Димаш махаббатқа бөлеген халқына алғыс айтты

0
Мәдениет

Қысқа сілтеме алу

73 0 0

Әнші үлкен сахнада ән шырқасам деген арманына жету үшін қалай еңбектенгенін айтып берді

АСТАНА, 17 қаңтар — Sputnik. Танымал әнші Димаш Құдайберген әлеуметтік желі арқылы бала күнгі суретін бөлісіп, арманына жету үшін не істегенін айтып берді. Сондай-ақ, халқына алғыс білдіріп, махаббатын әні арқылы жеткізуге тырысып жүргенін айтты. 

Димаш Құдайберген Instagram желісіндегі жазбасы арқылы қазақ халқына алғыс айтып, музыка саласында ұзақ жылдан бері жүргенін еске алды.

«Үлкен сахнаны армандап, музыканы кәсіби түрде оқып жүргеніме 20 жыл болыпты. Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебі, қалалық оқушылар сарайы, «саз» балалар мектебі, Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжі (классикалық вокал) мамандығы, қазақ ұлттық өнер университеті (эстрада, джаз әншісі мамандығы)», — деп тізді әнші.

Әрі қарай жұлдыз бүгін де арманы орындалғанына қарамастан, магистратурада сазгер мамандығы бойынша дәріс алып жүргенін айтты. Сондай-ақ, осының барлығы өзін рахатқа бөлеп, жақсы әсер ғана сыйлайтынын жасырмады.

«Бұл салада қызмет етіп жүргенім үшін өзімді ерекше бақытты жан санаймын. Өйткені қаншама адамдардың алғысына бөленесің, махаббатын сезінесің. Өз тарапымнан менің сіздерге деген махаббатымды, алғысымды әр өнер көрсетіп жатқан сәтімде жеткізіп жатыр деп біліңіздер. Сіздерге осы уақытқа дейін мені қолдап, кішкентай өнеріме баға беріп келе жатқандарыңыз үшін алдарыңызда басымды иемін», — дейді Димаш Құдайберген.

Әнші жазбасын қазақ тілінде бөліскеніне қарамастан, әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандары оны толықтай түсінгенін жазып, өзіне де таланты үшін алғыс білдірді. Мұнымен қатар, желі қолданушылары оның бала күнгі суретіне тамсана қарағандарын жазып жатыр.

«Сен керемет әншісің. Қанатың талмай, дауысың әр әлемді шарықтасын. Тек сен шырқа!», «Алла әр уақыт қолдасын», «Алла тіл көзден сақтасын. Сәттілік, армандарың орындалсын», «Жарайсың, Димаш! Еңбегіңнің жемісін көре бер! Саған өте ризамыз! Қазақ халқының атын шығара бер! Сен мақтанышысың! Халқыңа алғыс айтқан жақсы, Құдай баталасын сені» деп жазды желі қолданушылары.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/