Димаш кімге жанкүйер болатынын айтты

0

 Беларусьтің Витебск қаласында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің қатысуымен «Жұлдызды сағат» баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлады Dimashnews.com.

Димаш Құдайберген мұнда «Витебск-2021» XXX халықаралық эстрадалық ән орындаушылар байқауының қазылар алқасының мүшесі және қонағы ретінде келді.

Димаш кімге жанкүйер болады деген сұраққа патриот ретінде Қазақстаннан келген қатысушыға қолдау көрсететінін айтты. Алайда бұл әділқазы тарапынан қандай да бір жеңілдік болады дегенді білдірмейтінін жеткізді.

«Славян базары» – бұл елдер мен менталитеттер арасындағы барлық шекара жойылатын және барлық адам музыка тілінде сөйлесетін алаң. Маған өзім байқауға қатысқаннан да әлдеқайда үлкен жауапкершілік жүктелген», — деді Димаш.

Ол байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, бірінші кезекте байқауға қатысушылар өздері таңдаған материалды қалай орындайтынына назар аударатынын айтты. Әнші техникалық тұрғыдан аса күрделі болмаса да әнді 100% орындауға кеңес берді.

Сондай-ақ, ол жарты жылдан кейін үлкен концерт өткізу жоспары туралы айтты, оның қашан және қайда өтетіні кейінірек белгілі болады.

Ал әншінің әкесі Қанат Айтпаев Беларусь еліндегі Димаштың тыңдармандарының ілтипат танытқан видеосын жариялады. Ол жерде тыңдармандар әншіні фотоға түсіріп, қолтаңба алып жатыр.

«Концерттен кейін. Сүйіспеншілік пен ыстық ықыластарыңыз үшін рахмет, DEARS! Көп рахмет, Беларусь!», — деп жазды Қанат Айтбаев.

Дінмұхаммед Құдайберген 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбеде танымал әншілер Қанат пен Светлана Айтбаевтардың отбасында дүниеге келген.

Әншінің бағын Витебскте өткен «Славян базары – 2015» халықаралық ән байқауы ашты. Ол конкурста гран-приді жеңіп алды. Осыдан кейін жас орындаушы Қытайдың «Мен әншімін» жобасына қатысып, талантымен миллиардтар елін таңғалдырған еді. Сөйтіп 2017 жылы Димаш жобада екінші орын алды.