, кесапат поп!» деп жауап берген екен. Осылайша Зальцбург сарайынан айырылып, Венаға қарай жол алыпты деседі.
Бұл оқиға екі мәдени әлемнің – феодал мен модерн әлемнің – бетпе-бет келу сәтіндегі жаңаша ойлайтын, өз ақылымен өмір сүруге батылдық танытқан адамның (музыканттың) феодал-аристократияға алғашқы соққысын символдайды.
Димаштың кешегі реакциясы да осынау еркіндік пен азаматтықтың символы болғай.

Молдияр Ергебеков, Сулейман Демирель Университетінің Профессоры