«Димаш Америка, Қытай, Азия елдерінің композиторларымен жұмыс істеуде»: Димаштың ата-анасы сұхбат берді — Қазақстан жаңалықтары
Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп бір сәтте әлемге танылған қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің ата-анасы сұхбат берді. Қанат, Света Айтбаевтар Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен тікелей эфирге шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Димаштың ата-анасы Света мен Қанат Айтбаев Димаштың қазіргі жағдайы, жоспарлары, балалық шағы туралы әңгімеледі. Одан бөлек өздерінің өнерге қалай келгенін айтты. Қанат Айтбаевтың айтуынша, Димаш қазіргі карантин уақытында үйде демалып жатыр. Спортпен шұғылданады, одан бөлек ән айтады. Соңғы 4 жылдың концерттерден кейін бой жазып жатыр.
«Карантинде үйде оқшауланып, көппен бірге біз де жатырмыз. Әйеліммен көп әңгімелестім, жақсы адам екен», — деп Қанат Айтбаев сөзін әзілмен бастады.
«Карантинде әйелім екеуміз көптеген кітаптар оқыдық. Мен бұрын оқыған кітаптарымды қайталап оқыдым. Жаңа кітаптар оқыдым. Өзім тарихи дүниелерді жақсы көремін. Еуропа елдерінің қалыптасқаны жайлы кітаптар оқыдым. Одан бөлек Рүстем Әбдірашевтің «Алмас қылыш» сериалын көрдік. Сонын бәрін талқыладық», — деді ол.
Айтбаевтар әулеті 2019 жылдың соңында елордаға көшіп келген еді. Қазір жер үйде тұрады. Димаштың әкесі күн жылығалы бері бой жазып, далада ағаштардың түбін қопсытып уақытын өткізетінін айтты.
Ал, Света Айтбаева ас үйден шықпай, небір дәмі тілүйірер тағам жасап жатқанын жеткізді.
«Карантин әйелдерге жақсы болды. Ас үйден шықпаймыз. Нанға дейін қолдан пісіріп жатырмыз», — дейді ол.
Ата-анасының айтуынша, Димаш қазір өз командасымен бірге тікелей эфирде өтетін концертін дайындап жатыр екен. Жақын күндері тыңдарманына ұсынылады. Одан бөлек онлайн түрде шетелдік сазгерлермен жұмыс істеп жатыр. Америка, Қытай, Азия басқа да елдің композиторларымен бірлесе жұмыс істейді.
Қанат Айтбаевтың сөзіне қарағанда, Димаштың Ақтөбеде қаласында ұйымдастырылған концерті тоқтап тұр. Концерт карантин уақытының аяқталуына байланысты қайта қолға алынады.
«Димаш ата-әжесінің баласы. Біз үйленгенде студент едік. Сондықтан Димашты ата-әжесі өз бөлмесінде өсірді. Димаштан басқа баланы да, Раушан мен Мансұрды да ата-әжесі өз бөлмесіне алып өсірді. Үш бала да ата-әжесінің бөлмесінен 7 жасында бір-ақ шықты», — деп күледі әкесі.
Тікелей эфирдегі қазақ, өзге ұлтты желі қолданушылары қазақтың дәстүрін құрметтейтінін жазып жатты.
Эфир барысында Димаштың анасы Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш әнін» орындап берді.
Айта кетейік, Димаштың өзінен кейін қарындасы мен інісі бар.
Димаштың ата-анасы Раушын қызының техникалық салаға ал, Мансұрдың шығармашылыққа бейім екенін атап өтті.
Айтбаевтар әулеті карантин уақытынан тезірек шығып, қалыпты өмірге оралуға ниет білдірді. Бәріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Желідегі тыңдармандары эфирде толассыз хаттар жазып, жақсы тілегін жаудырып үлгерді.
stan.kz